Әйелдер әлімжеттік көп көреді

Еркеғали Бейсенов Еркеғали Бейсенов
5074

Былтыр елімізде 36 әйел мен 1 бала тұрмыстық зорлықтан көз жұмды.

Әйелдер әлімжеттік көп көреді

Бізде ер адамның құқын  қорғауға қатысты арнайы заң жоқ. Ал әйелдер үшін тұтас мемлекет шыр-пыр болады. Себебі әйелдер еркектерден үнемі әлімжеттік көреді.

Мәселенің ақ-қарасын ажырату үшін біз ҚР бас прокуратурасы мен ішкі істер министрлігі тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу үшін қандай шара атқарып жатқанын саралап көруді жөн санадық.

Бас прокуратураның мәлiметiнше, 2010 жылғы "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу туралы" заң қолданысқа енгеннен бері елiмiзде тұрмыстық қылмыс деңгейi 10%-ға төмендеген. 2014 жылы әйел адамның денсаулығына жеңiл зиян келтiргенi және оны соққыға жыққаны үшiн 6 мың,  2016 жылы 718 ер адам әкiмшiлiк жауапкершiлiкке тартылған.

"Бүгінде әйелдерге қатысты қылмыс  90%-ға өскен. Отбасындағы әрбiр үшiншi қылмыс – кiсi өлтiру. Өткен жылы үй iшiнде 36 әйел мен 1 бала еркектің күш көрсетуі салдарынан көз жұмды.  2 мың 481 әйел мен 851 бала зорланды. Ал қорлыққа төзбеген 742 әйел мен 175 жасөспiрiм өз-өзiне қол жұмсады", – дедi бас прокурор Жақып Асанов.

Бұған құқықтық статистиканың 2016 жылғы қорытынды ақпаратын қоссақ, 8 айда әйелдерге қатысты нақты 48 мың 176 қылмыстық құқық бұзушылық тіркелгеніне көз жеткіземіз. Оның үлесі жалпы тіркелген қылмыстың 18%-ын құрап отыр.

Жалпы, ІІМ тарапынан түскен ұсыныс негізінде 2010 жылдан бері "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу" туралы заңға 7 рет өзгерту мен толықтыру енгізілген.

"Үкіметтік емес ұйымдардың әлеуетін пайдаланбай, тұрмыстық зорлық-зомбылықпен күресу – бос әурешілік. Мәселен елімізде зорлық-зомбылықтың құрбаны болған әйелдерді әлеуметтік оңалтуға арналған 29 дағдарыс орталығы бар. Тек өткен жылы полиция қызметкерлері осы  орталықтарға 2 мың 600-ден астам әйел мен баланы жеткізді", – дейді Ішкі істер министрі Қалмұханбет Қасымов.

Оның айтуынша, 2010 жылға дейін тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу бойынша іс-қимылдың нақты алгоритмі болмаған. Бұл жағдай "Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу", "Құқық бұзушылықтың алдын алу" туралы заңдар қабылданғаннан кейін ғана түбегейлі өзгерген.

Қалмұханбет Қасымов учаскелік инспекторларға жәбір көргендердің әрқайсысымен жеке жұмыс істеу үшін жағдай жасау қажеттігін алға тартты.

"Учаскелік инспектор ішімдікке салынған бір адамды абақтыға жабу үшін кем дегенде 12-15 күн жоғалтады. Оның үстіне бүгінде елімізде 4 мың учаскелік тірек пункті жетіспейді. Бұл пункттердің басым бөлігінде жұмыс істеуге ешбір жағдай жасалмаған", – дейді министр.

Ал ІІМ әкімшілік полиция комитеті төрағасының орынбасары Қайрат Мұхитов: "1998 жылы 29 маусымда еліміз Біріккен Ұлттар Ұйымының "Әйелдерге қатысты кемсітудің барлық нысандарын жою туралы" Конвенциясына қосылды. Отбасы-тұрмыстық қатынас саласы бойынша келіп түскен өтініштердің 95%-ы әйел адамдардың зорлық көруіне қатысты болады", – дейді.

Еркеғали Бейсенов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу