banner

Әйелдер кешіре, еркектер есіре береді

15207

Осының салдарынан тұрмыстық зорлық-зомбылықтың саны азаймайды.

Әйелдер кешіре, еркектер есіре береді

Бүгінгі таңда отбасында әйелге жәбір көрсету фактісі көбейіп кетті. Ер адам мен әйел адамның түсініспеушілігі талай шаңырақтың шайқалып, отбасының ойрандалуына түрткі болып отыр. Тұрмыстық зорлық-зомбылық тақырыбы тек әйелдерге ғана қатысты десек қате пікір болады. Себебі бұл күндері сәбилер де ессіз есалаңдардың құрбанына айналуда.

Тұрмыстық зорлықтан зардап шеккен әйелдердің бір бөлігі өмір бойы күйеуін кешіріп өтсе, келесі бөлігі бірден полицияға шағымданады. Алайда екі жағдайда да мәселе бірден оң шешілді деп айту қиын.

Қалай болғанда да күйеуіңіз күн көрсетпей, итқорлықта ұстайтын болса, жылдар бойы азап пен мазаққа төзудің қажеті жоқ. Мәселені ушықтырмас үшін құқық қорғау органдарына немесе қыз-келіншектерді тұрмыстық зорлық-зомбылықтан арашалайтын орталыққа жүгіну қажет.

Таяуда біз "Қорғау Астана" жекеменшік қоры жанындағы "Көмек" уақытша тұру орталығының басшысы Ана Рыльмен сұхбаттасып қайттық. Ол бізге  күйеуінен таяқ жейтін, енесіне жақпайтын әйелдерге, педофильдердің әлімжеттігіне тап болған бейкүнә сәбилерге, "үйленемін" деп алдап, сексуалды құлдыққа душар қылатындардың құрығына түскен қыздарға қандай көмек көрсетіп жатқандарын баяндады.

–Біздің орталық 2009 жылдан бері қызмет етеді. Негізгі мақсатымыз отбасында немесе басқа жерде ер адамдардан қорлық көрген әйелдерге, адамды сату фактісіне тап болған жәбірленушілерге және ересек адамның мазағына ұшыраған балаларға көмек көрсету. Орталықта психологтар,  заңгерлер, әлеуметтік қызметкерлер, сондай-ақ тігін және шаштараз курсын оқытатын мамандар жұмыс істейді. Басына іс түскен әйелдер мен балаларға уақытша тұру орнын ұсынамыз.

– Қоғамда тұрмыстық зорлық-зомбылықтың көбейіп кетуіне не себеп болып отыр деп ойлайсыз?

Барлығы отбасынан басталады. Қаржы тапшылығы, ата-анасының ішімдікке салынуы, балаларына қамқорлық жасамауы сынды факторлар баланы өз қамын өзі жасауға мәжбүрлейді. Сөйтіп ол далабезерлікке салынады, түрлі қылмысқа барады. Отбасындағы берекесіздік баланың психикасына кері әсер етеді. Уақыт өте келе ол өмір сүргісі келмейтін  дәрежеге жетеді. Ал педофилдің құрбаны болған балаға қанша жерден қол ұшын берсек те, оның психикасын қайтадан қалпына келмейді.

Әйелдердің соққыға жығылуына келетін болсақ, ер адамдар табиғатынан өздерін мықты деп есептейді. Кейбір ер азаматтар күштілігін қоғамға араласып, жетістікке жетіп көрсетсе, ендібіреулері мықтылығын әйел-баласына қол көтеру арқылы дәлелдегісі келеді. Мұндайлардың миында әйел үйде отыру керек, мезгілсіз жатуына болмайды, ерте тұруы, тамақ әзірлеуі, кір жууы, киім үтіктеуі, үй жинауы керек деген ой ғана болады. Әйел осының барлығын күйеуінің жұдырығынсыз-ақ атқарады. Бірақ бізде барлығы керісінше. Күйеуі әйеліне қоқан-лоқы көрсеткен кезде оған енесі жақтасады. Сөйтіп бір үйдің отанасы болып отырған келіншек бордай езіліп кетеді. Оспадарсыздық көбейіп, күйеуі әйеліне қол жұмсай алмайтын жағдайға жетсе, шыдап, көніп жүре беруге болмайды. Себебі мәселе асқынған үстіне асқына түседі.

Жалпы әйелін ұратын еркектерге псиологиялық тұрғыдан көмек көрсетілуі керек. Одан жәбір көрген әйелге де өмірге қайта бейімделу үшін мамандарға жүгінуі қажет. Баратын жері болмаса, біздің орталықта арнайы орын бар. Сол жерде оларға таза киім, тамақ, медициналық көмек көрсетіледі. Жұмыспен қамтуды да қарастырамыз. Балаларын мектепте орналастырып, білім алуына жағдай жасаймыз. Осылайша тұрмыстық зорлық-зомбылықтың шеңгеліне түсіп қалғандарды қоғамға қайта бейімдейміз. Өкініштісі, әйелдер күйеулерін кешіре береді, ал күйеулері олар кешірген сайын өршелене түседі.

Әйелдерге көрсетілетін тұрмыстық зорлықтың қылмыстық іске ұласып кетіп жатқандары да бар. Өткенде бір қызды өтірік уәдемен Шымкенттен Астанаға алып келген жігіт оны сексуалды құлдыққа сатқан. Абырой болғана қыз қашып құтылып, полицияға шағымданған. Бұлай болмағанда тағы бір әйелдің өмірі өксікпен өтер еді. Осындай оқиғалар орын алған жағдайда 1409, 102 нөміріне қоңырау шалу керек. Көмек бірден көрсетіледі. 

– Осы уақытқа дейін қанша адамға қол ұшын бердіңіздер?

– Былтыр 417 адамға, 2015 жылы 414 жәбірленушіге көмек көрсеттік. Өткен жылы адам сату қылмысынан зардап шеккен 50 адамның құжатын қалпына келтіріп, 97 әйелді күйеуінің қоқан-лоқысынан арашалап алдық.

– Сіздер қаржыны қайдан аласыздар?

Қалалық Жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасы, "Азаматтық бастамаларды қолдау орталығы" коммерциялық емес акционерлік қоғамы біздің жобаларымызға грант бөледі. Біз сол грантты жақсылық жасауға жұмсаймыз.

– Адамдар сіздерге қалай хабарласады?

– Бізге сенім телефоны арқылы байланысқа шығады немесе өздері келеді. Полицияға шағымданған жандарды да есепке алып, назарда ұстап отырамыз. Біз құқық қорғау, әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау, білім беру органдарымен тығыз араласамыз. Бізге қиын жағдайға тап болған қыз-келіншектер мен балаларға қатысты мәлімет үздіксіз келіп тұрады.

Сұхбаттасқан Рахила Бекназарқызы

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу