Әйелдерді ерлермен теңестіру Олимпиада ойындарына да жетті

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3329

Халықаралық Олимпиада комитеті гендерлік тепе-теңдікті төрт жылда бір өтетін дүбірлі дода бағдарламасына енгізе бастады.

Әйелдерді ерлермен теңестіру Олимпиада ойындарына да жетті

Лозаннада Халықаралық Олимпиада комитетінің атқарушы комитеті кезектен тыс басқосуын өткізіп, 2020 жылғы Токио Олимпиадасының бағдарламасына біршама өзгеріс енгізді. Басты мақсат – төрт жылдық дүбірлі додаға қатысатын ерлер мен әйелдердің санын теңестіру (50% – 50%).

Осы ретте айта кетейік, 2012 жылғы Лондон Олимпиадасында спортшылардың жалпы санының 44,2 %-ын әйелдер құраған. 2016 жылы Риода бұл көрсеткіш 45,6 пайызға өскен. Ал алдағы Токио Олимпиадасында 48,8% болады екен... 

Жалпы, 2020 жылы Токиода өтетін олимпиада ойындарының бағдарламасына 15 медаль жиынтығы (жаңа спорттық додалар мен жарыстар) қосылған. Бірақ спортшылардың жалпы саны азаяды екен. Мысалы, 2016 жылғы Рио Олимпиадасымен салыстарғанда, келесі олимпиадаға қатысатын қыз-жігіттердің саны 285 адамға қысқарады. Бұл кейбір спорт түрлеріндегі лицензиялар (квоталар) санын азайту арқылы жүзеге асырылатын секілді. Атап айтқанда, жеңіл атлетика, су спорты түрлері, нысана көздеу, ауыр атлетика және күрес түрлеріндегі жолдамалар (лицензиялар) саны әжептәуір қысқаратын сияқты.     

Есесіне, әйелдердің саны артып отыр. Бұл ретте еркектер мен әйелдер бірге сынға түсетін, бір командада бақ сынайтын аралас додалар (жарыстар) саны ұлғайтылған. Атап айтқанда, микс жаттығулар (додалар) саны екі есе өскен (бұрын тоғыз болса, енді – 18).

Мысалы, жеңіл атлетикадан 4х400 және жүзуден 4х100 аралас эстафеталары қосылып отыр. Дзюдодан да аралас командалық белдесулер қосылатын болыпты. Сондай-ақ, садақ тартудан, үшсайыстан, үстел теннисінен қыздар мен жігіттер бір командада бақ сынайтын болады екен...

Әйелдердің санын көбейту үшін ерлер саны қысқартылатын спорт түрлері де аз емес екен. Мысалы, бокстан ерлер арасындағы салмақ дәрежелері қысқарады. Қазір 10 салмақ болса, Токиода сегіз болады. Есесіне, әйелдер үш емес, бес салмақ дәрежесінде жұдырықтасады. Сондай-ақ ауыр атлетикадан да бір салмақ дәрежесі сырғалымдарға беріледі. Ескек есуден (слалом) ерлер арасындағы каноэ-жұп жарысы әйелдер-жеке сынына ауыстырылып отыр. Нысана көздеуден ерлер арасындағы үш жаттығудың орнына командалық микс (аралас) сайыстар өткізілетін көрінеді...

Әзірше бокс пен ауыр атлетикадан ерлер арасындағы қай салмақ дәрежелерінің қысқартуға түсіп, әйелдер арасындағы қайсысы қосылатыны белгісіз. Содан соң жеңіл атлетикадағы аралас эстафета мен дзюдодан командалық аралас белдесулердің қалай өтетіндігі де әлі беймәлім. Жарыс жолында қыз бен жігіт жарысып, татамиде әйел мен еркек белдеспейтін шығар...

Олимпиада бағдарламасына қосылған спорт түрі ретінде "баскетбол 3х3" додасын айтуға болады. Сонымен қатар, академиялық ескек есу, жүзу, велотрек және басқа да спорт түрлеріне бірнеше қашықтықтағы тың жарыстар қосылып отыр. 2020 жылы 24 шілдеден 9 тамызға дейін өтетін Токио олимпиадасына дейін мұның бәрі әлі нақтыланып, толығырақ мәліметтер таратылары сөзсіз. Ендеше, әліптің артын бағайық...  

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу