Айыппұлдың тұсауы әуежайда ағытылады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
1890

Әділет министрлігі мен Қазпошта арнайы сервисті іске қоспақшы.

Айыппұлдың тұсауы әуежайда ағытылады

Қазақстанда жас босанып, дүниеге перзент әкелген анаға дереу денсаулық сақтау министрлігінің қызметкерлері хабарласып, құттықтау сөз айтып, оның жаңа туылған сәбиге қандай есім таңдағанын, әкесінің бар-жоқтығын және басқа мәліметтерін сұрай бастамақ. Бұл қызықты жаңалық үкіметтің бүгінгі отырысында жария етілді.

Бақытжан Сағынтаевтың төрағалығымен өткен үкіметінің кезекті отырысында министр мырзалар "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының мәселелерін қарады. Бұл ұйымның қызметіне ел басшылығының да, халықтың да көңілі толмағаны мәлім. Себебі уақытша тіркеу енгізілгенде халыққа қызмет көрсету орталықтарының (ХҚКО) бірінде сең соққан балықтай, сенделген халықтың қалың нөпірінің сапырылысында адам өлді. Ал бұл орталықтардың қызметіне "Азаматтарға арналған үкімет" деген ұранға бергісіз аты бар мемкорпорация жауап береді. Содан ақырында бұл мекеменің басшылығы өз еріктерімен жұмыстарынан кетуге мәжбүр болды.

Жаңа басшылық болса, халыққа қызмет етуде белсенді екендерін паш етуге тырысуда. Бүгінгі үкімет жиынында "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов кең ауқымды реформасымен үкіметке шықты.

Оның сендіруінше, тек осылай ғана 23 млн анықтамадан тұратын алапат "қағаз-тауды" жойып, оны электронды форматқа көшіруге болады екен. Нәтижесінде халық сұратқан құжаттардың берілу мерзімі жеделдеп, ХҚКО-лар мен мемлекеттік органдардағы кезектер жойылады деседі. 

"Мемлекеттік қызметтердің дамуының келесі кезеңі – "проактивті (ілгері белсенді) қағидат" болады" дейді мемкорпорация басшысы. Нәтижесінде қазақ жерінде өмірге келген әрбір бөбек дүние есігін аша сала, осы қағидат аясына тартылмақ.

Абылайхан Оспановтың мәлімдеуінше, бұл қағидат бойынша "азаматтарға ХҚКО-ға, әкімдіктерге, АХАТ (Азаматтық хал актілерін тіркеу, бұрынғы ЗАГС) бөлімдеріне, "Зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығына" жүгірудің қажеті болмай қалатын көрінеді. Қазақстан тұрғындары меморгандарға көпшілік құжаттарды интернет не смартфон арқылы сұратып, солар арқылы ала алады.

"Қазіргі уақытта бұл үшін қажетті барлық дерек базалары, ақпараттық жүйелер тегіс дайын!" деп баяндады мемкорпорация жетекшісі.

Ол ол ма, қағидат аясында мемлекет азаматтың алдын орай, "ілгері белсенділік" танытып, оның сұратуы мүмкін құжаттарын өзі даярлап беріп те отырмақ.

"Біздің ойымызша, мемлекеттік қызметтерді пайдалану үшін азамат жүгінбеуі керек, керісінше, мемлекет осындай қызмет көрсетуге өзі бастамашы болуға тиіс", –  деді Абылайхан Оспанов.

Оның сөзінше, "проактивті қағидатқа" көшу үшін оңтайландыру аясында бірқатар шаралар қолға алынады.

"Жақсы бір мысал – дүниеге келген баланы тіркеуге алуға қатысты. Күні бүгінге дейін бала туған ата-ана мемлекеттік қызметтер алу үшін не мемкорпорацияға (ХҚКО-ға), не меморгандарға бірнеше рет – ең кемі үш рет жүгінуге мәжбүр болды. Тарата айтсақ, олар туылған баланы тіркеу, тиісті жәрдемақыны тағайындау және сәбиді ерте бастан балабақшаға тіркеуге қою үшін жүгінеді, – деді ол.

Бұл ретте мемлекеттік корпорация былтырғы жылы пилоттық жобаны іске қосыпты. Оның барысында "Азаматтарға арналған үкімет" қызметкерлері бүкіл Қазақстандағы 260 перзентханаларға барып, осы үш мемқызметті соларда "бір терезеден" беруді жүзеге асырыпты. Нәтижесінде өткен жылы ілкі жоба басталғалы, перзентханаларда шамамен 260 мың өтініш қабылданған.

Дегенмен, ойласа келе, мемкорпорация бұдан бас тартуға ұйғарған. Оның орнына жаңа амал ойлап табылған.

"Біз бұл салада ары қарай оңтайландыру жүргізілуі қажет деп санаймыз. Осы орайда мүлдем жаңа тәсіл ұсынамыз. Келесі жылы бала туу туралы ақпарат бірден Денсаулық сақтау министрлігінің ақпараттық жүйесіне келіп түсетін болады. Демек министрлік  мемлекеттік қызметтерді ұсынудың тікелей бастамашысына айналуға тиіс. Яғни ведомство бала туылған отбасыны құттықтап, бірден мәліметтер сұратуы, ата-анасы балаға қандай ат қойғысы келетінін, фамилиясы қандай болатынын, әкесінің кім екендігін білуі керек. Бұл ақпарат артынша бірден АХАТ-қа түседі, жаңа туылған балаға ЖСН (ИИН) тағайындауға бастамашылық жасалады. Ары қарай бұл ақпарат бірден Еңбек және әлеуметтік қорғау министрлігіне көшеді және ол бала анасынан жәрдемақы алуға келісімін ала отырып, оның банктегі есеп-шотына тиісті жәрдемақы түрлерін аудара бастайды. Одан кейін бұл ақпараттар тікелей электронды әкімдікке бағытталады да, онда бала автоматты түрде балабақша кезегіне қойылады, – деп түсіндірді Абылайхан Оспанов.

"Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясы басшысының тағы бір ұсынысы бар екен. Ол АХАТ қызметкерлерін де өздерінің "халыққа қызмет көрсету орталықтарының" қарауына алғысы келеді.

"Барлық жергілікті атқарушы органдармен бірге, тағы бір мәселе пысықталды. Шілде айынан бастап, "ЗАГС" қызметкерлерін мемлекеттік корпорацияның, яғни ХҚКО-лардың ғимараттарында орналастыру жоспарлануда. Бұл құжаттарды екі сағат ішінде әзірлеуге мүмкіндік береді. Бұрындары бұл рәсім 2 және одан көп күнді алатын", – дейді ол.

Бұл жаңалықтың егжей-тегжейін отырыста үкімет басшысының өзі айтып берді.

"Бұл мәселе азаматтардың төлқұжаттарын беруге қатысты болып отыр. Елімізде 4 қалада Қазақстан Республикасының паспорттарын басатын тиісті кәсіпорындар орналасқан. Бұлар – Астана, Алматы, Ақтөбе және Шымкент. Бірақ өкінішке қарай, бұл қалалардың өзінде жаңа паспорт алу үшін азаматқа 3 күн күтуге тура келеді. Әрине ақылы қызмет бойынша бір күн ішінде жеделдетілген түрде әзірлеп береді. Яғни сонша тез әзірлеуге мүмкіндік бар деген сөз. Сондықтан біз шешім қабылдадық: енді аталған кәсіпорындар орын тепкен төрт қалада бұдан былай төлқұжаттар 1 күн ішінде, ал осы қалаларға бекітілген өзге қалаларда 1 апта ішінде даярланатын болады. Әзірге бұл қалаларда 3 апта талап етіледі, – деді Бақытжан Сағынтаев.

Айтқандай, мемкорпорацияның жаңа басшылығының ұсыныстарын премьер де, барлық министрлер де құптады. Себебі бұл азаматтарға мемлекеттік қызметтер алу үдерісін жеңілдетуге мүмкіндік береді.

Бақытжан Сағынтаев халықтан электронды растау анықтамаларын ұсыну талаптарын шектеу үшін екінші деңгейлі банктердің және мемлекеттік органдардың ақпараттық жүйелерінің өзара байланысын ұйымдастыру шараларын қабылдауды тапсырды.

Бұдан өзге ішкі істер министрлігіне мемлекеттік корпорациямен бірлесіп жеке куәлік құжаттарын Алматы, Астана, Ақтөбе және Шымкент қалаларында бір күннің ішінде және қалған өңірлерде жеті күннің ішінде беруді қамтамасыз ету тапсырылды. 

Сондай-ақ премьер "азаматтарды мемлекеттік корпорация арқылы немесе электронды жолмен тіркелуі мен әлеуметтік мәртебесін растауды қажет ететін, 1 шілдеден бастап міндетті әлеуметтік медициналық сақтандырудың енгізілетініне" Үкімет мүшелерінің назарын аударды. Бақытжан Сағынтаев қыста азаматтарды уақытша тіркеу кезінде орын алған жағдайдың қайталануына бұл жолы жол бермеуді және халықты дүрліктірмеуді тапсырды.

Осыған орай жауапты министрліктерге мемлекеттік корпорациямен бірлесіп азаматтардың аталған қызметті алу үдерісін жеңілдету шараларын қабылдау жүктелді.

Мемкорпорация ақпарат және коммуникациялар министрлігіне қарайды. Бұл ведомство басшысы Дәурен Абаевтың мәліметінше, "Азаматтарға арналған үкіметтің" еліміз бойынша 350-ге жуық кеңсесі бар. Жыл сайын 200 мыңнан астам қызметкер "бір терезе" қағидаты бойынша 40 млн-нан астам қызмет көрсетеді.

"Мемлекеттік корпорация клиенттерге бағдарлануды арттыруға бағытталған жаңа тәсілдер мен құралдарды жиі енгізеді. Мысалы, жыл басынан бері құжаттың әзір болғаны туралы хабардар ететін sms-хабарлама, telegram-бот, дайын құжаттарды үйге дейін жеткізу, электронды үкімет порталынан ЭЦҚ қолданбай анықтама алу, Астана және Алматы қалаларындағы ХҚКО-да тегін wi-fi-мен қамту тәрізді сервистер іске қосылды. Алыс елді мекендердің тұрғындарына қызмет көрсету үшін 70 мобильді ХҚКО жұмыс істейді, олар жылына 13 мыңнан астам рет шалғайға шығады. Желісі Қазақстандағы елді мекендердің басым бөлігінде жұмыс істейтін "Қазпоштамен" бірлесіп ұлттық пошта операторының кеңселерінде мемлекеттік қызметті ұсыну бойынша жоба жүзеге асырылып жатыр", – деді министр Дәурен Абаев.

Оның дерегінше, 12 мамырда ведомствоаралық комиссия отырысында мемлекеттік қызметтердің 37 түрін, соның ішінде 27 "қағаз" түрінде қызмет көрсетуді мемлекеттік корпорация арқылы ұсынылатын 548 қызмет түріне қосу туралы шешім қабылданды. Стандарттарға өзгерістер енгізілгеннен кейін, тағы 48 қызмет түрі баламасыз негізде тек мемкорпорация арқылы ұсынылатын болады, бұл азаматтардың қызмет көрсетушілермен байланыс орнатуын шектеуге бағытталған.

Сонымен қатар, азаматтардан талап етілетін құжаттар санын қысқарту жұмыстары жалғастырылып жатыр. Жүргізілген талдау нәтижесі көрсеткендей, 2016 жылы тек 5 мемлекеттік қызмет түрі бойынша (мекен-жай анықтамасы, жылжымайтын мүлiктiң болмауы туралы, тіркелген құқықтар туралы, зейнетақы аударымдары туралы және сотталмағаны туралы анықтама) 18 миллионға жуық электронды анықтама алынған. Оларды қағаз түрінде талап етуді шектеу қазақстандықтардың материалдық шығындарын айтарлықтай қысқартып, оған уақыт жұмсамауға және ХҚКО-ларда халықтың көптеп жиналуын төмендетуге ықпал етеді.

Сондай-ақ жеке ұйымдар мен үшінші тұлғалар үшін дербес деректерді электронды үкіметтің веб-порталы арқылы алу тетігі іске қосылатын болады.

Бұдан өзге, электронды үкіметтің веб-порталында 1 шілдеден бастап ЭЦҚ-сыз алуға болатын 20 мемлекеттік қызмет түрі қолжетімді болады. Алдағы уақытта бір реттік құпия сөз немесе логин негізінде ұсынылатын қызметтер түрі ұлғайтылады.

"Проактивті" форматтың егжей-тегжейіне де тоқтала кеткен жөн. Ол бойынша мысалға, электронды жүйе төленбеген айыппұлдарды өтеу қажеттілігі немесе тұрғылықты жері бойынша тіркеуді ұзарту қажеттілігі туралы автоматты түрде хабарландырады. Ондай смс-хабарландыруларды алу үшін "Мобильді үкіметте" тіркелу қажет.

Сондай-ақ тұрақты түрде мемлекеттік қызметтерді алу арналарын кеңейту бойынша жұмыс жүргізілуде. Қазіргі уақытта Бірыңғай контакт-орталық, Мемлекеттік корпорация бөлімшелері, eGov, мобильді қосымша және SMS-хабарлама арқылы мемлекеттік қызмет көрсетуге тапсырыс бере алады. Өз кезегінде, дайын нәтижені курьер, тәуліктік постаматтар және SMS-хабарламалар, немесе электронды пошта арқылы алуға болады.

Бұдан бөлек, нақты балабақшаны таңдау мүмкіндігімен балабақшаларға кезекті белгілеуді автоматтандыру жоспарланған және жер телімдерін бірыңғай, ашық электронды алаңда сатуды ұйымдастыру мүмкіндігі қарастырылуда, бұл жер телімдерін сатып алу мен бөлу рәсімінің ашықтығын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.

Үкімет отырысында бір жағымды жаңалық мәлім болды: бұдан былай қазақстандықтар қарызы үшін шетелге ұшуына қойылған тыйымды әуежайда тұрып жоя алады. Бұл мүмкіндік биылғы маусым айынан бастап, пайда болады.

Кейде азаматтар шетелге ұшу не шекараны кесіп өту кезінде, кедендік бақылаудағы тексеріс барысында өздерінің шетелге шығуына тыйым салынғанын біліп жатады. Салдарынан шығын шегеді, мәселен, ұшақ билетін сатып алуға кеткен қаржысын ешкім қайтармайды. Сондықтан қазіргі кезде әділет министрлігі мен "Қазпошта" арнайы сервисті іске қосу мәселесін пысықтап жатыр. Ол іске қосылысымен, қазақстандықтар тыйым салуға негіз болған айыппұлды не қарызды онлайн режимде төлейді де, сол мезетте ұшуға қойылған тыйым автоматты түрде алып тасталынатын болады. Бұл сервисті "Қазпошта" алдағы аптада қолданысқа беруді жоспарлап отырған көрінеді.  

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу