Ақтөбеде ашылған екінші Үй құрылыс комбинаты Президентке таныстырылды

Дина Ермаганбетова Дина Ермаганбетова
20485

Жобаның құны 2,6 млрд теңге. Ол мемлекеттік-жеке әріптестік есебінен іске асты.

Ақтөбеде ашылған екінші Үй құрылыс комбинаты Президентке таныстырылды Фото: avestnik.kz

Бұл жобада "Ақтөбе-Сәулет" құрылысы компаниясының (58%) және "Ақтөбе" әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының (42%) үлесі бар. "Үй құрылыс комбинаты" ЖШС-і жылына 50 мың шаршы метр тұрғын үй салуға қауқарлы.

ҮҚК 6 желтоқсан күні Индустрияландыру күні аясында өткен республикалық телекөпір барысында елбасыға таныстырылған жобалар тізіміне кірді. Алайда, кәсіпорын 2016 жылдың тамызында ресми пайдалануға берілген. Сол кезде Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, тіпті, ҮҚК өнімімен салынатын "Нұр Ақтөбе" ауданындағы тоғыз қабатты 88 пәтерлі үй құрылысының алғашқы кірпішін қалаған болатын. Бұл құрылыстың мемлекеттік мердігері құрылтайшылардың бірі – "Ақтөбе-Сәулет" ЖШС – ҮҚК. Олар нысанды 2017 жылдың екінші жартыжылдығында пайдалануға беруге міндеттеме алып отыр.

"Үй құрылыс комбинаты" ЖШС ҮҚК екі жарым жылдың ішінде салынды деп жазады "Ақтөбе" ӘКК сайты. Жобаға салынған 2,6 млрд теңге инвестицияның 1,4 млрд теңгесі несиеге алынған ақша. Мемлекет "Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы арқылы пайыздық мөлшерлемені субсидиялаған. Несие алудың басқа талаптары туралы ашып ештеңе айтылмады.

"Ақтөбе" ӘКК арқылы салынған бюджеттік инвестиция 528 млн теңгеден асады. Комбинатқа жетіспейтін инфрақұрылымдарды алуға көмек көрсетіліп, электрмен жабдықтау желісі құрылысына, газ және су тартуға 131,5 млн теңге бөлінген.

ҮҚК ірі панельді құрылыс технологиясымен жұмыс істейді және еден плиталарын, қабырға панельдерін, баспалдақтар шығарады.

"Үй құрылыс комбинаты" құрылтайшыларының айтуынша, алғашқы кезеңде комбинаттың өнімі коммерциялық тұрғын үй құрылысы үшін одан кейін мемлекеттік бағдарлама аясында жеткізіледі. "Тұрғын үй құрылыс жинақтау банкі" АҚ және "Бәйтерек" мемлекеттік холдингі іске асырып жатқан бағыттар аясында ынтымақтастық жасау қарастырылып жатыр. Комбинат өнімдері келешекте әлеуметтік-мәдени маңызы бар нысандар құрылысына қолданылатын болды. 

Бұл – Ақтөбеде ашылған екінші ҮҚК. Біріншісі, панельді өнімдермен қатар темір бетонды құрылмалар (ТБҚ) шығаратын "Стройдеталь" ЖШС-і. Орталық атқарушы органдар сүйенетін ресми мәліметтерге жүгінсек, 2015 жылы бұл зауыт жартылай жұмыс істеп, 28,6 мың тонна ТБҚ шығарған.

Сонымен бірге, ресми статистикалық мәліметтерге сүйенсек, 2016 жылдың қаңтар-қазан айларында Ақтөбе облысында 460,2 мың шаршы метр, 2015 жылмен салыстырғанда үш есе көп, тұрғын үй пайдалануға берілген. Оның 237,7 мың шаршы метрін (бұл 2015 жылмен салыстырғанда тура 70%-ға көп) халық салған. 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу