Ақтөбеде ұрланған мұнайдың литрі алты теңгеден сатылған

2586

Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында куәгерлердің кезекті тобынан жауап алынды. 

Ақтөбеде ұрланған мұнайдың литрі алты теңгеден сатылған

Қағанай кен орнындағы ұңғымадан мұнай ұрлаған "Сағыз Петролеум Компания" ЖШС-ның бұрынғы операторларынан 21 ақпан күні жауап алынды.

Екі куәгер – Төлеген Нұрғалиев пен Асқар Бағманов, осы іс бойынша ҚР ҚК 188-бабымен (ұрлық) өткен жылдың тамыз және қыркүйек айында шартты мерзімге сотталған. Бұл жолы олар осы аты шулы іске қатысты жаңа мәліметтерді айтып отыр.  

Еске салар болсақ, өңірде мұнай өнімдерінің заңсыз айналымына қатысты айыпталып жатқан Еркін Ізбасаровпен бірге 26 адам сот алдында жауапқа тартылуда. Олардың барлығы "Төрт ағайынды" ұйымдасқан қылмыстық топ мүшелері. 2016 жылдың 7 желтоқсанында ҰҚК-ның ІІМ және сыбайлас жемқорлыққа қарсы қызметімен Ақтөбе мен еліміздің бірқатар өңірінде жүргізілген арнайы операция кезінде мұнай және мұнай өнімдерін ұрлау және заңсыз сатуға, сондай-ақ ұйымдасқан қылмыстық топ құруға қатысы бар деген күдіктілер ұсталған болатын.

Мұнайды ұрлау жоспары төмендегідей болған. Куәгерлер, "Сағыз Петролеум Компания" ЖШС-ның бұрынғы операторларының айтуынша, олар әр күн сайын заңсыз жолмен шығаруға 40 мың литр шикізат дайындауға тиіс болған. Оларға шығарған шикізаттың әр литріне алты теңгеден төленген. Яғни мұнайды шығарған сайын операторлардың қалтасына 120 мыңға жуық ақша түсіп отырған. Оның 20 мыңы күзет бастығына беріледі де, қалғанын олар өзара бөлісетін болған. Осылайша олардың әрқайсысы орташа есеппен алғанда ұрланған мұнай тиелген 12-15  көлікті өткізіп отырған. Сөйтіп бір жылда алатын айлықтарын жарты жылда заңсыз алған.

Бірақ та екі куәгерер де бұл іске қылмыстық әлемде беделі бар адамдардан қорыққаннан барғанын айтып ақталуда.

"Бізге күн сайын келіп қорқытып-үркітті. Кен орны айдалада орналасқан. Жақын маңда қолұшын созар адам жоқ. Еркін Ізбасаровтың қылмыстық әлемде беделі бар адам екенін жақсы білдік, сондықтан қорықтық. Бірде ол мылтық ұстап келіп, аңға шыққанын айтты. "Орындамасаңдар, жағдайларың қиын болады" деп ескертті", – деген куәгер Асқар Бағманов болған жайтты түсіндіріп берді.

Тергеу барысында Асқар Бағманов кен орнына өз ауысымынан басқа күні келіп,  ұрланған мұнай толы көлік цистернасын шығаруға көмектескені белгілі болды.

Тергеу материалында көмірсутектің ұрланғаныны жасыру үшін вахтаға түсушілер басшылыққа ұңғымаларда су көп болды деп есеп беріп отырған. Сөйтіп есепте көрсетілмей қалған мұнайды басқа жаққа жіберіп отырған. Сонымен қатар дренажда жиналып қалған "қара алтын" да осылайша сыртқа кетіп отырған. Қылмыстық істің барлығы түнгі уақытта іске асқан.

Осыдан екі апта бұрын (2018 жылдың ақпанының басында) Ақтөбе облысының қылмыстық істер бойынша мамандандырылған ауданаралық сотында осы іске қатысты "Сағыз Петролеум Компания" ЖШС-ның өңдеумен айналысып жатқан Ащыкөл кен орнында ұрланған мұнай бойынша тыңдалым өткен еді.

Сот процесі басталғаннан бастап-ақ айыпталушы Саясат Дусупов қылмыстық жолмен өндірілген мұнайды сатты деп тергеу барысында тағылған айыппен келісіп, өзінің кінәсін толығымен мойындады.

"Мұнайдың қайдан келіп жатқанын, оның ұрланғанын жақсы білдім. Мұнайды Бағлан Үмбетов жеткізіп тұрды, ал мен сатып алушы болдым. Ол телефон шалып, мұнай түріндегі тауар бар екенін айтты. Содан соң пеш отынына арналған құжаттар бойынша мұнайды "Ақ барыс" және "Иволга Холдинг" ЖШС-ына саттым. 41-разъезде мұнайды "Бозекеев" ЖК-ға литрін 28-30 теңгеден саттық , – деп түсіндірді ол.

Сондай-ақ Бағлан Үмбетов те кінәсін мойындады. Ол 2014-2016 жылдар аралығында Кеңқияқ және Ащыкөл кен орнында өндірілген ұрланған мұнайды Саясат Дусуповқа сатқанын айтты.

Қылмыстық істің тыңдалымы әлі жалғасып жатыр.

Гүлназ Ермағанбетова, Семен Данилов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу