Ақышевтің тәуекелі өз жемісін бере бастады

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
1948

Доллардың айырбас бағамы 370-ке жеткенде де бастапқы стратегиясынан бас тартпай, теңгені бір жылдың ішінде қайта нығайтты.

Ақышевтің тәуекелі өз жемісін бере бастады

Дүйсенбіден бастап тұрақты төмендеген мұнай бағасы аптаны 312-доллармен тұйықтап, 2015 жылдың 13 желтоқсанынан бергі рекордтық көрсеткішке көтеріліп отыр.

Жалпы жыл басынан бергі 1,5 айдан астам уақытта ұлттық валютаның күйі жаман болған жоқ. Мұнайдың қымбаттауымен бір нығайған теңгені, жыл басында Трамптың "протекционистік" саясаты екі көтерді. Шетелмен сауданы азайтамын деген Ақ үй басшысы өзінің осы сөзі арқылы доллардың құнын қалайша түсіріп алғанын өзі байқамай қалса керек. Артынша елдегі ірі технологиялық кәсіпорындар мен энергетикалық компаниялармен кездесіп, бизнеске салықты азайтамын дегеннен кейін АҚШ долларының өзге валюталарға шаққандағы бағамы қайта қалпына келе бастады. Ал наурыз айына жоспарланып отырған Федералды резерв жүйесінің отырысында доллардың базалық мөлшерлемесі көтерілуі мүмкін деген қауесет АҚШ валютасының құнын көтере түсті.

Қайрат Келімбетовтің кезінде тікелей Ұлттық валютаның жасырын саясаты мен биліктің қалауынша бекітілген теңге бағамы бас банктің интервенциясының тиімсіз тәжірибе екенін дәлелдеді. Артынша Ұлттық банкке басшы болып келген Данияр Ақышев негізгі тапсырма – теңгені еркін айналымда ұстап, бір жыл ішінде елдегі қаржы-валюта саясатына екпін берді. Теңгенің долларға шаққандағы бағамы 370-ке дейін жеткенде де бастапқы стратегиясынан бас тартпаған Ұлттық банк бір жылдың ішінде теңге бағамын көтере алды.

Нәтижесінде жыл басын нығаюмен бастаған теңге күні кеше ғана 14 айлық максимумға дейін нығайып отыр. Әрине, бірінші кезекте, теңгенің көтерілуіне мұнайдың қымбаттауы себеп. Дегенмен, бүгінде теңгенің бағамы шикізат нарығын­дағы бір-екі күндік толқуға төтеп бере алатын деңгейге жетті. Осы жұмысты оң бағалаған президент те енді бас банктің құзыретін кеңейтіп, қаржы институтына енді ұлттық эко­номиканың да бір шетін ұстатпақ.

Екі апта қатарынан нығайған ұлттық валюта сыртқы факторларға аз да болса төтеп бере алардай деңгейге жетті. Мұнай бағасының өткен апта 54 долларға түскен кезінде "мыңқ" етпеген теңге, доллардың қатарынан өсіп келе жатқан кезінде де сыр бере қоймады. Дегенмен, сарапшылар теңгенің бұл жолғы мықтылығын былтырғы жағдайлармен де байланыстырады. Ұлттық банктің бағамды белгілеу кезінде артығымен есептеп бекіткен бағасы қазір артылып, теңгенің бәсін көтеріп тұр, деген пікір де жоқ емес. Ал бас банкирдің өзі бұл туралы өткен апта журналистерге берген сұхбатында былай деп еді:

"2016 жылдың соңында мұнай бағасының қалыпқа келуі мен осының нәтижесінде Ресей рублінің күшеюі теңгеге оң ықпал етіп отыр. Дегенмен, алдағы уақытта көршіміздің валютасы әлсірейтін болса, бұл теңгеге тікелей әсер етпейді. Өйткені екі валюта екі елдің экономикасының өкілі", – деген еді бас банкир.

Сонымен қатар, ол теңгенің ендігі бағамын белгілеуге ешкімнің де араласпайтынын, тек қана объективті себептердің нәтижесімен анықталатынын айтты.

2017-2019 жылдарға арналған республикалық бюджетте мұнай бағасының 50 доллармен, ал доллардың теңгеге шаққандағы бағамы 330-бен бекітілгені анық. Егер шикізат нарығы қазіргі беталысынан танбайтын болса, қара алтын 60 долларға жетіп жығылуы тиіс. Ол кезде теңгенің бағамы 300-ді маңайлауы мүмкін. Шикізат нарығы демекші, апта басында ОПЕК бас хатшысы Мұхаммед Баркиндо 2016 жылдың соңында ұйым елдері мен оған кірмейтін өзге де экспорттаушы мемлекеттердің өндірісін азайту туралы келісімінде көрсетілген көлемнің қазіргі таңда 90 пайызға орындалғаны, бірнеше аптада бұл тағы да көбейе түсетінін айтқан еді.

Егер осы шаралар нарықтағы сұраныс пен ұсыныстың тепе-теңдігін орната алса, Қазақстан секілді шикізатқа тәуелді елдердің ұлттық валютасын жақсы жаңалық күтіп тұр.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу