Алакөлге ұшақ қатынайды

Қажет Андас Қажет Андас
5864

Өткен жылы Алакөл жағалауына 452,5 мың адам демалып, 1 млрд 562,4 млн теңгенің қызметі көрсетіліпті. Ал биыл олардың санын 700 мыңнан асыру жоспарланып отыр.  

Алакөлге ұшақ қатынайды

2014 жылдан бастап Алматы облысында туризмді дамытудың мастер-жоспары жүзеге асырылып келеді. Онда Балқаш, Алакөл көлдерінің жағалауларында инфрақұрылымды дамыту көзделген. Осы құжаттың шеңберінде өңірге инвесторларды тарту және оларға қолайлы жағдай жасауға мүмкіндіктер туды.

"Алматы облысының туристік бағыттағы бүгінгі әлеуеті инвесторлардың назарын көптеп аудара бастады. Былтыр облыста жеке инвестициялардың есебінен 3,6 млрд теңгенің 43 туризм нысаны қолданысқа берілді. Олардың 30-ы сол Алакөл көлінің жағалауында салынып, бүгінгі таңда 1 қонақүй, 4 демалыс аймағы, 18 қонақжай үйі қызмет көрсетуде. Оларда жаңадан 263 жұмыс орны ашылды. Ал инвестициялар көлемі 1136,0 млн теңгені құрады", – дейді облыстық туризм басқармасы басшысының міндетін атқарушы Арқау Шантаев.  

Аудандық кәсіпкерлік басқармасынан алынған ақпаратқа сүйенсек, бүгінде Алакөл ауданы аумағында 112 демалыс үйі, демалыс аймағы, пансионат, қонақүй және туристік кешен орналасқан. Атап айтқанда  500 орындық СДО "Пеликан", 350 орындық  "Ала теңіз", "Аласу" және 200 орындық "Қара Тас", 150 орынды "Көктұма" пансионаты,  тағы да басқа жекеменшік үйлердің жанынан ашылған қонақүйлер бір уақытта 4500 адамға қызмет көрсете алады.

Көл бойындағы қызмет көрсету сапасын жоғарылату үшін Алакөл жағалауына қажетті инфрақұрылымды тарту жұмыстары қарқын алып отыр.

"Бизнестің жол картасы – 2020" бағдарламасы шеңберінде Ақши ауылында орналасқан демалыс аймақтарына жаңадан электр беру желілерін тарту үшін бюджеттен 610,9 млн теңге бөлініп, 93,8 шақырым электр беру желілері салынды. Жергілікті бюджеттің есебінен 21 млн теңгеге Ақши аулынынан демалыс орындарына дейінгі автожол құрылысының жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленіп, құрылысы басталды. Алакөл көлінің жағалауында демалушылар санының жыл сайын өсіп келе жатқанын ескере келе, жазғы туристік маусым барысында облыс әкімдігі "Жетіген-Достық-Жетіген" жаңа теміржол қатынасын субсидияламақшы", – дейді Алакөл ауданының әкімі Әлібек Жақанбаев.

Осындай еңбектің нәтижесінде Алакөлге тартылған 900,0 млн теңге инвестицияға салынған "AQUAMARINE resort" заманауи қонақүй кешені жұмыс істеп тұр. Ол  "ЭКО-1" бағдарламасы бойынша салынған бірегей жалғыз қонақүй кешені. Жылына 30 мың туристі қабылдауға қауқарлы. Үшарал қаласында жаңа әуежайдың құрылысы аяқталуға жақын.   

Аудан басшысы әуежай құрылыс жұмыстарының 2015 жылы басталғанын, аталмыш жобаны жүзеге асыру үшін бюджеттен 889,9 млн теңге бөлінген болса, оның 21,0 млн теңгесі – 2015 жылы, ал 348,7 млн теңгесі былтыр игерілгендігіне тоқталды. Ағымдағы жылы қалған 527,2 млн теңге қаржыны игеру көзделіп отыр. Əзірге аталған бағыттар бойынша билеттің нақты құны белгіленбеген. Бірақ халыққа қолайлы бағаны бекіту мақсатында  республикалық бюджеттен субсидия бөлінген. 80 млн теңге осы билеттің құнын халыққа қолайлы ету мақсатында бөлініп отыр. Жалпы 20-25 мың теңге төңірегінде болады деген болжам бар.

"Әуежайдың құрылысы осы жылдың мамыр айында толықтай аяқталады деп отырмыз. Сонымен қатар, ҚР инвестициялар және даму министрлігі азаматтық авиация комитетіне берген "Астана – Үшарал – Астана", "Алматы – Үшарал - Алматы" бағытында облысаралық жаңа әуе рейстер ашу және оны республикалық бюджеттен субсидиялау мәселесін қарау туралы өтінішіміз мақұлданды. Сондай-ақ, "Жетысу" авиакомпаниясы" АҚ-мен бірігіп "Талдықорған – Үшарал – Талдықорған" ішкі әуе рейсін ашу көзделуде. Биыл осы ішкі әуе рейсті субсидиялау мақсатында облыстық бюджеттен 15,2 млн теңге бөлінді", – деді Әлібек Асқарбекұлы.

Сонымен қатар, жаңа әуежайда ұшу-қону жолағы қайта жаңғыртылып, әуе қозғалыстарын ұйымдастыруға ең қажетті деген радиотехникалық және метеорологиялық құрал-жаблдықтар жаңартылған. Көпсалалы демалыс орындарымен қатар өзге де туристік мақсаттағы нысандар құрылысы да ойдағыдай жүзеге асуда. 2015 жылы Алматы – Жетіген – Достық бағытында туристік пойызын жүргізу жоспары бекітіліп, облыстық бюджеттен 63,0 млн тенге субсидия бөлінді. Сол жылдың өзінде туристік пойыз аталған бағытта аптасына 6 вагонмен 3 рет қатынап, 5 мыңнан астам туристі көл бойына жеткізді.

Шеберлік жоспарының аясында Ақши ауылындағы теміржол бекетінің құрылысы басталмақ, жобаның құны - 186 млн теңге. Қазіргі таңда аталмыш ауылда күніне 25 адам қабылдайтын жаңа дәрігерлік амбулатория мен дәріхана жұмыс істеп тұр. 2010 жылдан бері Ақши ауылында "AQUAMARINE resort", "Қара тас", "Пеликан" және "Алтын Ебі" демалыс орындары ашылып, туристерге сапалы қызмет көрсетіп келеді.

Көптен бері көл жағалауындағы заманауи байланыс жүйесін жетілдіру жайының айтылып келе жатқаны анық. Жұрт тілегін ескерген алакөлдіктер туристерді сапалы интернет жүйесімен қамтамасыз ету үшін Достық ауылынан 1 базалық интернет стансысын орнатып, желіде байланысуды жеңілдете түскен. Алдағы уақытта Үшарал қаласы, Ақши және Көктұма ауылына базалық интернет стансысын орнату жоспары қарастырылуда. Бұл жоспар орындалса көл жағасында жүріп-ақ әлемнің әр түкпіріндегі елдермен интернет байланысын орнатуға мүмкіндік туады.  

"Биыл Алакөл көлінің жағалауында "Falcon Petroleum" көпсалалы қонақүй кешені, "Kristal resort" және "Alakol resort" демалыс кешендерін ашу жоспарлануда. Келешекте аудандық бюджеттің 50 пайызын туризм саласы толықтырады деп күтілуде", – дейді аудан әкімі.

Айдынында ақ шағала қалықтаған Алакөл осындай жетістікпен тек қазақстандықтардың ғана емес, басқа да елдің назарын өзіне аудармақшы.

Қажет Андас, Алматы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу