Әлем чемпионатындағы олжамыз – бір алтын, екі күміс, үш қола

2916

Германияда бокстан ХІХ әлем чемпионаты тәмамдалып, Қазақ елінің күрзі жұдырықты жігіттері алты медаль олжалады.

Әлем чемпионатындағы олжамыз – бір алтын, екі күміс, үш қола

Төртеуі жүлдеден тыс қалды

Қазақстан құрамасы Гамбургтегі әлем чемпионатына толық құрамда қатысқан болатын. Яғни 10 салмақ дәрежесінің бәрінде де күрзі жұдырықты жігіттеріміз бақ сынады. Ширек финалға дейін солардың төртеуі жеңіліске ұшырап, алтауы жүлдеге ілікті.

Ең әуелі қатардан шығып қалғандар – Әділет Құрметов (60 келі) және Азамат Исақұлов (52 келі). Екеуі де 1/16 финалында жеңілістің кермек дәмін татты. Әділет Грузия боксшысы Отар Ераносянға, ал Азамат Оңтүстік Корея үміті Ин-Ку Кимге есе жіберіп алды.

Өкінішке қарай, 1/8 финалында 64 келі салмақ дәрежесінде ел намысын қорғаған Бекдәулет Ибрагимов те ұтылып қалды. Ол Армения жігіті Ованесс Бочковтан айласын асыра алмады. Қалған боксшыларымыздың бәрі де жеңіске жетті.

Ширек финалда да бір боксшымыз жеңіліске ұшырады. 81 келі салмақ дәрежесінде бақ сынаған Ерік Әлжанов салмағы өзінен ауырлау өзбек үміті Бектемир Меликузиевтен ұпай санымен ұтылды. Негізі, қайсарлық танытып, есе жібере қойған жоқ еді. Өзінің де қабағы жарылды, қарсыласының да қабағын жарды. Бірақ етженді Меликузиевті есінен тандыру мүмкін болмады.

Үшеуі жартылай финалда сүрінді

Жартылай финалда үш боксшымыз жеңіліске ұшырады. 49 келідегі Жомарт Ержан Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Куба қабыланы Иоанис Аргилагостан ұтылып қалды. Бұған дейін ол Микель Телло (Гватемала), Роген Ладон (Филиппин) және Василий Егоров (Ресей) сынды боксшыларды жеңген болатын.

69 келідегі Абылайхан Жүсіпов өзбек Шахрам Гиясовқа есе жіберіп алды. Негізі, ұтылған жоқ сияқты еді. Бірақ айқын басымдық танытпаған соң – осы. Әрі 1/8 финалында қабағының үсті жарылып, сол жарақаты емін-еркін жұдырықтасуына мүмкіндік бермеді. Абылайхан оған дейін Валид Саид Мохаммед (Египет), Винченцо Манджакапре (Италия) және Габриэль Маэстре (Венесуэла) үшеуін жеңген болатын.

91 келідегі Василий Левит те жартылай финалда жеңілістің кермек дәмін татты. Оны да Рио Олимпиадасының қола жүлдегері, Куба қабыланы тоқтатты. Атап айтқанда, Эрисланди Савоннан басым түскендігін төрешілерге дәлелдей алмады. Оның алдында Жуан Гонсалвес (Бразилия) және Джейсон Уотли (Австралия) секілді саңлақтарды ұтқан еді.

Екі күміс

75 келі салмақ дәрежесіндегі соққысы қуатты, алтынға балаған қыранымыз Әбілхан Аманқұл финалда Еуропа чемпионы, Украинаның қас шебері Александр Хижняктан ұтылып қалды. Ол Гамбург шаршы алаңында Кэмпбэлл Соммервилл (Австралия) және Сильвио Ширле (Германия) сынды боксшылардан басым түскен. Ширек финалда Рио Олимпиадасының чемпионы, Куба қабыланы Арлен Лопесті ұпай айырмасымен ұтып, қазақ жанкүйерлерінің айызын қандырған. Ал жартылай финалда әзербайжан Камран Шахсуварлыны жеңіп, көпшілік сүйіспеншілігіне ие болған. 

Ең ауыр салмақтағы (+91 келі) Қамшыбек Қоңқабаев финалда әзірбайжан халқының алыбы Магомедрасул Меджидовқа қайратын өткізе алмады. Бұған дейінгі жекпе-жектерінде неміс Макс Келлерді, өзбек Баходүр Жалоловты, Камерун тарланы Арсен Фокуді тізе бүктірген болатын.

Қайрат Ералиев – әлем чемпионы

56 келі салмақ дәредесінде ел намысын қорғаған Қайрат Ералиев финалда Америка үміті Дюк Раганды ұпай санымен ұтып, 2017 жылғы әлем чемпионы атанды. Жеңіс тұғырына шыққанша Кристофер Флорез (Мексика), Муроджон Ахмедалиев (Өзбекстан), Омар Эль-Хаг (Германия) және Питер Макгрейл (Ұлыбритания) сынды боксшыларды жолынан тайдырған болатын.

Сөйтіп, біздің құрама 1 алтын, 2 күміс, 3 қола жүлдемен жалпы командалық есепте үшінші орынға ие болды. Алдымызды Куба (5 алтын, 2 күміс) және Өзбекстан (1 алтын, 3 күміс, 2 қола) боксшылары орап кетті.

Түйін

Бокстан Қазақстан құрамасының Гамбург рингіндегі жетістігін ЖАҚСЫ нәтиже деп бағалауға болады. Алты жүлде аз емес, жаман көрсеткіш те емес. Бірақ "өте жақсы" деп ауыз толтырып айта алмаймыз. Қазақтың күрзі жұдырықты жігіттерінің әлеуеттері бұдан да жоғары деп ойлаймыз.

Орайы келгенде айта кетуге тиіспіз, буын алмасып, ұлттық құрама сапы жас боксшылармен толысты. Олардың кейбіреулеріне осындай жан алып, жан беретін халықаралық деңгейдегі жекпе-жектерде тәжірибе жетіспей жатты. Әйтпесе, Абылайхан, Әбілхан, Қамшыбек сынды тарланбоздарымыздың чемпион болатындай қабілеттері бар. Ал Левиттің бағы жанбады.

Ұлттық құрама бапкерлері боксшыларымыздың Гамбург рингіндегі өнерлерін саралап, қателіктерін ескеріп, нәтиже шығарады деп ойлаймыз. Бұл әлем чемпионатына алғаш рет қатысқан жас боксшыларымызға баға жетпес сабақ болары сөзсіз. Қазақ боксшы қашанда жоғары өрлей береді, бір алтынға ешқашан да тоқмейілсімейді деп сенеміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу