banner

Әлемнің IT алпауыттары бас қосты

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
10527

Алматыда "Жаһандану дәуіріндегі цифрлық күн тәртібі" халықаралық форумы өз жұмысын бастады.

Әлемнің IT алпауыттары бас қосты

Форумға Әзербайжан, Армения, Беларусь, Қазақстан, Қырғызстан, Ресей, Өзбекстан және Тәжікстан үкіметтерінің, сондай-ақ бірқатар халықаралық IT компаниялардың өкілдері қатысуда.

Жиын тізгінін ұстаған CNews бас редакторы Максим Казак "Алматыда күн суық дегенді естіп, арнайы күртеше сатып алдым" деген қалжыңымен форум қонақтарының ду күлкіге бөлеп алып, мұнан соң әлемдік деңгейдегі IT мамандарының дәл қазір Алматыда бас қосып отырғанын хабарлап, форумның жұмысына сәттілік тіледі.

ҚР премьер-министрі Бақытжан Сағынтаев елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың құттықтау сөзін оқып берді.

"Әлем түбегейлі өзгерістер заманында өмір сүріп отыр. Біздің ЕЭО да 2025 жылдарға дейін экономикасын сандық жүйеге көшуді жоспарлап отыр. Бұл іс-шара бізге алдағы жұмыстарымызды алдын ала үйлестіріп алуға мүмкіндік береді" деді елбасы Нұрсұлтан Назарбаев құттықтау жолдауында.

Одан соң сөз алған Армения премьер-министрі Карен Карапетян ТМД елдерінде LTE бағдарламасын алғаш қосқан елдердің бірі екенін айтты. Казір Арменияда бұл бағыт бойынша алты стратегиялық бағыт бар екен.

"Біз мектеп бағдарламасына шахматты пән сабағы ретінде міндеттедік, шахматты бала жастан меңгерген кез келген маман технолологиялық өзгерістерге бейім болады", – деді Армения премьері.

Беларусь үкіметінің басшысы Андрей Кобяков кешегі армандауға да қорқатын жайттардың бүгін таңғажайыптарға айналғанын айтып, басымдық беріп отырған үш бағыт туралы айтып берді.

"ЕАЭО-ға оған мүше елдердің даму ерекшеліктері ескерілген бағдарлама керек, осы жиында осы мәселе жан-жақты талқыланады деп ойлаймын. Біз алға жылжу үшін бірігіп жұмыс істеуге тиіспіз", –деді Андрей Кобяков.

Қырғызстан премьері Сапар Исақов мұндай ғаламдық мәселелердің ортақ тақырып ретінде талқылануы мәселелерді бірігіп шешуге мүмкіндік беретінін айтты. Осы бағытта қырғыз елінде "Таза қоғам" атты мемлекеттік бағдарлама қабылданыпты. Онда мемлекеттік қызметтің қауіпсіздігіне басымдық беріліпті. Қырғыз елі экономикасын цифрлы жүйеге көшіруді алдымен мемлекеттік қауіпсіздіктен, ақпараттық базаны орталықтандырудан бастамақшы.

"Қазір ЕАЭО-да цифрлық экономиканы жүзеге асыру үшін салықты барынша жеңілдету мүмкіндіктері қарастырылып жатыр. Бұл өз жемісін береді деп ойлаймын. Сондай-ақ ақылды қала бағдарламасы да жүзеге аса бастады. Алдағы екі үш жылда ол өз жемісін береді", – дейді қырғыз премьері.

2016 жылдан бастап Қырғызстан онлайн қызметтер мен адами капитал көртсеткіштерін жақсартқаны премьер Сапар Исақовтың сөзінен белгілі болды.

Қазақтың қонақжайы мінезімен алыстан келген қонақтарды алдына оздырып сөз берген қазақ премьері Бақытжан Сағынтаев кетіп бара жатқан пойызға ілесіп үлгіргенін айтты.

"Пойызға мінгенде ТМД, ЕАЭО әріптестеріміздің бір вагонда екенін көрдік. Қазақта қайықтағының жаны бір деген тамаша мақала бар. Әр елдің даму деңгейі әртүрлі. Біреу алда, біреу артта. Сондықтан біз өз мүмкіндіктерімізді кіріктіріп, біріктіруіміз керек. Біз технологиялық жағымды климат қалыптастыруды бұрыннан бастадық, Қазір Астанадағы IT хабты Астанадағы халықаралық қаржы орталығымен біріктіруді ойлап отырмыз, бұл үлкен мүмкіндіктерге жол ашады", – дейді Бақытжан Сағынтаев.

"Кедендік Одақ немесе ЕАЭО-ны қалыптастырған кезде цифрлы экономика туралы сөз болған жоқ, Ал цифрлы экономиканың мүмкіндігі шексіз, сондықтан біз көп жайтты қайта қараймыз. Себебі цифрлы экономиканың мүмкіндігі шексіз", – деп сөзін түйіндеді Бақытжан Сағынтаев.

РФ премьер-министрі Дмиртий Медведев дамыған елдердің өзі цифлы экономиканы алға жылжыта алмайтынын айтты.  

"Цифрлы экономика қалыптасқан, қатып қалған шекараларды ашады. Ендігі мәселе, біздің сол өзгерістерге бейімделе алатынымызда болып құр. Себебі біздің мемлекеттеріміздің даму деңгейі әртүрлі, бұл жағын қосымша талқылап алуға тура келеді. Цифрлы экономика дамыған кезде біраз мемлекеттер өзінің шекараларын жоятын шығар. Бүгін-ертең емес, бірақ түптің түбінде осыған баруға тура келеді, Бұл ақпараттық шабуылдарға бірігіп тойтарыс беруге мүмкіндік береді. Біз әріптестеріміздің пікіріне қараймыз, әлемдік трендтерге де қараймыз" деді.

Айта кету керек, РФ өз халқына технологиялардың қол жетімділігін қамтамасыз етіп, электронды қызметтер және сервис бойынша көрсеткіштерді иеленіпті.

"Цифрлы экономиканы жүзеге асыру бізге көп қаражатты қажет еді. Бұл міндетті жүзеге асыру оңай емес. Сондықтан, біз біраз мәселелерде іс-әрекеттерімізді мен мүмкіндіктерімізді бірлестіруге шақырамын", – деді Дмитрий Медведев.

Осы тұста Ресей премьері криптовалютаның болашағы туралы ойын былай деп жеткізді.

"Криптовалюта жайлы әлемде қатып қалған қағида жоқ. Сол себепті ол туралы аса сенімді деп баға беруге де болмайды, Себебі криптовалюта туралы 1990 жылдары айтыла бастаған. Бірақ ол біраз уақыт өткенде құбырлардағы көбік сияқты өзінен өзі жойылып кетті. Сонымен бірге криптовалюта емес, интернет калды, сол себепті оны халықаралық деңгейдегі төлем құралы болады деп күтуге болмайды, ол күндердің күнінде жойылып кетуі де әбден мүмкін, блокчейннің табиғаты айқын. Блокчейн цифрлы экономиканың генераторы деп қабылдауға болатын шығар", – деді РФ премьер министрі Дмитрий Медведев.  

Осы тұста РФ премьер министрі Дмитрий Медеведев алда бізді технологиялар саласында қиын кезеңдер күтіп тұрғанын айтты. Себебі ХХI ғасырда технология адамның қиялынан да алға озып кетті. "Біз бір-бірімізге барынша ашық болсақ, қиындықтарды бірге еңсереміз" деді РФ премьер-министрі Дмитрий Медведев.

Өзбекстан премьер-министрі Абдулла Арипов цифрлы экономика барысында үш жылдық бағдарлама қабылданғалы жатқанын айтты, бұл экспорттық өнімдердің шамамен 5 пайызға ұлғаюына мүмкіндік береді екен. Сондай-ақ ашық деректер порталы және ТКШ, нормативтік құқықтық актілердің жобаларын және бірнеше электрондық платформаларды іске қосыпты. Сондай-ақ қауіпсіздік, сыртқы қауіп-қатерлерге төтеп беру мәселесін де сандық жүйеге көшу арқылы шешуге болатынын жеткізді.

"Біз бүгін өз жоспарымызбен бөлісуге келдік, біз болашақта осы диалогты жалғастыруға дайынбыз, біздің арамызда ынтымақтастық болмаса экономиканы трансформациялауға да қол жеткізе алмаймыз, сол себепті ресейлік әріптесім атап өткендей, біз әсіресе, цифрлы экономика барысында бір-бірімізге ашық болуымыз керек" деп сөзін түйіндеді Өзбекстанның премьер министрі Абдулла Арипов.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу