Әлеуметтік салаға 4 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
5257

Биыл республикалық бюджеттен әлеуметтік салаға қарастырылған қаржы бұрынғымен салыстырғанда 12%-ға артты.

Әлеуметтік салаға 4 трлн теңгеден астам қаржы бөлінді

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Светлана Жақыпова мемлекет басшысының сынынан қорытынды шығару бағытында жұмыс істеп жатқандарын жариялады.

"Президент өз жолдауында министрліктің жұмысын қатты сынға алды. Біз ол сынды толығымен мойындаймыз...", – деді Светлана Жақыпова.

Естеріңізге сала кетейік, Қазақстан халқына жолдаған биылғы жолдауында елбасы: "Еңбек нарығының тиімділігін қамтамасыз етіп, әрбір адамның өз әлеуетін іске асыра алуы үшін жағдай жасаудың маңызы зор. Барлық негізгі мамандық бойынша  заманауи стандарттар әзірлеу қажет. Бұл стандарттарда жұмыс берушілер мен бизнесмендер еңбеккерлердің білімі, қабілеті мен құзыретінің қандай болуы қажеттігін нақты белгілейді. Кәсіби стандарттардың талаптарын ескеріп, білім берудің жаңа бағдарламаларын әзірлеу қажет немесе қазіргі бағдарламаларды жаңарту керек. Өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мен жұмыссыздар экономикалық өсімнің резерві саналады. Мен өзін-өзі жұмыспен қамтығандар мәселесін қарастыру жөнінде бірнеше рет талап қойғанмын. Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі бұл іске жауапсыздық танытып, атүсті қарап отырды...", – деген болатын.

Вице-министрдің мәлімдеуінше, былтыр атқарылған жұмыстың қорытындысында еліміздегі 18 млн xалықтың арасындағы 5,7 млн адамның әлеуметтік мәртебесі жоқ екенін анықтаған.

"Осы уақытқа дейін біз тек 2,5 млн адамды құзіретті мемлекеттік органдарда тіркедік. Әрине атқарылған жұмыспен мақтана алмаймыз. Себебі тағы 3,2 млн адам қалды. Олар кімдер? Мен қысқаша айтып берейін, 504 мың адам басқа аймаққа, я болмаса, басқа елге көшіп кетті. Олар өз үйлерінде болмай шықты. 363 мың адамның шынымен көшіп кеткені расталды. Қазір олармен ішкі істер министрлігі жұмыс жасап жатыр. Бұдан бөлек 123 мың адам студентпіз деп мәлімдеді. Бірақ білім және ғылым министрлігінде олар туралы мәлімет жоқ. Сосын 17,5 мың адам қайтыс болған екен", – деді Светлана Жақыпова.

Вице-министрдің айтуынша, елімізде 940 мың адам өзін-өзі жұмыспен қамтыған. Бұлардың барлығы жалақыны конвертпен алады.

"Мұндай жалақыдан бюджетке ешқандай төлем жасалмайды. Зейнетақы қорына да ақша аударылмайды. Демек ол адамдар болашақта зейнетке қалай шығатындарын ойламайды. Әлеуметтік сақтандыру қорына да ақша төлемейді. Ертең еңбекке жарамсыз болып қаламын, бала көтеремін, я болмаса, мүлдем жұмыссыз қаламын деп бір сәт ойлану керек қой", – деді Светлана Жақыпова.

Белгілі болғандай, бүгінгі таңда мемлекеттік кірістер департаменті өзін-өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды анықтау және тіркеу ісімен айналысып жатыр.

"178 мың адам өздерін жеке кәсіпкер деп таныстырған. Алайда олардың барлығы тиісті мемлекеттік органдарда тіркелмеген. Олар кәсіпкерлікпен айналысса да, өзін-өзі жұмыспен қамтып жүргендер сияқты бюджетке ешқандай салық төлемейді, зейнетақы мен әлеуметтік қорға ақша аудармайды. Демек Қазақстанда барлығы 1 млн-нан астам адам кәсібін заңдастыруы қажет", – деді вице-министр.

Мемлекет басшысының жаңа жолдауында биылғы жылдың 1 шілдесінен бастап кішкентай кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақыны енгізілетінін айтылған болатын. Сөз арасында Светлана Жақыпова осы мәселеге ерекше назар аударып: "Қазір кішкентай кезінен бірінші топтағы мүгедек баланы бағып отырған отбасылар ай сайын 29 696 теңге көлемінде жәрдемақы алады. Аталған төлем кәмелеттік жасқа дейін ғана төленеді. Президенттің тапсырмасына сәйкес, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап дәл осы жәрдемақы кәмелеттік жастан асқан балаларға да төлене береді", – деді.

Вице-министр бұған дейін науқас балалардың аналары осы проблеманы талай рет көтергенін тілге тиек етіп, президент жолдауда мезгіл мәселесін күн тәртібіне қойғанын жеткізді.

"1 шілдеге дейін тиісті заңнамаға өзгеріс енгізу керек. Сонда 14 мыңнан астам отбасы қазіргі жәрдемақыны ала береді. Оған қосымша 3 млрд теңгедей ақша қажет болады", – деді Светлана Жақыпова.

Естеріңізге сала кетейік, биыл республикалық бюджеттің әлеуметтік салаға бөлген қаржысы 12%-ға өсіп, 4,1 трл теңгеден асты. Нәтижесінде жаңа жылдың 1 қаңтарынан бастап ынтымақты зейнетақы 8%-ға артты. Мүгедектерге, асыраушысынан айырылған және мүгедек балалар тәрбиелеп отырған отбасыларына арналған берілетін жәрдемақы 16%-ға дейін өсті.

1 шілдеден бастап базалық зейнетақы еңбек өтіліне байланысты орташа алғанда 1,8 есеге көбейеді. Бұдан бөлек, жоғарыда айтылғандай, 2018 жылдың 1 шілдесінен бастап кәмелетке толған, бала кезінен бірінші топтағы мүгедектерді бағып отырған ата-аналар үшін қосымша мемлекеттік жәрдемақы енгізіледі. Ең төменгі күнкөріс деңгейінен кем емес  жәрдемақыны шамамен 14 мың отбасы ай сайын алатын болады.

Мұғалім мәртебесін арттыру мақсатында білім берудің жаңартылған мазмұнына көшкен ұстаздардың лауазымдық жалақысы 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап 30%-ға көбейді. Мұғалімдердің жалақысы біліктілігінің расталуына байланысты тұтастай алғанда 30%-дан 50%-ға дейін өседі. Бұл үшін биыл қосымша 67 млрд теңге бөлінеді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу