banner

Алимент төлеуден жалтарғандар қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін

Дана Иман Дана Иман
4626

Адам құқықтары жөніндегі уәкіл алиментті өндіріп алу тетіктерін өзгертуге ұсыныс жасады.

Алимент төлеуден жалтарғандар қоғамдық жұмысқа тартылуы мүмкін

ҚР адам құқықтары жөніндегі уәкіл Асқар Шәкіров ҚР бас прокуроры Жақып Асановтың атына кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент өндіру тетіктерін жетілдіру жөнінде бірқатар ұсыныс жолдады деп хабарлайды Қазақстан Республикасындағы адам құқықтары жөніндегі уәкілдің баспасөз қызметі.

Ұлттық құқық қорғау мекемесіне келіп түсетін өтініштерді талдау нәтижесінде кәмелетке толмаған балаларды асырауға алимент өндіру жөніндегі сот актілерінің орындалмауы тұрақты үрдіске айналып бара жатқаны анықталды әрі бұл шұғыл қадағалау шараларын қабылдау қажет етеді.

"Мәселе сот орындаушылардың құжатты орындау мерзімін сақтамауы, жоғалтып алуы, борышкерлерге қатысты мәжбүрлеп өндіріп алу шараларын қабылдамауы және құқық қорғау органдарының алимент төлеуден жалтарған борышкерлерге қатысты қылмыстық істі ұзаққа созып жіберетіндігінде болып тұр. Тіпті 2000 жылдан бастап бүгінгі күнге дейін мүлдем алимент төлемеген оқиғалар кездеседі", – деді құқық қорғаушы.

Оның ойынша, алимент төлеуден жалтарған борышкердің бас бостандығын шектеу немесе одан айыру түріндегі қылмыстық жауапкершілік алиментті өндіріп алу мәселесін толыққанды шешпейді.

"Осыған байланысты борышкерді алимент төлеуге ынталандыру үшін жұмыспен қамту мақсатында жазаның бір түрі ретінде борышкерді ақылы қоғамдық жұмыстарға тарту ұсынылды", – деп хабарлайды адам құқықтары жөніндегі ұлттық орталық.

Сонымен қатар құқық қорғаушы борышкерлерге қатысты сотқа дейінгі тексеру жұмыстарының кемшіліктеріне тоқталып кетті.

"Алимент төлеуден жалтарғандарға қатысты қылмыстық істі тоқтатудың басты себебі – борышкердің сот актісін орындауға мүмкіндігінің болмауы және аталған факті "Сот актілерін орындамағаны үшін жауаптылық туралы" Жоғары соттың нормативтік қаулысына сәйкес тұлғаны қылмыстық жауапкершіліктен босатады. Бір жағынан, қылмыстық заңнама бойынша алимент төлемегені үшін жауапкершілік көзделсе, екінші жағынан, Жоғары соттың аталған нормативтік қаулысы борышкерді мұндай жауапкершіліктен босатады", – деп заңнамадағы қарама-қайшылықты сөз етті Асқар Шәкіров.

Көп жағдайда мемлекеттік қызметшілердің немқұрайлылығынан өтініш берушілер алимент белгіленген сәттен бастап бүкіл кезең үшін берешек сомасын өндіріп алу мүмкіндігінен айырылады. ҚР "Неке және отбасы туралы" кодекске сәйкес, сот бұйрығының көшірмесі негізінде  өткен кезең үшін алимент өндіріп алу үш жылдық мерзім ішінде жүргізіледі.

Аталған қайшылықты жою үшін омбусмен Асқар Шәкіров жоғарыда көрсетілген Кодекс нормасына өзгерістер енгізуді атап айтқанда, соттың алимент төлеу міндетін тағайындаған күннен бастап барлық кезеңге орындау құжаты негізінде алимент өндіріп алу мерзімін белгілеуді ұсынды.

Сот орындаушыларының жауапкершілігін арттыру және тараптар арасында даулы жағдайларды болдырмау мақсатында, омбудсмен мынадай нақты шараларды ұсынды: Азаматтық іс жүргізу кодексінде қолданыстағы заңнамада көрсетілгендей сот бұйрығын өндіріп алушының өзінен емес, борышкердің тұрғылықты жері бойынша тікелей тиісті әділет органына жолдау; "Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы" ҚР заңына алимент өндірісі жөніндегі құжатты өндіріп алушыға емес,  сот актісін шығарған сотқа қайтару туралы өзгеріс енгізу.

Асқар Шәкіровтың ойынша, кәмелеттік жасқа толмаған балаларды асырауға алиментті өндіріп алу жөніндегі істерді жалпы құзырлы соттарда қарамау керек. Себебі алимент төлеу жөніндегі істерді қараудың өз ерекшеліктері бар, мұнда кәмелетке толмаған балалардың құқығы қорғалады және оны қарауда ерекше әдіс талап етіледі. Сондықтан бұл істерді ювеналды соттарға тапсыру қажет деп есептейді ол.

Әйгерім Сүлейменова, Дана Иман

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу