Алло! Сізге спам қоңырау шалып тұр!

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
6089

Кері қоңырау шалудан қорқатындар көбеюі мүмкін.  

Алло! Сізге спам қоңырау шалып тұр!

Қазіргі кезде спамның жаңа түрі пайда болды. Ол мысалы, көрші Ресей тұрғындарын әбден ығыр еткен. Сарапшылардың айтуынша, бұдан қазақстандықтар да сақтанғаны жөн.

"Спам" дегенде, әдетте электронды поштаның түк қажеті жоқ, қоқысты хаттармен толтырып тастайтын кесір құбылыс көзге елестейді. Бірақ қазіргі заманда спамдар азаматтарға өздері телефон шалатын болған.

Мамандардың түсіндіруінше, посткеңестік кеңістікте кең танымал бола бастаған жаңа спам-технологияның мәні мынадай: арнаулы бағдарламасы бар автоматты жүйе барлық ұялы телефон нөмірлерін бірінен соң бірін тере бастайды. Бірақ абоненттің құрылғысына қоңырау барысымен, шақыруды үзе салады. Мұны бізде қарапайым тілде "маяк жасау" дейтіні белгілі. Тиісінше, абоненттің ұялы телефонында белгісіз нөмірден "өткізіп алған" қоңырау көрініс беріп тұрады. Егер адам сол нөмірге кері қоңырау шалса, байланыстың екінші шетінен жүйе әлдебір жарнамалық хабарландыруды оқып береді.

Әрине, бір қарағанда мұнда тұрған ештеңе жоқ. Қазіргі кезде қазақстандықтардың көбісі ұялы операторлардың арнаулы топтама-пакеттерді пайдаланады, ол бойынша желі ішінде де, өзге операторларға да телефон шалу тегін. Демек, ол қоңыраудан шығын шекпеуі мүмкін. Оның үстіне азаматтар кейбір компаниялардың, мысалы, байланыс операторларының, немесе банктердің өз клиенттеріне ұдайы қоңыраулатып, жаңа жарнамалық өнімдерін ұсынып тұратынына бой үйреткен.

Бірақ жаңа спам мұны жаппай сипатқа айналдыруда. Психологтар ұялы телефонында күн сайын, тіпті сағат сайын "өткізіп алған" шақырулардың көбеюі кейбір адамдардың жүйкесіне психологиялық жүктеме түсіріп, олардың көңілінде мазасыздық тудыратынын, ақыр соңында бұл оның өмір сапасына әсер етуі ықтималдығын айтады. Адамдар бір жағынан, енді ұзақтығы тым аз уақытқа ғана созылған қоңыраулардың бәрін спам санауы мүмкін. Екінші жағынан, қабылданбай қалған қоңырауларды қайта термеу салдарынан әлдебір маңызды шақыру жүзеге аспай, бұл әлдебір іске кесір келтіруі ғажап емес.   Осы мәселе бойынша көрші Ресейде зерттеу жүргізген Telecom Daily талдамалық компаниясы жаңа спам ресейліктердің 65 пайызын қамтып үлгергенін анықтады. Бұл ретте осы үлгідегі жарнамалық хабарландырулар көлемі биылғы жартыжылдықта 50 пайызға дейін артқан.

Қазақстанда әзірге мұндай зерттеу жасалған жоқ, себебі, жаңа спам қарқын ала қойған жоқ.

Шетелдік ақпарат құралдарының мәлімдеуінше, абонентті қайта қоңырау шалуға арандатушы осы тәсіл бірінші Жапонияда пайда болыпты және Күншығыс елінде ол Wangiri деген атау алған. Кейбір жағдайларда нөмір ақылы болып шыққан, тиісінше, кері қоңырау шалған абоненттің балансынан біраз ақша сол жаққа ағып кететін болған. Бірақ Ресейде негізінен, жарнаманы оқумен ғана шектеледі екен. 

Бұл спаммен күресу оңай емес көрінеді. Себебі, заң бойынша егер азамат ақпарат алу үшін (айталық, қабылданбаған нөмірдің кімге тиістілігін және ол нені хабарлағысы келгенін білмекке) қандай да бір нөмірге өзі қоңырау шалса, онда бұл ақпарат жарнама болып есептелмейді және ол хабарландыру абонентке еркінен тыс таңылған болып танылмайды. Осылайша, бұл спам қолданыстағы заңнамаға еш қайшы келмейді. Тиісінше, тұтынушылар құқығын қорғау органына бұл спамның табанына тас қоюдың басқа жолын іздеуге тура келеді. Ол жолды оның ресейлік әріптестері де әлі күнге таба алмапты.

Ақпараттық технологиялар маманы Сергей Копылов "қоңыраулық" спам заңнаманы бұзбайтынына сенімді.

"Әдетте, бизнесмендер, іскер адамдар өткізіп алынған шақырулар бойынша кері қоңырау шалуға тырысады. Бұл олардың әдеті ғана емес, мұны олардың кәсібі талап етеді: егер барлық нәрседен дер уақытында хабардар болмасаң, бәсекелестер алдыңды орап кетері анық. Демек, абонент өз еркімен қоңыраулататын болып шығады. Заң тұрғысынан әлдебір бұзушылық табу қиын. Жауапкершілікке тарту үшін қажетті негіз де жоқ. Спаммерлер осыны жақсы біледі. Оларға тосқауыл жасаудың басқа әдістері керек. Кибертехнологиялар дамыған сайын, ұлттық заңнама да өзгеріске түсіп, жедел жетілдіріліп отырғаны жөн"

Әлемдік тәжірибе көрсеткеніндей, бұл кесапатпен байланыс операторлары өз бетінше күресе алады екен. Мәселен, егер азаматтардан шағым көп түссе, оператор "спаммер" телефон нөмірін бұғаттап тастай алады. Бірақ мәселен, Ресейде ұялы операторлар бірлі-жарым шағымдарға бола өз клиенттерін тосқауылдап тастауға бармай отырған көрінеді. Сондықтан РФ қоғамдық палатасы байланыс операторларын спамды жаппай таратушы абоненттерді сот үкімінсіз жедел бұғаттауға міндеттейтін заң жобасын әзірлеуге кірісті. Бұл жерде нөмірге "мән-жайы анықталғанша" тосқауыл қойылады.   

Отандық операторлар әзірге бұл тақырып бойынша өз абоненттерінің қандай да бір шағым түсіруі оқиғасы тіркелмегенін алға тартады. 

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу