Алтын саудасымен кімдер айналыса алады?

4869

Ел аумағында алғаш рет асыл тастарға қатысты ереже енгізілді. Бұдан былай зергерлік бұйымдар мен бағалы металдарға сараптама жүргізілуі тиіс.

Алтын саудасымен кімдер айналыса алады?

Алтын секілді бағалы бұйымдар саудасымен енді кім көрінген айналыса алмайды. Зергерлік бұйымдарды елімізге әкелуге немесе сыртқа шығаруға арнайы рұқсаты бар адамдар ғана құқылы. Сонымен қатар жаңа талаптарға сәйкес, елімізде өндірілген зергерлік бұйымдарда "Барыстың басы" мен "KZ" белгісі міндетті түрде болуы керек.

"Қолданысқа бағалы металл мен асыл тастан дайындалған бұйымға сараптама жүргізу ережесі енгізілді. Бағалы тастан жасалған өзге де бұйымдар саласы операциясын реттейтін "Бағалы металдар және асыл тастар туралы" ҚР заңы 2016 жылдың 14 қаңтарында күшіне енді. Жаңа талапқа сәйкес, зергерлік бұйымдарды елімізге әкелуге немесе Кеден одағына мүше емес елдерге шығаруға тек қана тізімге енген азаматтар айналысады. Яғни бағалы тас, бағалы металл және бағалы тастан жасалған зергерлік бұйым мен өңделмеген табиғи алмаз саудасымен айналысуға сол тізімге енген заңды тұлға мен жеке кәсіпкер құқылы. Оны инвестиция және даму министрлігінің Техникалық реттеу және метрология комитеті жүргізеді", – дейді техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің басшысы Сауықбек Қапаев.

Оның айтуынша, техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша департаментінің арнайы есепке қою туралы тіркеу журналына сәйкес, елордада зергерлік бұйымдарды елімізге әкелуге немесе Кеден одағына мүше емес елдерге шығаруға құқылы 25 кәсіпорын тіркелген.

Жалпы Астана қаласы әділет департаментінің ақпаратына сүйенсек, еліміздің астанасында зергерлік бұйым сататын 121 сатушы бар. Оның 18-і жаппай, ал 103-і бөлшек сатушылар. Сонымен қатар 35 өндіруші тіркелген. "Жаңа талаптың бірі, тікелей өндірушілерге қатысты. Ел аумағында шығатын зергерлік бұйымдарда "Барыстың басы" және "KZ" Қазақстанның халықаралық аббревиатурасы болуы керек. Сонымен қатар, Қазақстан Республикасының біріңғай сынамалық таңбасы және бұйымды өндіруші қоятын атаулы таңбаның болуы міндетті", – дейді заң саласының маманы Данияр Есмағанбетов.

Өндіруші демекші, ел аумағында бағалы металл өндіретін іргелі үш кәсіпорын бар. Олар – Шығыс Қазақстан облысындағы "Казцинк" және Қарағанды қаласында орналасқан "Kazakhmys Smelting" кәсіпорындары. Екеуі де қайта өңдеу және аффинаждау операцияларын жүзеге асырады. Ал Астанадағы "Тау кен-Алтын" ЖШС кәсіпорны бағалы металл, оның ішінде құйма түріндегі Доре қорытпасы, катодты металл, мырыш шөгінділері мен зергерлік бұйымдардың шикізатына аса бай.

"Жаңа заң аясында инвестициялық алтынға түсініктеме бергенді жөн санаймын. Оның өзіндік шарттары бар. Мәселен алтын монеталардың тазалығы жалпы массасының 1000 үлесінің 900 мыңдық үлесіне тең немесе одан асса, нумизматикалық құндылығы болмайды. Бұл 900-сынамаға, 900 промиллеге, 90,0 пайызға немесе 21,6 каратқа сәйкес деген сөз. Егер алтын монета 1800 жылға дейін шыққан болса, "proof" сапасымен қамтамасыз ететін технологиямен соғылса, шығарылымы 1000 данадан аспаса, құны нарықтағы алтын құнының 80 пайызынан асса, оның нумизматикалық құндылығы бар деп танылады", – дейді Данияр Есмағанбетов.

Маманның айтуынша, монетаның құрамындағы алтынның құнын анықтаудың өзіндік тәртібі бар. Ол Лондон бағалы металл нарығының қауымдастығы белгілеген алтынның таңертеңгі бағамы көрсетілген күнгі белгіленген валюта айырбасының нарықтық бағамына көбейту арқылы айқындалады.

Қазіргі уақытта еліміздің әр өңірінде заңға қатысты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

"Департамент қызметкерлері барлық сауда орталықтарына, сауда үйлеріне, базарлар мен ломбардтарға жоғарыдағы заң талабын түсіндіру жұмыстарын тұрақты жүргізіп жатыр. Кәсіпкерлер мен тұрғындардың асыл тастар мен бағалы металл айналымы саласындағы құқықтық сауаттылығын арттыру мақсатында арнаулы "Жадынама" әзірледі. Онда зергерлік бұйымдарға таңбаланатын "Барыстың басы" суреті және Қазақстанның халықаралық "KZ" аббревиатурасы бар біріңғай сынамалық танбадан бастап, "Бағалы металдар және асыл тастар туралы" заң талаптарын бұзғаны үшін ҚР әкімшілік кодексінде қарастырылған жауапкершіліктер көрсетілді. Сонымен қоса әрбір бағалы қорытпаға соғылатын сынамалық танбалардың нысандары берілді", – дейді техникалық реттеу және метрология комитетінің Астана қаласы бойынша бас маманы Нұрболат Бекболатұлы.

Фотода:

1. Өкілетті ұйымдардың кодтары бар "Барыс басының" үлгісі,

2. "KZ" Қазақстанның халықаралық аббревиатурасы бейнеленген бірегей сынама таңба.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу