Алыс-беріс пен барыс-келіс жалғасады

3067

Бельгия мен Люксембург Қазақстанмен қарым-қатынасын кеңейтуді  жоспарлап отыр. 

Алыс-беріс пен барыс-келіс жалғасады

Биыл Люксембург пен Бельгия Корольдігі үкіметтерінің жоғары шенді шенеуніктері бастаған бірнеше ірі және орта бизнес өкілі Астанаға сапар шекпек.

Бұл сапардың мақсаты – Орталық Азияның жетекші елдерінің бірі – Қазақстанмен сауда-экономикалық қарым-қатынасты кеңейту, бұл туралы abctv.kz-ке берген сұхбатында Қазақстанның сол елдердегі елшісі Алмаз Хамзаев айтып берді.

Алғысөзінде дипломат жалпы Еуроодақ республикамыздың ірі сауда-экономикалық серіктесі болып табылатынын еске салды. Дәлел ретінде ол келесі мәліметтерді мысалға келтірді: былтырғы жылдың қорытындысы бойынша Қазақстанның әлемнің барлық елімен жасасқан сыртқы сауда көлемі 48,3 млрд долларға жетті. Осы соманың ішінде Еуроодақ елдерімен жасасқан тауар айналымы 24,1 млрд долларды, шамамен 50%-ын құрайды.

"Айта кету керек, өзара сауда көлемі бойынша Бельгия Қазақстанның Еуроодақтағы ірі серіктестерінің қатарына кірмейді. Қазақстанның сыртқы саудасындағы Бельгияның үлесі 2016 жылы 0,6% деңгейінде болды", - деп назар аударды Алмаз Хамзаев.

Оның ақпаратына сүйенсек, 2016 жылдың қорытындысы бойынша Қазақстан-Бельгия тауар айналымы 299,5 млн долларды құрады, бұл одан бір жыл бұрынғы көрсеткіштен 13%-ға жоғары. Аталған кезеңде Қазақстаннан  Корольдікке өткізілген экспорт көлемі 136,9 млн долларға жетсе, Бельгиядан жеткізілген импорт 162,6 млн долларды құрады.

- Алмаз Насреддинұлы, біздің Бельгиямен тауар айналымымыз  299,5 млн долларды құрады,  бұл көрсеткіш бойынша Еуропаның Германия немесе Франция секілді елдерімен салыстырғанда төмен, осымен келісесіз ғой. Сіздің ойыңызша, Корольдікпен қарым-қатынас жасауда қандай бағыттар табысты болуы мүмкін?

- Алдымен Бельгияның көшбасшы өнеркәсіп салаларын атап өтуге тиіспін. Бұл машина жасау, химия, микроэлектроника, фармацевтика, алмаз-гауһартас кешені, мұнай химиясы.

Бұл мемлекет Қазақстанға негізінен көлік пен құрал-жабдық, оптикалық және фотоға түсіру құралдарын, тоқыма бұйымдары мен тамақ өнеркәсібінің өнімдерін жеткізеді. Айтпақшы  Корольдік жылына 220 мың тонна шоколад шығарады, яғни адам басына шаққанда 22 келі немесе орта есеппен күніне бір адамға 61 грамм шоколадтан келеді.

Сондай-ақ елде сыраның 1500-ден астам түрі дайындалады. Айта кететін жайт, Бельгияның сырасы ЮНЕСКО-ның материалды емес мұрасы тізіміне енгізілген.

Одан бөлек  Бельгия жоғары технологиялар саласындағы жетістіктерімен көпшілікке танымал, мемлекет басшысы Қазақстан экономикасының үшінші жаңғыруын жариялағаннан кейін бүгінде бұл біз үшін өзекті болып отыр.

Корольдікте жоғары технологияларды дамыту үшін ірі университеттер немесе жоғары технологиялар өндірісі саласында жұмыс істейтін компаниялардың жанынан ашылатын ҒЗИ тартылған. Мұндай тәжірибе мен үлгі бізді қызықтырады.

Сондықтан біздің үйренетініміз көп. Бельгия Қазақстан үшін болашақта көп үміт күттіретін инвестициялық серіктес болып қала береді. Соңғы жылдары біз Бельгия инвестицияларының Қазақстан экономикасына ағылуын байқап отырмыз.

Осылайша 2016 жылдың 9 айында Корольдіктен келген тікелей инвестиция ағымы 455,6 млн долларды құрады. Салыстырмалы түрде  2014 және 2015 жылдары аталған көрсеткіш 859,8 млн доллар және 693 млн доллар деңгейінде сақталған болатын.

- Мұндай белсенділік немен байланысты? Екі жақ одан әрі қандай шара қолданбақ?

- Бірінші кезекте  бұл Бельгияда шағын және орта бизнестің экономикалық белсенділігінің артуымен, сондай-ақ Қазақстан экономикасына инвестиция мен жаңа технологиялар тарту, Қазақстан өнімін экспортқа шығаруға талпыныс жасаумен байланысты.

Біздің елшілік дөңгелек үстел, семинар өткізу, сондай-ақ Қазақстанға бизнес-делегациялардың келуін ұйымдастыруды әдетке айналдырды.

Валлонияның сыртқы сауда және инвестиция жөніндегі агенттігі (AWEX) мен Фландрияның сауда-өнеркәсіптік палатасының (Voka) көмегімен бельгиялық кәсіпкерлердің жыл сайын Қазақстанға келуі дәстүрге айналды.

Осылайша енді биылғы наурыздың соңында Бельгиядан кезекті бизнесмендер тобы қарым-қатынасты дамыту мақсатында жаңа келісімшарттар мен жаңа жолдарды талқылау үшін Астанаға ұшып келеді.

Тағы да халықаралық "ЭКСПО" көрмесі өтетін кезде жұмыспен қамту, экономика, инновация және спорт министрі бастаған 30 бизнесмен Фландриядан Астанаға келеді.

- Алмаз Насреддинұлы, Люксембургпен ынтымақтастық орнату бойынша жұмыс қалай жүріп жатыр және мұнда Қазақстан бизнесмендерінің алдында қандай мүмкіндік туады?

- Люксембургпен арадағы тауар айналымы шағын екенін мойындау керек. 2016 жылдың қорытындысы бойынша бар болғаны 18,3 млн долларды құрады (экспорт – 4,6 мың, импорт – 16,3 млн).

Қазақстанның Люксембургке шығаратын экспорты болмашы ғана (аздап электр және машина жабдықтары эскпорталады). Ал Люксембург Қазақстанға тамақ өнеркәсібі, химия өнеркәсібі өнімдерін, тоқыма бұйымдары, аяқ киім, тастан жасалған бұйымдар, оптикалық жабдықтар, медициналық және хирургиялық құралдар экспорттайды.

Бірақ соңғы жылдары шұғыл бетбұрыс орын алды. Айта кеткім келеді, Люксембургтің экономикасында қаржы секторы үлкен рөл ойнайды, ол ЖІӨ-нің 28%-ын құрайды. Бүгінде герцогтік мемлекет ортақ нарық елдері ішінде халықаралық банктер мен өзге қаржылық мекемелердің ең көп шоғырлануымен ерекшеленеді.

Жекеменшік банктердің саны бойынша да Люксембург Еуропадағы көш бастап отырғаны елдердің бірі. Ел шетелдік компанияларды жеңілдікпен тіркеуден және бағалы қағаздар саудасынан едәуір табыс табады. Мемлекет қазынасына түсетін барлық салық түсімдерінің үштен бір бөлігі қаржы секторынан және оған қызмет көрсететін ұйымдардың есебінен түседі.

Люксембург үкіметі жүргізген қаржы секторын дамыту жөніндегі көпжылдық саясатының арқасында герцогтік әлемдік қаржылық алаңға айналды. Халықаралық корпорациялар Люксембургті Еуропа және әлем нарығына жол ашатын есік ретінде пайдаланады.

Өзіңіз ойлап қараңыз, 2016 жылғы жағдай бойынша Орталық банк бақылауындағы банк активтерінің жалпы сомасы 945,8 млрд еуроға жетті, бұл елдің ЖІӨ-нен 20 есеге артық.

2010 жылы Қазақстан Люксембург банктері ұсынған қаржылық қызметтерін, нақтырақ айтсақ Еуропа инвестициялық банкінің (ЕИБ, штаб-пәтері Люксембургте) қызметін пайдаланбақ болып шешті. ЕИБ шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымды дамыту үшін елдерге несие берумен айналысады.

Үш жылға созылған келіссөзден кейін, 2013 жылы "Қазақстан даму банкі" АҚ ЕИБ-ден 120 млн еуроға несие алды. 2016 жылдың қарашасында Парижде Еуропалық инвестициялық банк "Даму" Қорымен жалпы сомасы 200 млн еуроға екі қаржылық келісімшартқа қол қойды.

Қазір Еуропалық инвестициялық банкті "жасыл" экономиканы дамыту және "ЭКСПО-2017" көрмесін өткізумен байланысты қазақстандық жобаларға тарту мәселесі қарастырылуда.

"ҚазАгро" ұлттық басқарушы холдингі 15 жыл мерзімге 200 млн еуро сомасында қарыз алу үшін ЕИБ-мен келіссөз жүргізуді жалғастырып жатыр. Тиісті келісімге 2017 жылы қол қойылады деп күтілуде.

 "ҚазАгро" ЕИБ-пен бірлесіп несие беру шартын әзірлеп жатыр. Несие "ҚазАгроның"  еншілес компанияларының жобаларын  ( егін жинау және егін жинаудан кейінгі техниканы сатып алу, қойманы жаңғырту,  тұқым өндіруді және мал өсіру технологиясын қаржыландыру, жеміс ағаштарын өсіру және т.б) қаржыландырады.

Ынтымақтастықтың тағы бір бағыты –  "жасыл" технологиялар. Бір ай бұрын Люксембург қаласының басшылығы  "ЭКСПО-2017" халықаралық көрмесіне қатысу туралы шешім қабылдады. Люксембург бизнесмендері Люксембург премьер-министрі Ксавье Беттеляның сапары аясында Астанаға келмек. Сондықтан жаңа өзара тиімді келісімшарттар әлі алда. Біз жаңа кезеңнің бастау алдында тұрмыз.

ЕО елдерімен белсенді ынтымақтастық жасау үшін басты кедергілердің бірі – тікелей әуе бағытының болмауында. Еуропалық одақ  өкілдігінің Қазақстандағы басшысы Траян Христеа бұл мәселе жөнінде abctv.kz-ке түсініктеме берді.

"Қазақстан – Еуро одақтың Орталық Азиядағы ең басты серіктесі, сондықтан ынтымақтастықты дамыту үшін  тікелей әуе бағытының болуы өте маңызды. Бірақ бұл бір күнде шешілетін мәселе емес. Бұған уақыт керек.

 Польшаның Lott компаниясы бір айдан кейін "ЭКСПО" өту кезінде Астана мен Варшава арасында тікелей ұшуды бастайды. Тікелей әуе рейстерін ұйымдастыру тәжірибесі "ЭСКПО" өткеннен де кейін жалғасады деп ойлаймын". 

Күлпаш Қоңырова
 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу