banner

Арабтардың НАТО-сы құрылды

3474

Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев Сауд Арабиясы Корольдігіне сапар жасады. Ел астанасы Эр-Риядта ол "АҚШ – Ислам әлемі" саммитіне қатысты.    

Арабтардың НАТО-сы құрылды

Жаһан жұртшылығы тарапынан "теңдесі жоқ тарихи құрылтай" деп танылған бұл саммитке әлемдік "№1"-ші держава лидерінің сыртында 55 мұсылман мемлекетінің басшысы жиылған.

Нұрсұлтан Назарбаевпен қоса, бұл саммитке Орталық Азиядан Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Тәжікстан президенті Эмомали Рахмон барды. "Бейтарап Түрікменстан" басшысы бұл жиыннан да бейтарап қалды. Президенттік мерзімі түгесілуге таяған Қырғызстан жетекшісі Алмазбек Атамбаев қалыс қалды.   

"Әлемнің өзге өңірлері қарқынды дамып жатқанда, көптеген мұсылман елінің көштің соңында қалуы анық байқалды. Бір жарым млрд-қа жуық адамды құрайтын ислам дүниесі бүгінде мызғымас тұтастық құрай алмай отыр. Ислам дінінің діңгегі біртұтас екені бәрімізге ақиқат. Бірақ ислам әлемі даму үлгілерінің анағұрлым қайшылығы бар әртүрлі аймақты қамтиды" - осыдан тура алты жыл бұрын, 2011 жылғы 9 маусымда Астанада өткен VII Дүниежүзілік Ислам экономикалық форумында Қазақстан көшбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев осылай деген болатын.

Енді міне, ислам әлемінің елдері бір тудың астынан табылудың қамын жасауға кірісті. Бұл жерде әрине, батыстық сарапшылар мен ақпарат құралдары оларды біріктірудегі басты рөлді АҚШ-тың жаңа президенті Дональд Трамптың есебіне жазуға жанталасуда. Тіпті солардың сарынына ерген ресейлік ақпарат құралдары алыстан күн сала қарап, "Трамп едет в Саудовскую Аравию объединять исламский мир" деп жар салуда.

Шынында, әрине олай емес. Ислам әлемінің көшбасшылары саналатын аса ауқатты, әлеуетті, жетекші араб елдері сол Американың "тақтатас-сланецтен" мұнай өндіретін өндірушілерінің бәсекеге қабілеттілігін жойып, нарықтан шығарып тастау үшін "қара алтын" бағасын аяусыз төмендеткені есте. Өткен жылдың соңында бұл баға өздеріне тиімсіз бола бастағанын аңғарып, арабтар ОПЕК аясында өзара келісіп, ұйымға кірмейтін өзге де мұнайшыл елдерді көндіріп, бағаны біраз тұрақтандырып алды.

Мұсылман үмбетін біріктірудің қазір басқа да қажеттілігі туындауда. Өйткені қазіргі заман бүкіл әлем үшін ауыр сынақтармен басталуда. Әсіресе, қауіпсіздікке қатысты проблемалар ушығуда. Соның ішінде терроризммен және діни радикализммен күрес мәселесі күн тәртібінде күйіп тұр. Бұл салада АҚШ-тың жаңа басшылығы Ислам әлемімен дос болудың маңызы зор екенін жақсы түсінген. Сондықтан Трамп мырза мұсылмандарға қарсы риторика арқасында президенттік орынтаққа қол жеткізгенімен, Ислам әлемінің бірігуі бастамасынан сырт қалмай, керісінше, оның көшбастаушылары тобынан табылуға ұмтылды.

Айтпақшы, өз тұсында Нострадамус "егер орыс елі мен ислам әлемі біртұтас одақ құрса, үшінші дүниежүзілік соғыс басталуы мүмкін" деп жорамал жасап кетіпті. Әрине соғыстың бетін аулақ дейміз, бірақ сарапшылар бұл мәселеде – Ислам әлемімен одақтасуда АҚШ-тың солтүстік көршіміздің алдын орап кеткенін жазуда.

Осы тұста тарихта бұрын-соңды болмаған тағы бір құбылыс орын алды. Өзінің бірнеше ғасырлық тарихында Америка Құрама Штаттарының президенттері ешқашан өздерінің бірінші сапарларын Таяу Шығыстан, соның ішінде барша мұсылман қасиет тұтатын үш жерді – Мекке, Мәдина және Арафат тауына иелік етуші Сауд Арабиясынан бастап көрмепті.

Ал Дональд Трамп президенттік лауазымға кіріскелі бергі өзінің тұңғыш шетелдік сапарын Сауд Арабиясынан және Ислам әлемінің жаһандық құрылтайынан бастап отыр. Ақ үйдің хабарлауынша, ары қарай Трамп мырза Израильге, Палестинаға, Ватиканға, Италияға сапарлайды. Одан кейін Брюссельдегі НАТО саммитіне және Сицилияда ұйымдастырылатын "Үлкен жетілік" (G7) саммитіне қатысады. Айтқандай, осы саммиттердің барлығына Ресей шақырылмаған. 

Егер "АҚШ – Ислам әлемі" саммитіне қайта оралсақ, онда негізінен терроризмге қарсы тұру мәселелері қаралды. Сарапшылардың мәлімдеуінше, қатысушы мемлекеттер жаһанға тамыр жайған лаңкестікпен халықаралық деңгейде бірлесе күресу бойынша жаңа серіктестік құру жайын талқылаған.

Халықаралық сарапшылар саммит қарсаңында "араб елдерінің төл НАТО-сы құрылады" деп жарыса жариялаған. Бұған негіз – АҚШ араб елдерінің қорғанысы үшін бұрын-соңды болмаған көлемде қару-жарақ бөлмек. Әрине тегін емес. Бірақ алпауыт державаның бұрынғы басшылары ондай қадамға ықылас таныта қоймайтын. Ал енді бұл ел басшылығына бизнесмен адам келіп отыр. Нәтижесінде, Эр-Риядта АҚШ президенті Дональд Трамп пен Сауд Арабиясы арасында 109,7 миллиард долларға қару-жарақ жеткізу туралы контракт бекітілді. Бұл туралы өз твиттерінде Ақ үй баспасөз хатшысы Шон Спайсер хабарлады. Оның бағалауынша, бұл – "АҚШ тарихындағы ең ірі бір жолғы әскери мәміле болып табылады".

Бұл мәміле жағалау аймақтарын патрульдеуге арналған соғыс кемелерін (LCS, Littoral Combat Ship), THAAD зымыранға қарсы жүйелерін, бронды транспортерларды, зымырандарды, бомбаларды және жабдықтарды жеткізуді қарастыратын көрінеді. АҚШ кейбір қару-жарақтардың өндірісін Сауд Арабиясы аумағына көшіруге де келісті. Осылайша, жетекші араб елі бұл қару түрлерін енді өзі жасай бастамақ. Бұл оның жат елдерге тәуелсіздігін нығайтпақ.

Саммит аясында Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев көптеген кездесулер өткізді. Бірқатар мемлекеттің басшыларымен және делегация жетекшілерімен қысқа келіссөздер жүргізді

Елбасының мәліметінше, біздің байтақ даламызға Ислам діні бұдан мың жылдан астам уақыт бұрын келді. Жаратқан иеміз Қазақстанға аса бір жомарттықпен тағылымды тарих, қолайлы географиялық мекен берген. Осылайша, елімізге ислам мен батыс өркениеттері арасында достық диалогқа дәнекер болудың тамаша мүмкіндігі ие.

Атап айтқанда, Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ президенті Дональд Трамппен әңгімелесті. Әңгіме барысында екіжақты өзара іс-қимылдың негізгі бағыттары, соның ішінде сауда-экономикалық, саяси және мәдени-гуманитарлық салалардағы байланыстарды тереңдету перспективасы талқыланды. Екі ел президенттері күн тәртібіндегі халықаралық мәселелер жөнінде де пікір алмасты.

Сонымен қатар Қазақстан президенті мемлекетаралық ынтымақтастықтың түрлі мәселелері жөнінде Кувейт мемлекетінің Әмірі Сабах әл-Ахмад әл-Джабер ас-Сабахпен, Катар Әмірі шейх Тамим бен Хамад Әл Танимен, Бахрейн Королі Хамад бен Иса Әл Халифамен, Абу-Дабидің тақ мұрагері, Біріккен Араб Әмірліктері Қарулы күштері жоғарғы бас қолбасшысының орынбасары, шейх Мұхаммед бен Заид Әл Нахаянмен, Мавритания президенті Мохаммед ульд Әбдел-Әзизбен, Пәкістанның премьер-министрі Н.Шарифпен пікірлесті.

Нұрсұлтан Назарбаев Ислам ынтымақтастық ұйымының Бас хатшысы Юсеф бен Ахмед әл-Усайминмен өзара іс-қимылдың кейбір аспектілерін талқылады. 

Сондай-ақ Нұрсұлтан Назарбаев АҚШ-тың мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсонмен жеке кездесті. Кездесуде Қазақстан Президенті мен АҚШ-тың Мемлекеттік хатшысы екіжақты ынтымақтастықтың қазіргі ахуалы мен оның кейбір аспектілерін дамыту перспективаларын талқылады. Нұрсұлтан Назарбаев пен РексТиллерсон мейлінше өзекті халықаралық мәселелер жөнінде де пікір алмасты. Мемлекет басшысы Қазақстан мен АҚШ арасындағы өзара іс-қимыл көптеген бағыттар бойынша дамудың жаңа сапалы деңгейіне көтерілетініне сенім білдірді.

Айтқандай, дәл осы кезде, бүгін Астанада Қазақстан мен Біріккен Араб Әмірліктерінің бизнес форумы өтті. Іскерлік шараны Қазақстанның сыртқы сауда палатасы еліміздің инвестициялар және даму министрлігімен, "Атамекен" КҰП және "Бәйтерек" холдингімен бірлесіп ұйымдастырды.

Форумға мәртебелі шейх, БАӘ сыртқы істер және халықаралық ынтымақтастық министрі Абдалла бен Заид Аль Нахаян, сондай-ақ Біріккен Араб Әмірліктерінің сауда-өнеркәсіптік палаталары мен инвестициялық компанияларының басшылары қатысты.

Біріккен Араб Әмірліктерінің ауқымды бизнес-делегациясының құрамында инвестиция, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы мен тағамдық өнеркәсіп, фармацевтика, жылжымайтын мүлік, құрылыс салаларындағы кәсіпкерлер болды.

Форум аясында "Қазақстан өнімінің экспорттық мүмкіндіктері" мен "Бірлескен қор құру" тақырыптарында панельдік сессиялар өткізілді.

Сонымен қатар, инвестиция, энергетика, машина жасау, ауыл шаруашылығы мен тағамдық өнеркәсіп, фармацевтика, жылжымайтын мүлік пен құрылыс саласына арналған В2В форматында кездесу өткізу үшін арнайы алаң да ұйымдастырылады.

Инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің айтуынша, Қазақстан БАӘ экономикасына 900 миллион доллардан астам инвестиция құйыпты. Ал Қазақ елі тәуелсіздік алғалы бері әмірліктер республикамызға 2 миллиард доллар инвестиция салған.

"Біріккен араб әмірліктері Қазақстан үшін Таяу Шығыстағы басты серіктестердің бірі болып табылады. Біздің қарым-қатынастарымыз достық пен өзара сенімге құрылған. Бүгінде біз екіжақты сауда-экономикалық қатынастардың үдемелі даму жолына шыққанын қанағат сезіммен атап өте аламыз. Тауарайналым көлемі бойынша БАӘ Таяу Шығыс елдері арасында бірінші орында тұр", – деді ЖеңісҚасымбек.

Оның мәліметінше, қазір елімізде әмірлік бизнесмендерінің қатысуымен шамамен 200 бірлескен кәсіпорын жұмыс жасауда.

Бизнес-форум қорытындысында Қазақстан мен БАӘ бірлескен бизнес-кеңес құруға келісті. Уағдаластық "Атамекен" КҰП пен БАӘ кәсіпкерлер палатасы арасында тиісті келісім түрінде рәсімделіп, тараптардың қолтаңбаларымен бекітілді.

Сонымен бірге Қазақстан араб әлемінің тағы бір көшбасшысы – Сауд Арабиясымен де осындай бизнес-форумдар өткізіп, келісімдерге қол қоюды жоспарлауда. Бүгінгі таңда бұл елдер ел үкіметі үшін үлкен қызығушылық тудыруда. Өйткені олар әлем бойынша триллион доллардан артық инвестиция салады екен. Ресми Астана мұсылмандық байланыстарды негізге ала отырып, осы қаржы ағынын қазақ еліне молынан тартуға бейіл.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу