Армения – Қазақстан: Ереванда есе жібердік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1826

Қазақстан ұлттық құрамасы түзде Армения футболшыларынан ұтылып қалды.

Армения – Қазақстан: Ереванда есе жібердік

Армения атойлап, Қазақстан қорғанып...

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы бесінші кездесуін Ереванда өткізіп, Армения құрамасынан 0:2 есебімен ұтылып қалды. Бірінші таймда дес бермегенімен, ойынның екінші жартысында екі мәрте қапы қалды. Бірақ оның да өзіндік себебі бар...

Төрешінің ысқырығы естілісімен, Армения құрамасының футболшылары алға қарай лап қойды. Тіпті матчтың бірінші минутында белді ойыншыларының бірінен айырылды. Геворг Казарян допқа қарай жүгіріп, алдынан кесе-көлденең шыққан біздің қақпашымызға соғылып, оңбай құлады. Әрі жарақаттанып, қатардан шығып қалды.

Әйтсе де, Генрих Мхитарян бастаған Армения футболшылары шабуылды үдетті. Тізгін тартпай алға қарай ентелеп, біздің құраманы кейін қарай тықсыра түсті. Бірақ қақпамызды дұрыстап нысанаға ала алмай, соққылары қиыс кетіп отырды.    

Әрине, біздің құрамдағы жігіттер де қарап қалмады, аракідік қарсы шабуыл ұйымдастырып отырды. Десек те бірінші таймда алаң иелері қыспаққа ала түсті. Бірақ қорғаушыларымыз да тізе қоса қимылдап, қақпашымыз да қас шеберлік танытты. Давид Лория алаң иелерінің бірнеше қауіпті соққыларын тойтарды.

Бір ойыншымыз алаңнан қуылды

Екінші таймда да Армения алға қарай ұмтылды. Өз алаңы, жанкүйерлері де қиқу салып, “қамшылап” отыр. Ортамен де, қос қапталмен де шабуыл ұйымдастырып, біздің қорғанысымызды піспектеп жүр. Айылдарын жияр емес. Қарқындарын үдете түсті.

Осындай ойын сәтінің бірінде алға қарай құстай ұшқан Генрих Мхитарянды алаңдағы жалғыз орталық қорғаушымыз Сергей Малый итеріп құлатты. Төреші әуелі сары, одан соң қызыл қағазын көрсетіп, ұзынтұра қорғаушымызды алаңнан қуды. Себебі ол бірінші таймда тағы бір рет ескерту алған болатын.

Сөйтіп біздің құрама 10 ойыншымен ғана қалды. Ал армяндар қарқындарын одан әрі үдете түсті. Тайлы-таяғымен шабуылдап, біздің құраманы әбден састырды. Тіпті алаңға тың ойыншыларын шығарып, қыспаққа алды. Ақыры өз дегендеріне жетіп тынды. Екі минуттың ішінде екі гол соқты. Мхитарян мен Озбилиз өз мүмкіндіктерін мүлт жіберген жоқ.

Бас бапкер неге кеш қалды... 

Ал біздің бас бапкерді түсіну қиын. Ресей маманы Александр Бородюк жалғыз орталық қорғаушымыз алаңнан қуылса да, ойыншы алмастырар емес. Жасыл алаңдағы ойыншыларымыздың орындарын ауыстырумен ғана шектелді. Сөйтіп жаза басты. Армения құрамасы екі рет сан соқтырып кетті.

Тек осыдан кейін ғана жартылай қорғаушымыз Исламбек Қуаттың орнына орталық қорғаушы Виктор Дмитриенконы шығарды. Бірақ сәл кеш қалған сияқты. Екінші таймның ширек бөлігінен астам бөлігін неге орталық қорғаушысыз ойнағанын түсіне алмай, дал болдық.

Ал ойынның аяғына қарай біздің футболшылар намысқа жүгініп, шабуылды жиілетті. Әрі Армения құрамасы да қарқынын сәл де болса бәсеңдетіп, жеңісті есепті уысынан шығармауды ғана ойлағандай. Матч осылай 0:2 есебімен аяқталып, Қазақстан құрамасы басты бәсекелесіне есе жіберіп алды.

2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі

УЕФА, "Е" тобы, 5-тур

Румыния – Дания – 0:0

Црна Гора – Польша – 1:2

Армения – Қазақстан – 2:0

Голдар: Мхитарян, 73. Озбилиз, 75.
64-минутта Малый алаңнан қуылды.

Армения: Бегларян, Восканян, Андонян, Ароян, Айрапетян, Малакян, Пиззелли (Манучарян, 65), Оганесян, Мхитарян, Казарян (Барсегян, 5), Саркисов (Озбилиз, 70).
Қазақстан: Лория, Тұңғышбаев (Мұжықов, 79), Бейсебеков, Малый, Шомко, Сүйімбаев, Тағыберген, Қуат (Дмитренко, 81), Исламхан (Байжанов, 87), Нұрғалиев, Нөсербаев.

1. Польша – 13 ұпай

2. Црна Гора – 7

3. Дания – 7

4. Румыния – 6

5. Армения – 6

6. Қазақстан – 2

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу