Армениямен ойнаймыз, Кипрді де ойлаймыз...

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2020

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасы 26 наурыз күні Ереванда Армения құрамасымен кездеседі.

Армениямен ойнаймыз, Кипрді де ойлаймыз...

Арарат аңғарында Армениямен "айқасамыз"

Қазақстан ұлттық құрамасы 26 наурызда Арарат аңғарында Армения құрамасымен кездесіп, 2018 жылғы әлем чемпионатының іріктеу турнирі аясындағы бесінші кездесуін өткізеді. Осы ретте айта кетейік, біздің футболшылар "Е" іріктеу тобында төрт ойын өткізіп, екі ұпай ғана олжалады. Ал армяндардың еншісінде – үш ұпай...

Қазақстан құрамасы Астанада Польша футболшыларымен 2:2 есебімен, ал Румыния жігіттерімен 0:0 есебімен тең түсіп, түзде Црна Гора қырандарынан 0:5 есебімен, ал Дания тарланбоздарынан 1:4 есебімен ойсырай ұтылып қалды.

Армения құрамасы болса, түзде Дания (0:1) және Польша (1:2) құрамаларына есе жіберіп алып, өз алаңында Румыниядан ойсырай ұтылды (0:5). Есесіне, Црна Гора футболшыларын 3:2 есебімен ұтты. Осы жеңістерінің арқасында, "Е" тобының турнир кестесінде бізден бір саты жоғары тұр.

Деңгейлері шамалас екі құрама арасындағы ойын шиеленісті өтуі керек. Әрине, армяндар өз алаңында көш соңындағы Қазақстан құрамасын "міндетті түрде ұтуымыз керек" деп ойлайды. Ашық айтпаса да, үйде жеңіске жетуді көздеп отыр. Ал біздің құрама Армения құрамасын жеңбегенде, қай елдің футболшыларын жеңеді?! Сонымен, қайсысы айласын асырады...

Кипрде кежегеміз кейін тартты 

Осы матчқа Қазақстан ұлттық құрамасы Кипрде дайындалды. Құрама сапына шақыртылған футболшылар ел чемпионатының үшінші туры аяқталған соң, нақтырақ айтқанда, 19 наурыз күні Талғардағы базаға жиналды. Жаңа бапкер Александр Бородюктің жетекшілігімен жаттығу жұмыстары үстірт өткізіліп, ертеңінде Кипрге ұшып кетті. Алматыдан Ақтау арқылы Ларнакаға чартерлік рейспен ұшып барып, екі күн жаттығу жұмысын жүргізді.

Ал 22 наурыз күні Кипр құрамасымен жолдастық кездесу өткізіп, 1:3 есебімен ұтылып қалды. Бірінші таймда бірнеше қауіпті шабуыл ұйымдастырып, көсіле шапты. Таңат Нөсербаев алаң иелерінің екі қорғаушысы мен қақпашысының ортасында тұрып-ақ, допты өкшесімен теуіп, есеп ашты.

Алайда екінші таймда қарқындарын бәсеңдетіп алып, жиі қателесті. Алаң иелерінің қыспағына төтеп бере алмай, үш гол жіберіп алды. Бар болғаны бір сағаттай уақыт қана жоғары деңгейде ойнап, одан кейін білгендерінен жаңылды. Өздерімен дейгейлес, құрамына бірнеше жаңа ойыншы қосылып, ойын өрнегі әлі үйлесе қоймаған құрамадан екі доп айырмасымен ұтылып қалды.

Осы ретте бір көңіл аударарлығы, Кипр құрамасы соңғы бес жылда Андорра құрамасын 5:0 және 3:1 есебімен ұтып, ал УЕФА құрамына енгеніне төрт жыл ғана болған Гибралтар футболшыларын 3:1 есебімен ұтқан екен. Басқаларына үш гол соға алмаған. Енді біздің ұлттық құраманы да дәл осындай есеппен жеңіп отыр. Дәл қазіргі аяқ алысымыз бен шама-шарқымыздың деңгейін осыдан-ақ пайымдай беруге болатындай...

Қорғанысымыздың бел ортасы сыр беріп жүр

Кипрмен өткен матчта жаңа бапкер, ресейлік Александр Бородюк алаңға төрт қорғаушы шығарды. Олар – Абзал Бейсебеков, Дмитрий Шомко, Ғафуржан Сүйімбаев және Сергей Малый. Бұлардың соңғысы ғана – орталық қорғаушы. Қалғандары – қос қапталда ойнайтын және шабуылға бейім ойыншылар. Екінші таймда Дмитрий Мирошниченконы, ал соңғы минутта Григорий Сартаковты шығарды.

Бас бапкердің алаңға неліктен Юрий Логвиненко мен Виктор Дмитренконы алаңға шығармағанын түсінбедік. Бәлкім, Еревандағы ойынға сақтаған болар. Әйтпесе, биыл ел чемпионатында алаңға шыққаннан қосалқы құрам орындығында отырғаны көп, үш турдың біреуінде ғана бастан-аяқ ойнаған жалғыз орталық қорғаушымен Кипр құрамасына қалай төтеп бермек болғанын түсіну қиын. Ал Ларнакада екінші орталық қорғаушының міндетін үнемі сол қапталда ойнайтын Дмитрий Шомко атқарғандай.

Жалпы, біздің ұлттық құрамада осы орталық қорғаушы мәселесі күрмеуі күрделі түйін болып тұр. Сартаков, Рудосельский сынды жас қорғаушыларды осындай додаларға салып, баули беру керек сияқты. Өйткені, Логвиненко алаңға шықпаса болды, бекінісіміздің жігі сөгіле бастайды. Енді Ереванда қалай болар екен. Бұл күнде "Манчестер Юнайтед" клубының намысын қорғайтын Генрих Мхитарян бастаған Армения шабуылына қайрат көрсете аламыз ба, жоқ па?..

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу