Арнайы экономикалық аймақтар сыннан көз ашпай тұр

4983

"Павлодар" АЭА 21 млрд теңгенің 3 млрд-тан астамын ғана игерсе,  "Тараз" химиялық паркі бірде-бір жобаны жүзеге асырмаған. 

Арнайы экономикалық аймақтар сыннан көз ашпай тұр

Елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ бар. Осылардың ішінде табысты жұмыс істеп тұрғандарының бірі Павлодар облысында орналасқан.

Үздік үштіктен түспейтін мұнай-химия бағытындағы "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында осы күнге дейін 8 кәсіпорын ашылды. Олардың екеуі былтыр іске қосылды. Екеуі де алюминий кластеріне арналған.

2017 жылы қос кәсіпорын 40 млрд теңгенің өнімін өндірді. "Павлодар" АЭА-ның басқарма төрағасы Александр Зореевтің айтуынша, биылғы міндет – өндіріс көлемін екі есе ұлғайту.

Дегенмен "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының әупіремдеп жүріп қатарға қосылғанын жақсы білеміз. Өйткені қағаз жүзінде 2011 жылдың қарашасында құрылған аймақта инфрақұрылымға қатысты мәселе дүркін-дүркін орын ала берді. Мәселен Александр Зореевтің сөзінше, 2012-2013 жылдары бұл іспен ешкім айналыспаған. Яғни инфрақұрылым жүргізілген жоқ.

"Соған қарағанда өзара түсіністік болмаған сияқты. Ал 2016 жылдың наурыз айында арнайы экономикалық аймақтың құрылыс жоспарының жоқ екені белгілі болды. Сондықтан биыл кеш болса да, аймақтың бас жоспарын әзірлеуді көздеп отырмыз", – дейді Александр Зореев.

Атап өтерлігі, "Павлодар" арнайы экономикалық аймағының инфрақұрылыммен қамтамасыз етілуі Қазақстан бойынша ең төменгі деңгейде. Өйткені, АЭА-ның дамуына мемлекеттен бөлінген 21 млрд теңгенің тек 3 млрд теңгеден астамы ғана иегерілген. Бұған инфрақұрылымды уақытылы жүргізбеу, одан кейін жобалардың жоқтығы әсер еткен. Ал жоба болмайынша, ақша да бөлінбейтіні анық.

"Кейін жобалар көбейіп, бәрі жолға түсті. Биыл да жаңа кәсіпорындар ашу жоспарда бар. Атап айтқанда, алюмосиликат микросфераларының өндірісі бойынша "Металлогамм" компаниясы жұмысын бастайды деп күтілуде. Кәсіпорын электр станцияларының қалдықтарын өңдеуге бағытталған. Шығарылатын өнім өте қат дүние. Павлодар делегациясы Жапонияға жұмыс сапарымен барғанда ол жақтағы әріптестеріміз аталған өндіріс жайлы естіп, қызығушылық танытты. Сонымен қатар осы жылдың соңына қарай ыстықтай мырыштау зауыты іске қосылады. Бұл жобаны Екатеринбургтың кәсіпкерлері қолға алмақ. Көкшетаудың "Новопэк" компаниясы "Павлодар" арнайы экономикалық аймағында полимерлі қаптама шығаруға ниетті. Бұл кәсіпорынның қай жерге орналасатынын анықтадық. Биыл кем дегенде үш кәсіпорын іске қосылады деген болжам бар", – дейді Александр Зореев.

"Павлодар" АЭА-ның басқарма төрағасының сөзінше, аймаққа Ресей, Қытай, Оңтүстік Корея секілді алпауыт мемлекеттер қызығушылық танытып отыр.

"Бұл ретте Павлодардың логистикалық тұрғыдан орналасуы инвесторларды қызықтыра түсуде. Сонымен қатар біздің өңірде суды пайдалану мүмкіндігі жоғары. Электр энергиясы да өзімізде өндіріледі. Инвестор үшін керегі – кепілдік. Олар кәсібінің 10-15 жылдан соң түгесіліп қалмағанын қалайды. Сондықтан осы аталғандардың бәрі шетелдік инвесторларға кепілдік бола алады", – дейді басқарма төрағасы.

Александр Зореевтің сөзінше, "Павлодар" инвестор тарту жағынан және инвесторларға тартымдылық тұрғысынан республика бойынша үздік үштікке еніп отыр. Сондай-ақ бұл қатарда Астана мен Шымкенттің арнайы экономикалық аймақтары бар.

"Павлодар" АЭА аумағына 30-дай жобаны жүзеге асыруға болады. Ал кішігірім кәсіпорындарға индустриялық парк құру бастамасы көтерілуде. Бұл дайын аумақ болмақ. Яғни қажетті құрылғыларды әкеліп, жұмысты бастай беруге болады. Дегенмен бұл бастама идея күйінде ғана қалып отырғанын ұмытпайық.

Жоғарыда атап өткеніміздей, елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ бар. Бұл ретте әр аймаққа арнайы салалар бекітілген. Мәселен Павлодар мен Атырауда мұнай-химияны, Ақмолада туризмді, Қарағандыда металлургияны, Алматыда ІТ-инновация мен логистиканы, Таразда химияны, Шымкентте тоқыманы, ал Ақтау мен Астанада әртүрлі бағыттарды қамту жоспарланған.  

Алайда өткен аптада өткен үкіметтің кеңейтілген отырысында мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаев арнайы экономикалық аймақтардың жұмысына көңілі толмайтынын айтты.  Өйткені қағаз жүзінде құрылып, бірақ нақты жұмыс істемей тұрған аймақтар бар. Мәселен Жамбыл облысындағы "Тараз" химиялық паркінде алты жыл ішінде бірде-бір жоба іске қосылмаған. Сондықтан президент бұған дейін құрылған аймақтардың жұмысы тиімділігін көрсетіп, жолға түспейінше, жаңа аймақ  құруға тыйым салды.

"Бюджеттің қыруар қаржысы арнайы экономикалық аймақ құруға жұмсалуда. Қазіргі уақытта елімізде 11 арнайы экономикалық аймақ бар. Оларды құруға 283 млрд теңге бөлінді. Облыс әкімдері тағы да дәл осындай аймақ құру бойынша өтініш беруді жалғастыруда. Алайда  аталған 11 аймақ бізге не берді? Үкімет ең алдымен соның жұмысын сараласын. Ал оған дейін ешқандай арнайы экономикалық аймақ құрылмасын", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Президенттің айтуынша, арнайы экономикалық аймақтар әлі де болса өсім көрсететін салаға айнала алмай отыр. Алдағы жылдары аймақтарға 188 млрд теңге салу жоспарлануда. Бұл қыруар қаржы. Арнайы экономикалық аймақтарды құрудағы мақсат – инвестиция тарту және өңір экономикасының өсімін арттыру. Сондықтан президент жұмыс тиімділігін еселеу үшін жұмысқа басқа қырынан келу керектігін айтты.

Ақтоты Қабдықайыр

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу