Арнасай ауылы ЭКСПО қонақтарын күтуге дайын

3728

ЭКСПО-2017 көрмесіне тура 131 күн қалды.

Арнасай ауылы ЭКСПО қонақтарын күтуге дайын

Сырттан келетін туристерді күтіп алуға елорда іргесінде орналасқан экологиялық ауыл дайын. Шамамен Астанадан 30 шақырым жерде орналасқан "Арнасай" ауылы жасыл технологияларды енгізу арқылы энерготиімділікті насихаттап келеді.

"Жасыл" технологиялар ордасы

Арнасай ауылы Ақмола облысында орналасқан. Қазақстанда ашылған тұңғыш "жасыл ауыл" атауын иеленген. Мұнда жастардың "EXPO-CAMP" лагері, экоқонақүйлер, жасыл технологиялар орталығы, "G-Global" саябағы бар.

Өткен жылдың өзінде қол жеткізген жетістіктер көп. Мәселен "Арнасай" жасыл технологиялар орталығында 35 қондырғы жұмыс істейді. 4 мыңға жуық адам "жасыл" технологияларды меңгеру үшін оқу бағдарламасынан өткен. Ауыл шаруашылығы саласындағы біліктілікті арттыру үшін органикалық орталық құрылған. "Жасыл" технологияларды қолданысқа енгізуде 16 компаниямен серіктестік-әріптестік жасалған. Бюджеттің 1,5 млн теңгесін үнемдеп, 3 тоннаға жуық таза көкөніс өнімдерін алған.

"Ақмола облысының іргесіндегі Арнасай ауылында ашылған орталықтың басты мақсаты – тұрғындарға жасыл экономика мен технологиялар туралы жүйелі білім беру. Жаңадан ашылған орталық 1 мың шаршы метр аумақты алып жатыр. Мұнда 15 инновациялық технология қамтылған. Мәселен көмір қызуын бірнеше рет арттыратын пиролиз пеші, күн батареялары мен коллекторлары, биогумус, фитодиодты жарық, энерготиімділікті арттыратын киізүйлер, фитожылыжай және тағы басқа ғылыми технологиялар жұмыс істеп тұр", – дейді "Жасыл экономиканы" қолдау және GGlobal дамыту" коалициясының төрайымы Салтанат Рахымбекова.

Оның айтуынша, органикалық ауыл шаруашылығы бойынша екі жылыжай кешені қолданылады. Бірі жер астындағы болса, екіншісі жер үстіндегі жылыжай. Олардың артықшылығы энергия тиімділігінде. Жылыжайдың әрбір шаршы метр аумағынан 50-60 келіге жуық қияр, қызанақ алуға мүмкіндік бар. Мұнда тамшылатып суару ғана емес, тұман арқылы ылғалдылық жасау технологиясы қалыптасқан. Арнайы ауа тазартқыштың көмегімен өнімдерді уақытынан ерте жинап алуға болады. Фитожылыжайда рукола, базилик, тіпті құлпынайды өсіру секілді жұмыстарды ауыл балаларының өздері-ақ жайқалтып отыр.

Жалпы халық арасында "ЭКСПО-ның бізге керегі бар ма?" деген кереғар пікірлер жиі айтылады. Әрине оның пайдасы бар. Арнасай ауылының тұрғындары жасыл технологияның игілігін көріп, табыс тауып жатқанына біраз уақыт болды.

Мәслелен, ауылдағы балаларға білім беретін қарапайым білім ордасын алайық. Вячеслав мектебі – энерготиімділікті қамтамасыз етіп келеді. Жасыл технологияларды қолдана отырып, бюджеттен жарыққа, жылуға бөлінетін 3 млн теңгені үнемдейді.

"Жасыл" технологиялар орталығы туралы халыққа жиі ақпарат берген жөн. Біз мұнда халықты оқытып, өз кәсібін тікелей ашуға ықпал етеміз. Қазір мұнда 30 адамды оқытатын аудитория мен 30 адамға лайықталған қонақжай бар. Тамақтандыру орындарымен қатар балық өсірумен айналысатын шағын цех жұмыс істейді. Біздің басты мақсатымыз – тұрғындарды осындай кәсіпке баулу, бизнес көзін ұйымдастыру. Олардың әрі қарай өмір сүру деңгейін көтеру. Биыл елімізде өтетін ЭКСПО-2017 көрмесінің тақырыбы да сол, жасыл технологияны тарту арқылы кәсіпорындар ашу, тұрғын үй жарақтарына кететін шығынды азайту. Ауыл тұрғындарымен тікелей жұмыс істей отырып, енді осы орталықтың жанынан кооперативтер ашсақ деген жобамыз бар", – дейді Салтанат Рахымбекова.

Бұл кооперативте мал шаруашылығы мен құс шаруашылығын дамыту көзделген. Отандық мал басын көбейтіп, ақ өнімдерін сатуды ұйымдастыру қолға алынбақ.

Бір қуанарлығы, Арнасай ауылында үйде жұмыссыз отырған 100 әйел "Жасыл" технологиялар орталығы бастамасымен былтыр жобаны бастаған. Оларға грант бөлу арқылы өнім өсірудің жолы көрсетілген. Әрмен қарай олардың дайын өнімді өткізуге мүмкіншілігі бар.

"Ауыл халқының несібесіне орай, ауыл шаруашылығы министрлігі жаңа бағдарламаны жүзеге асырмақшы. Біз әдетте тұрғындармен жұмыс істегенде, қаржы институттарымен де қатар жұмыс істейміз. Кооператив құруға қаржыны үкіметтен тартамыз. Бөлінген ақша технология алуға жұмсалады. Мақсатымыз – сол технология жасыл болуы тиіс. Барлық жағынан үнемді әрі қарапайым сөзбен айтқанда жасыл алаңдарды ұйымдастыруға себепшіміз. Шынын айту керек, біз ЭКСПО-ға дайындықты ерте бастап кеттік. Құр ауыз сөзбен ұран тастамай, істің бел ортасына келдік. Қазір үкіметтік ұйымдардың өзі мұндай жұмысты істей алмай отыр. Біздің команданың жұмысын мақтанышпен айта аламын", – дейді Салтанат Рахымбекова.

ЭКСПО көрмесі қарсаңында сырттан келген қонақтар мен туристерді екі бағытта Арнасай ауылына шақыру көзделіп отыр. Көрме өтетін үш ай мерзімде жұмыс істейтін "EXPO-CAMP" лагерінің де жоспары құрылып, мақсаты айқындалған. Жастардың "жасыл" лагері 12 аптада 200 баланы бес күн бойы жасыл технологиямен жан-жақты таныстыруды мықтап қолға алмақшы. Осы саладағы тәжірибелі мамандардың қатысуымен бағдарламалар (конкурс, фестиваль, жасыл экономиканы терең түсіндіретін жобалар) ұйымдастырылып, болашақта еліміз үшін жасыл технологияның қажеттілігін баланың бойына тұтастай сіңірмекші.

"Балалар немен айналысады?" деген сауал ойландырады. Олардың тамағы, қауіпсіздігі және демалысы маңызды. Басқа үйреншікті бағдарламалар сияқты емес, мамандық таңдауына түрткі болатын жоба болғанын қалаймыз. Скауттар ұйымымымен бірлесіп, осында 60 адамға арналған шатырлар орнатылады. Үкіметтен бір тиын алмай, әріптестерімізді тарта отырып, жасамақшымыз", – дейді Салтанат Рахымбекова.

Тұрғындардың жағдайы жақсарып келеді

Бұл ауылда Вячеслав су қоймасы бар. Сондықтан мамандар ауыл және мал шаруашылығы, сонымен қатар балық шаруашылығын дамытуға барлық қолайлы жағдай жасалғанын айтады. Ал "жасыл" технологияларды өндіріске ендіру арқылы шығындарды барынша қысқартуға болады.

"Арнасай" ауылында экологиялық қонақүйлер бой көтермекші. Ауыл әйелдерінің белсенді қатысуымен 10 үй арнайы таңдап алынады. Әлбетте, "жасыл" технологиямен қатамамасыз етіледі.

"Біздің үлесіміз технологияны дайындап, бағаны белгілеу. Арнайы бағыт ұйымдастырамыз. Ауылдың мүмкіндігін, яғни тұрғындардың шағын кәсібін дамымтып, қаржы табудың көзін тауып береміз. Біз экологиялық қонақүйлердің барлық талабын жасап, тақырыбын тауып, іске асыруды бастап кеттік. Үлкен қалалардың жанында ауыл тұрғындарына бизнестің көзін көрсету мемлекет үшін де тиімді. Дәл қазіргі уақытта "жасыл" технология тәжірибесі бүкіл ауылға тарады десек болады. Мұнда 165 үйде тамшылатып суару технологиясы бар", – дейді Салтанат Рахымбекова.

"Жасыл" компаниялар кімдер?

Көптеген инноватор өз ғылыми табысын "Арнасай" ауылынан сынақтан өткізуге мүдделі. Осында сынақтан өткен "жасыл" технологиялар бүгінде еліміздің әр өңірінде қолданысқа енгізіліп жатыр.

Мәселен Вячеслав орта мектебінде қолданысқа енген пеш көмірдің ұзақ жануын қамтамасыз етеді. Қарағандылық Александр Петровтың пиролиздік көмір пешін бүгінде басқа да ұйымдар пайдалануда.

Ал Назарбаев университетінің технопаркі мен отандық "KunTech" ком­па­ния­сының су жылытуға арналған күн коллекторы өз тиімділігін дәлелдеді. "KunTech" ЖШС директоры Дияз Байсейітовтің айтуынша, бұл қондырғы қысқы аязда да күн сәулесі арқылы 500 литр суды 120 градус температураға де­й­ін қайнатуға қауқарлы.

Ауыл кәсіпкері Андрей Стрелецтің биогумус өнімі ауыл шаруашылығына таптырмас мүмкіндік. Калифорниялық құрттардың көмегімен дайындалған биогумус өнімі экологиялық таза өсімдік­ өсіруге ауадай қажет. Бүгінде отандық био­гумус еліміздің басқа қалаларына да жеткізіледі.

Гүлназ Шарханқызы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу