Астана келіссөзінің Сириядағы жағдайға әсері

Жанат Байжомартұлы Жанат Байжомартұлы
5282

Әлемдік деңгейдегі сараптама орталықтары "Астананы – Азияның Женевасына" теңеді.

Астана келіссөзінің Сириядағы жағдайға әсері

Ресей мен Түркия келісімі

Былтыр тамызда Ресей мен Түркияның татуласуы нәтижесінде Сириядағы әскери қақтығыстың сипаты күрт өзгеріп, Таяу Шығыстағы қауіпсіздік пен геосаяси тепе-теңдікке тікелей әсер етті. Ықпалдастыққа зәру екі елдің жақындасуына Қазақстан өзінің қомақты дипломатиялық үлесін қосты. Еліміз осы араағайындық қадамы арқылы әлемдік геосаясаттағы өз орнын айқындай түсті.

2016 жылдың ортасына дейін АҚШ пен Ресей сыртқы істер өкілдері Сириядағы оппозициялық күштерді лаңкестік топтардан ажырату мәселесінде ортақ келісімге келе алмады. Өйткені Обама әкімшілігі бірте-бірте Таяу Шығыстан алыстау, Сирияға араласпау саясатын ұстанғаны белгілі. Бүкіл аймаққа қауіп төндірген Сирия мәселесінде Түркия Ресеймен етене ықпалдасуға мәжбүр болды. "Еркін Сирия армиясына" өз ықпалын жүргізген Түркия АҚШ-тың орнын алмастырғандай болып, Ресеймен келісу арқылы Сирияның солтүстігіндегі ДАИШ пен күрд жасақтарына қарсы "Евфрат қалқаны" және Әл-Баб операциясына қатыстыру мақсатымен Алеппо маңынан қарулы оппозиция жасақтарын алып кетті. Стратегиялық орталық – Алеппода Сирия үкіметі жақтастарының бірлескен әуе және құрлық күштерінің тегеурінді шабуылдарынан радикалды және оппозициялық күштер коалициясы ойсырай жеңіліп, қаладан шығуға мәжбүр болды. Сөйтіп Алепподағы соғыс Сириядағы әскери тепе-теңдікті бұзып, қақтығыстың бағыты мен тағдырын өзгертті.

Одан кейін Идлиб маңына көшірілген қарулы оппозиция өкілдері Анкарада Ресей жағымен соғысты тоқтату жөнінде келіссөз жүргізе бастады. 20 желтоқсанда Иран, Түркия және Ресей Сириядағы гарант елдер деп жарияланып, "Мәскеу декларациясына" қол қойылды. 29 желтоқсанда Түркия мен Ресейдің бастамасымен Сирия үкіметі және оппозиция арасында атысты тоқтату жөнінде келісімге қол қойылып, бұл құжат БҰҰ Қауіпсіздік кеңесінде бірауыздан қабылданды.

"Астана процесі"

Ресей мен Түркия Қазақстанның жақын стратегиялық одақтасы әрі серіктесі екені осы жолы анық байқалды. Сирияда соғысты тоқтатуға бағытталған бейбіт келіссөзді Астанада өткізу туралы Ресей мен Түркияның ұсынысын Қазақстан оң қабылдады. Ресей жағы Алепподағы басымдығын, әскери майдандағы ұстанымын саяси-дипломатиялық арнаға бұруға талпынды. Түркия Сирияға қатысты ұстанымын өзгерткен соң "Еркін Сирия армиясының" да мінезі жұмсарып, бейбіт келіссөз күн тәртібіне енді. Әлбетте, Сирия оппозициясы Астанадан басқа жерге, айталық, тікелей Мәскеуге келіссөз үшін баруға құлықсыз еді. Ал бітімгерлік тәжірибесімен танылған, халқының көпшілігі Исламның сунни бағытын ұстанатын Қазақстан астанасы соғыстан қажыған тараптарға жаңа келіссөз алаңы, тосын саяси мүмкіндік болып көрінді. Бұған келіссөз болмай жатып, араб тілді ақпараттық құралдарының Астанаға айрықша көңіл бөліп, жарыса жазғаны айғақ бола алады. Әсіресе, оппозицияның Астанаға келуіне Түркияның тікелей ықпалы, халқымыздың мұсылман болғаны да әсер етті. Тіпті әлемдік деңгейде сараптама жасайтын орталықтар "Астана – Азияның Женевасы" деп те жазып жатты.

Әрине, қолына қару ұстап, 6 жыл бойы бір-бірімен жауласып келген Сирия үкіметі де, бытыраңқы оппозициялық топтар да Астанаға ерігіп келмегені белгілі. Тартысты, шиеленісті жағдайда өткен Астана келіссөзінің Женева кездесуінен басты артықшылығы соғысқа қатысушы тараптардың бір үстел басына отыруы үлкен символикалық мәнге ие оқиға болып, психологиялық кедергіні еңсеруге көмектесті. Сөйтіп Сирияда сіресіп қалған мұз еріп, сең қозғалды. Астанада БҰҰ, Ресей, Түркия, Иран, АҚШ өкілдерінің бас қосуы Сирия соғысының мәні, сипаты мен бағыты өзгергенін білдіреді. Мәскеу, Анкара және Тегеран Астана келіссөзінде Сирия соғысынан қалайша аз шығынмен шығуға болатыны мәселесінде ортақ шешім іздеді.

Әлбетте, атысты тоқтату және тағы басқа күрделі мәселелер турасында Сирия үкіметі мен оппозиция, Иран мен оппозиция, Түркия мен Иран, Ресей мен Түркия, Ресей мен Иран арасында келісілуі тиіс мәселелер көп болды. Десе де, Мәскеу Астанада соғысқа қатысушы тарап ретінде емес, үрдістің үстінен қарайтын "әділ арбитр" болуға тырысты. Қазақстан қатысушылар арасында шынайы бейтарап ұстанымда болды. Сирия үкіметі Ресей мен Иранға, ал оппозиция өз одақтастарына сеніп, әзірше артқа шегініс жасағысы келмеді. Өйткені әлі тойтарыс беруге қабілетті оппозициялық күштер алғашқы келіссөзде қолдағы барлық көзірін көрсетпей, өздерін сақ ұстады.

Астана мәлімдемесінде үш гарант мемлекет атысты тоқтату режімін бақылау тетігін іске қосу туралы келісуі Сирия соғысын тоқтату тұрғысынан маңызды қадам болды. ДАИШ пен "Жәбхат Фатх-әш-Шам" (Әл-Қаида тармағы) террорлық топтарына қарсы бірлесіп күресу жөнінде келісілді. Әрине Сирияда әскери ықпалға ие үш кепілгер мемлекет алдымен өз саяси мүддесін көздегенін ұмытпаған жөн. Осылайша Астанада халықаралық саясаттағы ең күрделі әскери-саяси мәселеге қатысты бірлескен шаралардың мән-жайы айқындала түсті.

Келіссөздің әсері

БҰҰ-ның Сириядағы өкілі Стаффан де Мистура Астана келіссөзінің сәтті өткенін мәлімдеді. Келіссөзден кейін асығыс-үсігіс талай мәселенің бағыты айқындала түсті. Былтырғы жылдың соңынан бері және Қазақстанда өткен келіссөздердің де әсерімен Сирия майданында маңызды оқиғалар болды. "Әл-Хаят" газеті Астана келіссөзі Сириядағы саяси және әскери салаға өзгеріс алып келгенін жазды. Астана жаңа келіссөз өтетін жер болып белгіленген сәттен бастап, кездесу аяқталғаннан кейін де алпауыт елдер шеше алмай келген оппозицияны лаңкестік топтардан ажырату үрдісі ерекше қарқын алды. "Әл-Ахбар" басылымы Астана келіссөзінің күрделі халықаралық және аймақтық салдары болатынын, саяси процесті жаңа белеске бастап, Сирия соғысының тағдырын өзгертетінін жазды. Бір жағынан Астана келіссөзі Сирияда соңғы айларда қалыптасқан әскери тепе-теңдікті дипломатиялық рәсімдеудің жолы болды. Астана келіссөзінің ерекшелігі әскери мәселеге саяси сипат беруі еді. Бұдан былай оппозиция өзін дипломатиялық тараптардың бірі ретінде көрсетері анық. Астанада Сирия оппозициясы мен Мәскеу арасында диалог көпірі орнатылып, Иранның Сириядағы ықпалы анықтала түсті. Сирия үкіметіне де қысым жасалып, бұрынғы бірбеткей ұстанымы жұмсара бастады.

Таяу Шығыста өз саяси ықпалын нығайтуға бет алған Ресей Астана келіссөзінен кейін 27 қаңтарда Мәскеуге оппозицияның "Каир", "Мәскеу" топтарын, күрд жасақтары өкілдерін шақырып, оларға Сирия конституциясы жобасын ұсынып, елдің саяси келешегін талқылау процесін бастап жіберді. Мәскеуде оппозиция өкілі Қадри Жәмил "Астана кездесуіне дейін бір жетістікке қол жеткізіп, оны бекітіп, келесі сатыға өту үрдісі болмағанын, Астана үрдісі шынайы өзгерістің басы екенін" мәлімдеді. Мәскеуде күрд жағы да өз конституция жобасын ұсынған. Сирияның саяси келешегіне байланысты федералды құрылым немесе автономия құқығы сияқты аса күрделі мәселелер талқыға түсіп жатыр. Бұған қоса осы аптада АҚШ әкімшілігі Сириядағы босқындар мәселесін шешу үшін "қауіпсіз аймақтар" құру идеясын көтерді. Ал бұл мәселе Түркия үшін аса маңызды, нәзік тақырыптардың бірі екені баршаға аян. Бұл мәселеде АҚШ – Ресей келісімі аясында АҚШ – Түркия, Ресей – Түркия қатынасының қалай өрбитіні де қызықты. Тек бұл мәселеде ғана емес, жалпы Сирия қақтығысының тоқтатылуында осы АҚШ – Ресей бірлесіп, стратегиялық шешімге келуі мүмкін.

Идеологиялық қайшылықтар

Астана келіссөзінен кейін радикалды қозғалыстар идеологиялық және діни себептерге байланысты бөлінді. Жиһадшыл "Жәбхат Фатх-әш-Шам" және экстремистік "Ахрар әш-Шам" бастаған бір-бірін мойындамайтын екі ірі коалиция құрылды. Екі жақтың қақтығысуының себебі мәселені шешуде саяси немесе әскери жолды таңдау төңірегінде дамыды. Жиһадшыл көзқарастағы топтар ортаңғы ұстанымдағы сириялық оппозицияға өздерінің радикалды идеологиясын таңуға талпынды.

Астана мәлімдемесінде лаңкестік топтарға қарсы күрес туралы айтылуы да радикалдардың үрейін тудырса керек. Құрамына бес топ кіретін жиһадшылар альянсының мақсаты – Дамаскімен бірге келіссөз үстеліне отырған қарулы оппозицияны жою екені белгілі болды. Батыс пен араб басылымдары "мұсылман бауырлар" және "радикалды сәләфилер" арасындағы жіктің ұлғая түскенін жазды. "Ахрар" ұйымында да осы қағидалар бойынша ішкі жіктеліс қарқын алған көрінеді. Келіссөз нәтижесінде қарулы оппозиция бөлшектеніп, жоғарыдағы аталған екі ірі топ бір-бірінен алыстауы мүмкін.

Келіссөздің Қазақстан үшін маңызы

Келіссөздің еліміз үшін саяси-халықаралық маңызына келсек, Астана онсыз да алпауыт елдердің ықпалымен болған стратегиялық бетбұрыстың қарқын алуына өз үлесін қосып отыр. Астана келіссөзі Қазақстанның халықаралық саясаттағы, ақпараттық алаңдағы беделін арттыра түсті деп айтуға негіз бар. Бітімгершілік саясаты мен дәнекер ел имиджін қалыптастырып отырған Қазақстан Таяу Шығыстағы, Сириядағы жағдайдың жұмсаруына, реттеліп тұрақталуына өзінің бар мүмкіндігін ұсынып отыр. Бейбіт келіссөз Астананың атын бүкіл дүниежүзіне паш етіп, қаншалықты салмақты, батыл, байыпты ойыншы екенін көрер көзге көрсетіп берді. Геопсихологиялық тұрғыдан да еліміз дүниежүзін толғандырып отырған терроризмнің келешегіне қатысты шешімді қадамға барып отырғанын айрықша айтып өту керек. Жалпы бұл Астананың "Азияның Женевасы" деген жаңа атына лайық дипломатиялық қадам болды. Әлбетте, батылдықтың өз жемісімен бірге тәуекелінің де барын есте сақтаған жөн. Қалай десек те, бұл келіссөз терроризм сияқты күрделі халықаралық мәселенің түйінінің шешілуіне түрткі болуы мүмкін. Осылайша Астана халықаралық қатынаста жаңа белеске көтеріліп, тұрақтылықты орнатуға мүдделі мемлекет, жаңа аймақтық күш екенін дәлелдеді.

Астанадан Женеваға

6 ақпан күні Астанада үш гарант мемлекеттің және БҰҰ өкілдерінің қатысуымен өтетінін техникалық кездесуде оқ атуды тоқтату тетігін нығайту бағытындағы жұмыс барысы талқыланбақ. Әрине Сирия төңірегінде әлі шешілмеген мәселе өте көп. Оған атысты тоқтатуды аяғына дейін жеткізу, оппозиция мен лаңкестерді бір-бірінен ажырату, Сирия мемлекетінің саяси моделі туралы келісу, ДАИШ пен "Жәбхат Фатх-әш-Шамға" қарсы бірлескен күрес жүргізу, күрд түйткілі, гуманитарлық мәселені шешу кіреді. Міне, бұл алдағы Женева келіссөзі қарсаңында қаралатын тақырып қана емес, Сирия дағдарысының шешілуіне ықпал ететін фактор. Басқаша сипатта өтетін Женева келіссөзінде Астанада қол жеткізілген нәтиже негізінде ортақ, қамтушы шешім қабылданады деп үміттенеміз.

Жанат Байжомартұлы, сарапшы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу