Аты жаман ауруды жеңген жігіт

21906

Сал ауруына шалдыққан балаларды канистерапия тәсілімен тегін емдейді.

Аты жаман ауруды жеңген жігіт

Табыс деген ұғымды әркім әрқалай түсінеді. Біреулер үшін бұл қызмет, мансап, енді біреулер үшін жай ғана берекелі отбасы болу. Табысты тек материалдық  игілікпен байланыстыратындар да бар. "Атырау. Шағын ел" қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ерлан Күмісқалиев соңғылардың қатарында болған екен.

Тағдыр оның ойын бір күнде өзгертті. 2006 жылы кейіпкеріміз ауыр науқасқа шалдықты. Аты жаман аурумен алысып, шетелдің емханасында өмір мен өлімнің арасында жатқан кезде Ерланның "ауруымнан айықсам, соңғы демім қалғанша еліме қызмет етемін. Сауап алуға, жақсылық жасауға тырысамын", – деген бір ғана тілегі болған екен.

Жас жігіт дертінен құлан-таза айығып шығып, елге орала салысымен өз-өзіне берген уәдесін орындауға кірісіпті. Ол аутизммен ауыратын, психикалық дамуы кешеуілдеген және церебралды сал ауруына шалдыққан балаларды иттердің көмегімен емдеу ісін қолға алыпты. Ойын жүзеге асыруға медициналық білімі зор септігін тигізіпті.

"Емдеу әдісін алғашында туыстарымның мүмкіндігі шектеулі балаларына қолданып көрдім", – дейді Ерлан Күмісқалиев.    

Оның айтуынша, иттің қасында бала өзін анағұрлым жайлы сезінеді. Ит баланың психикалық даму проблемасынан құтылуына көмектеседі екен.

"Дамуы кешеуілдеген немесе аутизм мен сал ауруына шалдыққан балалардың өздеріне ғана тән ерекше әлемі бар. Олар тек иттерге ғана ашылады. Біз канистерапия тәсілі, яғни арнайы дайындалған иттер арқылы балаларды сауықтыру ісімен айналысамыз. Қазір Америкадағы адам әлеуетін арттыру институтының әдісін қолданып жатырмыз.  Бізге келетін балалардың 80%-дан астамы аяқ-қолдарын сезінбейді. Оларды емдеу ұзақ уақытқа созылады. Біз өздігінен отыра алмаған баланың отырғанын, жүре алмай келген баланың жүргенін, сөйлей алмаған сәбидің сөйлегенін көрген кезде  қатты қуанамыз, – дейді "Атырау. Шағын ел" қоғамдық бірлестігінің төрағасы.

Қоғамдық бірлестіктің жұмысы 4 жыл бұрын ашылған екен. Алғашында бұл жерде миына зақым келген екі сәби емделген көнрінеді.

"Біз балаларды ақысыз емдейміз. Олардың жағдайы жақсарған кезде ата-аналары қатты қуанады. Біз балаларға ғана емес, ата-аналарға да көмек көрсетеміз. Себебі ауру бала бағудың азабы ауыр.  Ата-аналар үшін түрлі үйірме жұмыс істейді. Психологиялық семинарлар да тегін ұйымдастырылады. Біз Атыраудағы ғана емес, еліміздің барлық өңірінің балаларына көмектескіміз келеді. Алайда дәл қазір бұлай жасауға мүмкіндігіміз жетпейді. Өйткені бізде жеке ғимарат жоқ, - деді Ерлан Күмісқалиев.

Жақсылық жасау – сауапты іс. Дүниеге кемтар болып келген сәбидің жүзінен күлкі табын көру үшін Ерлан бәріне даяр көрінеді. Осы  жанашырлығы мен ізгілігі үшін ол "Алтын жүрек-2015" сыйлығын алыпты. Елбасының, Денсаулық сақтау министрінің алғыс хаттарымен марапатталыпты. Ал тәуелсіздіктің 25 жылдығында "Шапағат" медалін тағыпты.

Тағдыр шыңдаған тұлға Ерлан Күмісқалиев үшін табыстың қарапайым формуласы бар: ол – адамға жақсылық жасау.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу