Ауыр атлетикадан бәрібір алдамыз

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
1947

Ауыр атлетикадан Бангкокта өткен жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионатында Қазақстан таланттары алты медаль жеңіп алды.

Ауыр атлетикадан бәрібір алдамыз

17 жасқа дейінгі жасөспірімдер арасындағы әлем чемпионаты 4-10 сәуір аралығында Бангкокта өтті. Оған біздің елден 16 қыз-жігіт қатысып, бақтарын сынады. Бақыт Ахметов жаттықтыратын жас таланттарымыз Таиланд астанасындағы бүкіләлемдік біріншіліктен алты жүлде (3 алтын, 1 күміс, 2 қола) олжалап қайтты.

Жалпы командалық есепте, бозбалаларымыз да, бойжеткендеріміз де үшінші орынға ие болды. Ең бастысы, 2018 жылы 1-12 қазан аралығында Аргентина астанасы Буэнос-Айресте өтетін жасөспірімдер арасындағы ІІІ Олимпиадаға төрт жолдама (екі ұл, екі қыз) жеңіп алды.

Осы ретте айта кетейік, жасөспірімдер арасындағы Олимпиада ойындарына ауыр атлетикадан әр елге төрт жолдамадан артық берілмейді. Жеткіншектер арасындағы төрт жылда бір өтетін дүбірлі додада барлық спорт түрінен лицензиялар саны – шектеулі.

Енді Бангкок төрінде еліміздің абыройын асқақтатып, жеңімпаз және жүлдегер атанған зілтеміршілерімізді атап өтейік:

Алтын

Ольга Пастухова, 75 келі салмақ дәрежесі – 211 (91 + 120) келі

Анатолий Савельев, 62 келі салмақ дәрежесі – 281 (127 + 154) келі

Артем Антропов, 85 келі салмақ дәрежесі – 323 (138 + 185) келі

Күміс

Дарья Павлова, 63 келі салмақ дәрежесі – 201 (90 + 111) келі

Қола

Асылжан Бектай, 77 келі салмақ дәрежесі – 306 (140 + 166) келі

Карина Кұзғанбаева, 69 келі салмақ дәрежесі – 207 (94 + 113) келі
Сөйтіп, еліміздің жас ауыратлеттері қазақ даласы талантқа кенде емес екендігін паш етті. Өздеріңіз білесіздер, былтыр бірнеше спортшымыздың допинг қолданғандары әшкере болып, әйгілі зілтеміршілеріміз Рио Олимпиадасына қатыса алмаған. Әрі олардың бұған дейінгі жүлделері мен чемпиондық атақтары жоққа шығарылған.

Енді, міне, өзіміздің ұл-қыздарымыз зілтемірді допингсіз де көтере алатындықтарын дәлелдеп отыр. Бұл ауыр атлетикадан халықаралық аренадағы жетістіктеріміздің кездейсоқ емес екендігін меңзеп тұрғандай. Осы жастарымыз әлі талай биік белестер мен шыңдарды бағындырып, еліміздің абыройын асқақтата береді деп үмітенеміз.

Қазақ елінің ауыр атлетикасы Қытай мен Ресейден келген зілтеміршілерге дейін жоғары деңгейде болған. Оларға дейін де Олимпиада және әлем чемпиондары шыққан. Юрий Зайцев, Виктор Мазин, Анатолий Храпатый, Сергей Филимонов сынды Олимпиада чемпиондарының жетістіктерін жалғар таланттар әлі шығады...    

Маруан Түсіп 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу