Азғыр мен Астраханның арасында қиналып жүр

3981

Қазақстан үкіметі мәселені шешкісі келеді, ал Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі нақты әрекетке көшпей отыр.

Азғыр мен Астраханның арасында қиналып жүр

Атырау облысы әлемнің елуден астам елімен қарым-қатынас орнатқан. Соның ішінде басты сауда серіктесі – Ресей Федерациясы. Ауылы аралас, қойы қоралас жатқан көршілес мемлекеттердің қоғамның барлық саласындағы байланысы мұнайлы өңірдің өркендеуіне де үлес қосып келеді. Жыл басынан бері Қазақстанның Ресеймен арадағы тауар айналымы 58 млн АҚШ долларын құрады. Өткен жылы облыстың негізгі капиталына салынған инвестиция 6 млрд долларға жеткен еді, оның жартысы сыртқы инвестицияның еншісінде.

Атырау мен шекаралас жатқан Ресейдің Астрахан облысы арасындағы достықтың тамыры тереңде. Қазір мұнайлы аймақтың көмірсутегі шикізаты, балық және балық өнімдері, ауыл шаруашылығы өнімдері Ресей еліне экспортталады.

"Атырауда ресейлік капиталдың үлестік қатысы бар 319 мекеме тіркелген", – деді облыс әкімі Нұрлан Ноғаев ҚР Парламенті сенаты мен РФ Федералдық кеңесінің ынтымақтастық жөніндегі комиссиясының  отырысында. Олар көбіне мұнай-газ, құрылыс, азық-түлік, автокөлік, ақпараттық технология, жүк тасымалы салаларында қызмет көрсетеді. Ресейден шыққан тағам өнімдері мен құрылыс материалдарын сататын шағын және орта бизнес нысандары да бар. Жайық жағасында өткен жиында аймақ басшысы екі ел арасындағы мәдени, экономикалық, әлеуметтік байланыс тек Астраханмен ғана емес, Татарстан, Башқұртстан, Удмуртиямен де орнатылғанын айтты. Астрахан облысының халықаралық сыртқы экономикалық байланыс министрі Денис Афанасьевтің айтуынша, Астраханда қазақстандық капитал үлесі бар 140 мекеме қызмет етеді.

"Атырауда Теңіз кенішінің игерілуі тұтас Батыс Қазақстан өңірінің дамуында жаңа кезеңді ашты, - дейді ол. – Теңіз кенішінің игерілуі Астрахан облысының да экономикасына оң ықпалын тигізді. Каспий тұрбақұбырлары консорциумы арқылы теңіз мұнайы сыртқы нарыққа шығады". Каспий кен орындарын игерумен айналысатын қазақстандық компаниялар Астрахандағы кеме жасайтын мекемелермен тығыз байланыс орнатып келеді. Қазақстаннан түсетін тапсырыс Астрахандағы кеме жасайтын кәсіпорындардың дамуына септігін тигізіп отыр.

Ресей Федералдық жиналысы федерация кеңесі төрағасының орынбасары Ильяс Умаханов та Атырау мен Астраханның серіктестігі үлгі етуге тұрарлық деген пікірде. Ресей мен Қазақстанның тауар айналымының 70%-ы аймақаралық және шекаралаc әріптестіктің үлесінде.

"Астанада Ресей экспорттық орталығының бірінші шетелдік өкілдігінің ашылуы инвестициялық серіктестіктің аясын кеңейтуге мүмкіндік береді", –деді ол. Өткен жылмен салыстырғанда тауар айналым көлемі 16% - ға артқан. Қазақстанда тіркелген ресейлік капиталдың қатысы бар мекеме саны 1400-ге жетті. Бұл экономиканың дағдарыстан шығып, айналымға түскенінің айқын көрсеткіші.

Атыраудың басты стратегиялық серіктесіне айналған Астраханмен арадағы береке мен бірліктің көпірін нығайту үшін әлі де бірқатар жұмыстар атқарылуы керек. Айталық, екі арадағы автокөлік жолының қазіргі ахуалы көңіл көншітпейді. Ақтөбе-Атырау-Астрахан автокөлік жолының Атырау облысының аумағынан өтетін 552 шақырымын жаңғырту жұмыстарына бюджеттен ақша бөлінді. Қазір облыс аумағымен шектесетін жолдың 432 шақырымы жүйке жұқартатын жағдайда. Биыл жол құрылысы басталады деген жоспар бар.

Бірыңғай экономикалық кеңістік аясындағы трансшекаралық аймақтардың дамуы – алда тұрған міндеттердің бірі. Осы бағытта облыс әкімі Нұрлан Ноғаев Атырау мен Ресейдің көршілес облыстары арасында әуе рейстерін іске қосу керектігін қаперге салып, Батыс Қазақстан облысында қолға алынған осындай бастаманы мысал етті.

"Атырау-Астрахан", "Атырау-Самара", "Атырау-Волгоград" әуе рейстерін шығару арқылы екі елдің экономикалық байланыстарын нығайта түсуге болады" – деді Нұрлан Ноғаев.

ҚР Парламенті сенатының депутаты Сәрсенбай Еңсегеновтің айтуынша, Атырау облысының Азғыр өңірі мен Ресейдің Астрахан облысы арасындағы шекарадан өту мәселесі қиындық туғызып тұр. Облыс орталығынан 600 шақырым аудан орталығынан 200 шақырым алыстағы Азғырға Ресейдің Қарабайлы ауданы жақын орналасқан. Алайда шекарадағы ықшамдалған өткізу бөлімшесінен азаматтар 35 келіден артық жүк алып жүре алмайды. Елдің ары-бері барып-келуіне де шектеу бар.

"Бұл екі мемлекет арасындағы сауда-экономикалық байланыстың дамуына кедергі келтіруде", – дейді Сәрсенбай Еңсегенов.  

Бұл мәселе Парламентте көтеріліп, оған Қазақстан үкіметі оң ықылас танытқанымен, Ресейдің Федералдық қауіпсіздік қызметі тарапынан әзірге қолдау болмай отыр.

Екі елге ортақ тағы бір мәселе – Жайық өзені бассейнінің экожүйесін сақтау. Жайық өзенінің 50%-ы Қазақстан аумағынан ағып өтеді. Оның бойында 12 млн-ға жуық адам бар.

"Біз өзеннің төменгі сағасында отырған ел болғандықтан, экологиялық жағдайы, судың толық келуі өте маңызды. Экономиканы дамыту мәселелері сумен тығыз байланысты. Екі ел арасында келісім жасалды. Қабылданған шаралардың нақты іске асуына жауапкершілікті арттыруымыз керек" – дейді Сәрсенбай Еңсегенов.

Экономистер екі мемлекет арасындағы сауда-саттық көлемінің артқанын айтады. Бірақ Ресейден біздің елге тасымалданатын тауар көлемі бұрынғыдан азайған. Ал Қазақстаннан көрші мемлекетке экспорт артып отыр.

Бақытгүл Әміржан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу