Азия чемпионатының финалына төрт-ақ боксшымыз шықты

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
6633

Жартылай финалда төрт боксшымыз жеңілістің кермек дәмін татып, қола жүлдені қанағат тұтты.  

Азия чемпионатының финалына төрт-ақ боксшымыз шықты

Қарсыластарымызға мүмкіндік беріп қоямыз...

Бокстан Ташкентте өтіп жатқан Азия чемпионаты көмбесіне тақады. Кеше жартылай финалдық жекпе-жектер өтіп, сегіз боксшымыздың тең жартысы ұтылып қалды. Өкініштісі, үшеуі өзбек жігіттеріне есе жіберіп алды. Қалған төртеуі финалға шықты.

Азияда бәрі, тіпті өз жерінде өзеуреп тұрған өзбек боксшылары да біздің жігіттерден қаймығады. Шаршы алаңға шыққанда әжептәуір толқып, өте сақ болуға тырысады. Оны әрине, білдірмеуге тырысады. Сездірмейді де...

Ал біздің былғары қолғапты қырандарымыз оларға, яғни қарсыластарына еркіндік беріп алады. Бір-екі рет ұрып, соққыларын дәл тигізген соң, әлгі жасқаншақтап жүрген қарсыластарының үрей-қауіптері тарқап, батылдана түсетіндей...      

Төртеуінің үшеуі өзбек боксшыларынан ұтылды

52 келі: Азамат Исақұлов – Жасур Латипов (Өзбекстан)

Негізі, Азамат ұтылған жоқ. Тіпті 3:2 есебімен жеңгендей де еді. Бірақ төрешілер пікірі керісінше болып шықты. Исақұлов бірінші раундта ринг қожайынына дес берген жоқ. Тіпті соққылары діттеген жеріне дөп тигізе білді.

Өкінішке қарай, екінші раундта Жасурға жиі шабуылдап, жұдырығын көп сілтеуіне мүмкіндік беріп қойды. Ал өзі әрбір соққысын дәл тигізуге тырысып, жүріп алды. Ал үшіншісінде қарқынын үдетті. Қарсыласынан басым түсті. Бірақ рингтегі төреші Латиповтың қолын көтерді.       

56 келі: Қайрат Ералиев – Чжан Жиа Вей (Қытай)

Қайрат таң қалдырды. Басқасы басқа, бірақ дәл осы тәжірибесі мол боксшымыз финалға шыға алмай қалады деген ой үш ұйықтасақ түсімізге кірмес еді. Керісінше, финалға шығып, өзбек жігіті Муроджон Ахмадалиевтен Рио Олимпиадасында кеткен есесін қайтаруға тырысады деп күткенбіз. Өзі де отандық басылымдардың біріне берген сұхбатында соны меңзегендей еді. Алайда, Ералиев жартылай финалда ұтылып қалды.

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Исраил Мадримов (Өзбекстан)

Соққысы қуатты Әбілхан соңғы халықаралық турнирлерде қарсыластарының көбісін есеңгіретіп, көзге тез ілікті. Азия чемпионатында да жойқын жұдырығымен ширек финалдағы қарсыласын тәлтіректеткен. Өкінішке қарай, жартылай финалда жеңілістің кермек дәмін татты.

Жекпе-жекті шектен тыс сақ бастаған өзбек боксшысы бірінші раундтың аяғына қарай ширай бастады. Екінші раунда қарқынын тіпті үдете түсті. Себебі, Әбілхан қарсыласын есеңгіретіп немесе сұлатып салғысы келді ме, дәлдеп ұруға тырысып, жүріп алғандай болды. Ол солай оңтайлы сәтті тосып жүргенде, Исраил шабуылды күшейтті. Бірнеше соққысын діттеген жеріне дөп тигізді де.

Әйтсе де, Әбілханның ауыр соққысы мен зілдей жұдырығы да өтті. Үшінші раундта өзбек боксшысының басы қанап, жекпе-жек тоқтатылды. Дәл сол мезетке дейінгі төрешілердің есебі бойынша Мадримов жеңіске жетті. Өкінішті, өте өкінішті... Жойқын соққысы да, жүрегінің түгі де бар жігітіміз ұтылып қалды.

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Икболжон Холдаров (Өзбекстан)

Бекдәулет те өзбек боксшысына жол берді. Ол да жекпе-жекті тәп-тәуір бастады. Бірақ қарсыласы бастырмалатып, көп соққы жұмсады. Әрине, оның соққыларынің бәрі де дәл тиіп жатқан жоқ. Бірақ оны кім санап отыр? Ринг қожайынын айқын басымдықпен жеңбесең, жеңіске жетуің – екіталай. Төреші Холдоровтың қолын көтерді.

Төрт тарланымыз – финалда

81 келі: Ерік Әлжанов – Нурягды Нурядиев (Түркіменстан)

Әлжанов тағы да өзінен ауыр, денелі боксшыны жеңді. Қарсыласы бірінші раундта қабағы жарылып, жарақаттанып қалды. Дәрігер мен төреші түркімен боксшысының одан әрі жұдырықтасуына рұқсат бермей, жекпе-жек тоқтатылды. Ерік екі минутқа жетпес уақыттың ішінде финалға шықты. Нурядиев оның алғашқы қарқынан да төтеп бере алмай қалды.

91 келі: Василий Левит – Алаа Елдин Гуссун (Сирия)

Левит те екі минутқа жетпес уақыттың ішінде финалға шықты. Василийдің де қарсыласы жарақаттанып қалды, нақтырақ айтқанда, қабағы жарылып кетті. Қан судай ағып, жекпе-жекті жалғастыруына рұқсат берілмеді. Дәл сол сәтке дейін төрешілердің есебі бойынша Василий жеңіп жатқандықтан, финалға біздің ауыр салмақтағы үмітіміз шықты.
69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Тувшинбат Буамба (Моңғолия)

Қазақстан құрамасындағы жас таланттардың бірі бапкерлер мен жанкүйерлер үмітін ақтап, финалға шықты. Қарсыласы тәжірибелі боксшы болатын. Әйтсе, Абылайхан одан басым түсті. Бірнеше соққысы моңғол жігітін тоқ соққандай дір еткізді. Содан ол ызаланып, әр түрлі әрекеттер қолдануға кірісті. Мәселен – итеру, құшақтап алу, жұлмалау... Тіпті басымен де "қойып қалуға" тырысқандай көрінді. Әрине, білдірмей. Сөйтіп, жүргенде Абылайханның қабағы жарылып кетті. Төрешілер жекпе-жекті тоқтатып, жеңісті Жүсіповке берді.

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Хуссейн Яшайш (Иордания)

Қамшыбек те финалға шықты. Қарсыласы өзінен аласалау екен. Бірақ мінезді, "бұзық" жігіт сияқты. Қоңқабаев айқын басымдықпен үстемдік танытып жатпаса да, қарсыласын ұрып, жеңіп жатқан. Қолдары қысқа Иордания боксшысы Қамшыбекті қалай да ұруды көздеп, жұдырығын оңды-солды сілтеуге көшті. Қолғабының алдыңғы жағымен де төмпештеуін қоймады.

Төреші ауызша да ескертті, ресми түрде де ескерту жасады. Қоймады. Үш рет ескерту жасауға мәжбүр болғандықтан, жекпе-жек үшінші раундта тоқтатылып, ол рингтен аластатылды. Сол сәтте төрешілердің есебі бойынша да Қамшыбек алда тұрған. Ал Хуссейн төреші шешіміне наразы екендігін білдіріп, жекпе-жек тоқтатылған соң аяқ-қолын сілтеп, тепкіленумен болды...

Жартылай финалдағы жекпе-жектер нәтижесі:

52 келі: Азамат Исақұлов – Жасур Латипов (Өзбекстан) – 2:3 (28:27, 27:28, 28:27, 27:28, 27:28)

56 келі: Қайрат Ералиев – Чжан Жиа Вей (Қытай) – 2:3 (29:28, 29:28, 27:30, 28:29, 27:30)

64 келі: Бекдәулет Ибрагимов – Икболжон Холдаров (Өзбекстан) – 1:4 (29:28, 28:29, 27:30, 28:29, 28:29)

69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Тувшинбат Буамба (Моңғолия) – 5:0, R3 1:41 (29:26, 28:27, 28:27, 29:26, 29:26)

75 келі: Әбілхан Аманқұл – Исраил Мадримов (Өзбекстан) – 0:5, R3 2:15 (27:30, 27:30, 27:30, 26:30, 28:29)

81 келі: Ерік Әлжанов – Нурягды Нурядиев (Түркіменстан) – 3:2, R1 1:42 (10:9, 9:10, 9:10, 10:9, 10:9)

91 келі: Василий Левит – Алаа Елдин Гуссун (Сирия) – 5:0, R1 1:48 (10:9, 10:9, 10:9, 10:9, 10:9)

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Хуссейн Яшайш (Иордания) – DSQ, R3 0:56 (19:17, 19:17, 20:16, 20:16, 20:16)

Финалда бақ сынайтындар:

6 мамыр. Кешкі бөлім (19:00-ден бастап. Астана уақытымен)

81 келі: Ерік Әлжанов – Бектемир Меликузиев (Өзбекстан)

91 келі: Василий Левит – Сумит Сангван (Үндістан)

7 мамыр. Кешкі бөлім (19:00-ден бастап)

69 келі: Абылайхан Жүсіпов – Шахрам Гиясов (Өзбекстан)

+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Баходир Джалолов (Өзбекстан)

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу