Азия чемпиондары кубогында тұңғыш рет жүлдеге іліктік

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
2892

"Астана" баскетболшылары 1981 жылдан бері өткізіліп келе жатқан клубтық Құрлық біріншілігінде үшінші орынға ие болды.

Азия чемпиондары кубогында тұңғыш рет жүлдеге іліктік

Халықаралық баскетбол федерациясы (FIBA) туы астында өтетін биылғы Азия чемпиондары кубогы Қазақстан клубы үшін аса сәтті аяқталды. Еліміздің чемпионы, яғни "Астана" баскетбол клубы тұңғыш рет үшінші орынға ие болып, қола жүлде олжалап қайтты.

2017 жылғы FIBA Азия чемпиондары кубогы Қытайдың Чэньчжоу қаласында өтті. Оған Сарықұрлықтағы 10 елдің чемпионы қатысты. Әуелі олар екі топқа бөлініп, өзара додаға түсті. "Астана" президенттік баскетбол клубы "А" тобында бақ сынап, бірінші орынға ие болды.

Бірақ "Астанаға" өз тобында топ жару оңай болған жоқ. Бірінші ойында Филиппиннің "Чукс-ту-гоу" деп аталатын командасынан ұтылып қалды. Есеп – 65:73. Басында ұтып жатқан. Алайда ойынның екінші жартысында қорғанысы сыр беріп, қарсыласының қас шебер қорғаушысы Кифер Равенаны тоқтата алмай қалды.

Есесіне, екінші ойында Иранның "Петрохими" дегени азулы клубын ұтып, көпшілікті тәнті қылды. Бұл матчты керісінше, Иран чемпионы жоғары қарқында бастап, алға шыққан. Алайда кездесудің екінші жартысында "Астана" баскетболшылары жанкештілік танытып, жеңісті жұлып алды. Есеп – 66:65.

Қазақстан чемпионы бұдан кейін "Сарейет Рамала" (Палестина) клубын 69:51 есебімен, ал "Моно Вампир" (Таиланд) командасын 85:66 есебімен тізе бүктіріп, жеті ұпаймен "А" тобында бірінші орынға ие болды. Иран чемпионы да жеті ұпай жинаған болатын. Доп айырмасы да әлдеқайда жоғары еді. Алайда екеуара кездесуде "Астана" жеңіске жеткендіктен, "Петрохими" екінші орынға ығысты.

Топтық кезең аяқталған соң, оның қорытындысы бойынша плей-ооф ойындары басталды. Әр топтан төрт командадан ширек финалға шықты. "Астана" өз тобында көш бастағандықтан "В" тобында 4-орынға табан тіреген "Шабаб Аль-Ахли" (БАӘ, Дубай) клубымен кездесіп, 83:53 есебімен басымдық танытты.

Жартылай финалда "В" тобында екінші орынға ие болған Қытайдың "Кашгарымен" жолы түйісіп, шектен тыс тартысты өткен ойында 70:79 есебімен ұтылып қалды. Басында жеңіп жатқан. Алайда ойыннның соңғы ширек бөлігінде Үрімші клубының қорғаушылары допты үш ұпайлық аймақтан қарша боратып, таразы басын өздеріне қарай аударып алды. Осы ретте айта кетейік, "Кашгар" – өткен жылғы Азия чемпиондары кубогының жеңімпазы.

Сөйтіп, "Астана" финалға шыға алмай, қола жүлдені сарапқа салатын болды. Үшінші орын үшін өткен матчта қайтадан "Петрохими" (Иран) командасымен кездесті. Өйткені, парсы елінің чемпионы екінші жартылай финалдық кездесуде "В" тобының жеңімпазы Бейрут баскетболшыларынан ұтылып қалған болатын. Ал қола жүлде үшін өткен матчта Азия чемпиондары кубогында әр ойын сайын жетіле түскен "Астана" Иран клубын да тізе бүктірді. Есеп – 81:78.

Сонымен, "Астана" дәстүрлі халықаралық додада ерен жетістікке қол жеткізді. Қазақстан клубы Азия турнирі тарихында тұңғыш рет FIBA чемпиондары кубогының жүлдегері атанды. Ал финада "Ал-Рияди" (Ливан) Қытайдың "Кашгарын" өз жерінде екінші рет тізе бүктіріп (бірінші рет топтық кезеңде), 2017 жылғы FIBA Азия чемпиондары кубогының жеңімпазы атанды.

Біз "Астана" баскетбол клубын Азия чемпиондары кубогындағы ерен жетістігімен құттықтаймыз. Ел чемпионының жаңа бас бапкері, Грекия маманы Константинос Флеверакис маусым басында-ақ сенімді ақтап, өзінің әлеуеті зор жаттықтырушы екендігін көрсетіп отыр.

Ал команда сапына маусым аралығында ғана келген Джастин Картер және Энтони Клеммонс сынды АҚШ баскетболшылары өрнекті ойын үлгісін көрсетті. "Астананың" барлық ұпайларының жартысына жуығын екеуі еншілеп, команданы алға сүйреді. Осы орайда айта кетейік, Азия чемпиондары кубогында басқа легионерлеріміз болған жоқ. Қалғандары өз ойыншыларымыз болатын.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу