Азия ойындарында топ жарудың сыры мен жыры

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5122

Жапонияның Саппоро қаласында VІІІ қысқы Азия ойындарының алауы тұтанды. Енді сегіз күн бойы 11 спорттың түрінен 64 медаль жиынтығы сарапқа салынады.

Азия ойындарында топ жарудың сыры мен жыры Фото: vesti.kz

Тарихи деректер

Жалпы "Сарықұрлықта" Азия ойындары 1951 жылдан бері өткізіліп келеді. Басында Азиада тек жазғы спорт түрлерінен өткізіле бастаған. Қысқы Азия ойындары алғаш рет 1986 жылы өткізілді. Бір қызығы, тура осы Саппоро қаласынан бастау алды.

Өкінішке қарай, әртүрлі себеппен қысқы Азия ойындарында төрт жылдық цикл әлі сақталмай келеді. Негізі VІІІ қысқы Азия ойындары 2015 жылы өтуі керек болатын. Бірақ 2009 жылы 3 шілде күні Сингапурда өткен Азия Олимпиада кеңесінің Бас Ассамблеясында Олимпиада ойындарын бір жыл бұрын өткізіп тұру туралы шешім қабылданды.

Қазақстан спортшылары қысқы Азия ойындарына 1996 жылдан бастап қатыса бастады. Алғаш рет Харбинде өткен ІІІ Азия ойындарында бақ сынады. 137 спортшыны іріктеп апарып, 31 (14 алтын, 9 күміс, 8 қола) еншілеп, жалпы командалық есепте екінші орынға ие болды.

Содан бері қысқы Азия ойындарына үздіксіз қатысып келеміз. Жалпы командалық есепте 1-4 орындарда тербеліп, синусоид кестесіндей "толқып" келеміз. Оның да өзіндік себебі бар. Әу баста КСРО тарқап, сол кезде деңгейі Азияда жоғары спортшыларымызбен тәп-тәуір нәтиже көрсеттік.

Одан бері Азияда қысқы спорт түрлері қарыштап дамып, Қытай, Жапония, Оңтүстік Корея секілді шығыстың алпауыттары өз жерінде дес бермей келеді. Тіпті үздік үштіктен де тыс қалған кездеріміз болды.

Тазы болып шалдық

Азия ойындарының ерекшелігі, осы кешенді доданы ұйымдастырушы мемлекет біріншілік бағдарламасына өздері жетік спорт түрлерін енгізе алады. Тек міндетті түрде төрт ел қатысуы керек. Негізінен Азиада қожайындарының топ жаратын себебі мен сыры – осыдан да...

Мысалы жазғы Азия ойындарында кабадди, го, драгонбот, сянци, сепак такро, сквош, софтбол, софт теннис, крикет сынды бізге таңсық спорт түрлері бар (боулинг, бадминтон, ушу және басқаларын қоспағанның өзінде). Әлбетте, осындай спорт түрлерінен өздері жүлдені күреп алады.

Әрине, халықаралық талап бойынша Азия ойындары бағдарламасына міндетті түрде енгізілуі керек спорт түрлері бар. Бірақ дүбірлі доданы ұйымдастырушы ел ретінде бірер спорт түрін қосуға да болады...

Қойшы... Содан біз тісімізді қайрап жүрмесек те, "бір саусағымызды" бүгіп келдік. 2011 жылы жетінші Азиада өз жерімізде өткенде, осы дүбірлі доданың қожайыны ретінде өз құқығымызды пайдаланып, оның бағдарламасына "Сарықұрлықтың" босқа елдері шорқақтау екі спорт түрін қостық.

Олар – шаңғымен бағдарлау және бенди. Шаңғымен бағдарлау спортында 8 медаль жиынтығы сарапқа салынады. Ал бендиде біреу. Осы екі спорт түріндегі 9 алтын түгелдей өз қоржынымызға түсті. Шашауын шығарған жоқпыз. Әрі шаңғымен бағдарлаудан тағы да алты жүлде алдық (бес күміс, бір қола).

Осылай "Сарықұрлық" елдерінің өз "қулықтарын" өздеріне қарсы қолданып, жалпы командалық есепте Азияның алпауыттарын "шаң қаптырды". Қызықты қараңыз, екінші орынға ие болған Жапонияның барлық жүлдесі – 54 қана, ал саф алтыны – 13. Әрі Азиада тарихында алғаш рет алтын санын 30-дан асырып, өзіндік рекорд жасадық.

Тіпті бұған дейін қысқы Азия ойындарынан медаль алып көрмеген қырғыз халқы да қазақтардың арқасында бір медаль олжалады. Бендишілері жеңілістен көз ашпай, ойсырай ұтылса да, қола жүлдеге ие болды. Себебі мұз үстінде имек таяқшаны қолдарына енді алған Қытай соңғы сәтте бұлтарып, тәжіктер де келе алмаған. Әйтсе де, үш құрамамен де допты хоккей додасын Азия ойындары бағдарламасына енгізуге тиісті ұйымдардан рұқсат алғанбыз...

Саппорода сан соғып қалмаймыз ба?

Сөз жоқ, "Саппорода қалай болар екен" деп қобалжимыз. Себебі өткен Азия ойындарында ғана 32 алтын еншілегенбіз. Енді соның жартысына да қол жеткізе алар ма екенбіз?! Әй қайдам... Көңіл күпті. Отыз екі алтынның қадірін түсінетін кез енді келгендей.

Бірақ жапондар бізге беймәлім немесе таңсық ешқандай спорт түрін қоспапты. VІІІ қысқы Азия ойындары бағдарламасына енгізілген сноуборд пен кёрлинг бізге де таныс. Бірақ саф алтын алу былай тұрсын, жүлдеге ілігуміздің өзі мүмкін емес деуге болады. Ал бұл екеуінен 8 медаль жиынтығы сарапқа салынады (6+2).

Содан кейін... Олар да ішкі есебіне жүгініп, өздерінің спортшылары алтын алуы мүмкін спорт түрлерінде сарапқа салынатын жүлделер санын арттырған. Сондай-ақ жапондардың Азия ойындары бағдарламасына әр спорт түрінен өз спортшыларына ыңғайлы, қолайлы қашықтықтар мен жаттығуларды енгізуге тырысқанын да ескере кеткен жөн болар.

Осы ретте айта кетейік, Саппорода конькимен жүгіру спортынан 14 медаль жиынтығы сарапқа салынады екен. Есесіне, фристайл мен шаңғы жарысынан сарапқа салынатын жүлделер саны азайтылған – 4 және 10. Ал 2011 жылы Алматыда фристайлдан – 6, шаңғы жарысынан – 10, ал конькимен жүгіруден – 12 медаль жиынтығы болған...

Түйін

Десек те, VІІІ қысқы Азия ойындарына үкілеп қосқан қыз-жігіттерімізге сенеміз. Үмітті ақтап, ел намысын абыроймен қорғап қайтады деп ойлаймыз. Жалпы командалық есепте алғашқы үштікке "сына қақса", нұр үстіне нұр болар еді. Тіпті төртінші орын алса да спорт мамандары мен басшылар түсіністікпен қарайды.

Әйтсе де, спортшыларымызға аянбау керек. Бәрі де жетістіктері мен еңбектерінің еш кетпейтінін біледі. Мемлекет көк Туымызды желбіретіп, Әнұранымызды құйқылжытқан спортшыларды сыйақыдан кенде қалдырып көрген емес. Ендеше, спортшы қыз-жігіттерімізге сәттілік тілейміз.

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу