Байыпсыз байбалам

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
2518

Абу-Даби Плаза кешенінің құрылысына жұмылдырылған жұмысшылар саны әлі де қысқарады.

Байыпсыз байбалам Фото: sputniknews.kz

Дүйсенбі күні Астанадағы Абу-Даби Плаза құрылыс кешенінен кезекті мәрте шу шыққанын жақсы білеміз. Осыған дейін құрылысты өрт шалып, бір дүрліккен, кейін жұмысшылары өзара қырқысып, даудың ортасында қалған Абу-Даби Плазаның басшылығы бұл жолы 400-ге жуық қазақстандықты бір уақытта жұмыстан босатыпты. Бұл – алып құрылыстың аумағына күндегі әдетінше кіре алмай, жұмыстан босағандарына наразылық білдірген құрылысшылардың айтқаны һәм БАҚ өкілдерінің таратқаны. Алайда, шын мәніндегі жағдай басқаша болып шықты.

Осы мәселеге қатысты арнайы ұйымдастырылған баспасөз мәслихатына қатысқан Астана қалалық жұмыспен қамту, еңбек және әлеуметтік қорғау басқармасының басшысы Ермек Оспановтың айтуынша, жұмыстан босағандардың саны жұрт айтып жүргендей 400 емес, 62 адам. 62-сі де штатта жоқ. Яғни, қосалқы жұмысшылар.

"Абу-Даби Плазаның құрылысы аяқталуға таяу. Кешен бес ғимараттан тұрады. Соның төртеуінде жұмыс тәмамдалған. Ең соңғы ғимарат қана қалды. Ол – технологиялық тұрғыдан өте күрделі құрылыс. Оған өте білікті мамандар тартылуда. Бір жылдан кейін құрылыс түбегейлі аяқталып, пайдалануға беріледі. Тиісінше, жұмыс көлемі азайған сайын қызметкерлер саны да біртіндеп қысқарады. Бұл – қалыпты жағдай", – дейді Ермек Оспанов.

Басқарма басшысының айтуынша, 2017 жылы жұмыс көлемінің аяқталуына байланысты 2866 шетелдік маман босатылып, өз елдеріне кеткен. Сондай-ақ, 4043 қазақстандық та өз міндетін орындап, бұл құрылыспен қоштасқан.

"Біз қаласақ та, қаламасақ та құрылыс түптің түбінде аяқталады. Жұмысшының бәрі босайды. Есесіне, кешен пайдалануға беріліп, жаңа жұмыс орындары ашылады. Осы жағын да естен шығармауымыз керек", – дейді басқарма басшысы.

Ермек Оспанов атап өткендей, Абу-Даби Плазадағы жұмыс көлемі мен жұмысшылардың қысқаруы еңбек инспекциясының қатаң бақылауында. Ал 62 жұмысшыға қатысты орын алған жағдай кешен құрылысына кесірін тигізбеген.

"Абу-Даби Плазадағы құрылыс жұмыстары кезінде еңбеккерлердің құқығы тапталған емес. Сондай-ақ, адам өлімімен аяқталған қайғылы жағдай да тіркелген жоқ", – деп жалғастырды сөзін шенеунік.

Басқарма басшысы түсіндіргендей, Абу-Даби Плазаның құрылысына тартылған 4 қосалқы мердігер компанияға тиесілі жұмыс көлемі әне-міне аяқталғалы отыр. Сол себепті бас мердігер "Arabtec Holding PJSC" компаниясы аталған мердігер ұйымдарда еңбек ететін 62 адамның көмегінен бас тартқан.

"Arabtec Holding PJSC" компаниясының басшылығы жұмыс көлемінің аяқталуына байланысты 2018 жылдың 5 ақпанынан бастап 62 адамның жұмыстан босайтынын ертерек хабарлаған. Нақтырақ айтсақ, бұл туралы қосалқы мердігер ұйымдардың басшыларына 2018 жылдың 19 қаңтарында ескертілген. Сондықтан, бұл жерде "Arabtec Holding PJSC" тарапынан ешқандай кінә жоқ. Ал қосалқы мердігер компаниялар бұл жайтты қарамағындағыларға жеткізуге тиіс. Бізге осы жері жұмбақ болып тұр. Яғни, қосалқы компаниялар басшыларының жұмысшыларға алда болатын жағдай туралы хабарлағаны я хабарламағаны белгісіз", – дейді басқарма басшысы.

Еске сала кетейік, аталған мәселе бойынша арнайы жұмыс тобы құрылды. Жұмыс тобы осы апта бойы тексеріс жүргізіп, келесі аптаның басында оның қорытындысын жариялайды. Тексеру қорытындысына байланысты кінәлі адамдар жазаланбақ. Осылайша, қазақстандық азаматтардың құқығы бұзылғаны немесе бұзылмағаны анықталатын болады.  

Басқарма басшысы жұмыстан босаған 62 адам далада қалмайды деп сендірді. Оның сөзінше, қазір Астана қаласы бойынша 4,5 мыңнан астам бос жұмыс орны бар. Бұл ретте, 200 құрылысшының орны бос тұр. Сондықтан, олардың бәрі жұмысқа орналастырылады, деді сеніммен.

"Астана – инвестициялық тұрғыдан тартымды қала. Сол себепті бұл шаһарға шетелдік компаниялар келіп, инвестициялық жобаларды жүзеге асырады. Біз олардың жұмыс жасауына кедергі келтірмеуіміз керек. Әрине, ел азаматтарының құқығы бұзылмауын да басты назарда ұстауға тиіспіз", – деп толықтырды сөзін Ермек Оспанов.

Басқарма басшысының деректеріне сүйенсек, бүгінде Абу-Даби Плаза кешенінің құрылысына 4 453 адам жұмылдырылған. Олардың 3 288-і – штаттағы жұмысшылар. Яғни, олар арнайы келісімшарт бойынша жұмыс істейді. 3 288 адамның 2 428-і – шетелдік, 860-ы – қазақстандық.

Бұдан бөлек, құрылыс аумағында 87 қосалқы мердігер компания бар. Оларда 1 165 адам жұмыс істейді. Компаниялардың 86-сы – қазақстандық, біреуі – шетелдік. Қосалқы мердігер ұйымдарда еңбек ететін 1 165 адамның 226-сы – шетелдік, 939-ы – қазақстандық.

Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова 62 жұмысшыға орташа еңбекақы көлемінде өтемақы төленетінін мәлімдеді. Айтуынша, компания басшылығымен осындай келісім бар. 

Еске сала кетейік, Абу-Даби Плаза – инвестициялық жоба. Оның құрылысы 2013 жылы басталған болатын. ТМД аумағында мұндай құрылыс кешені әлі салынбаған. Абу-Даби Плаза 2019 жылдың көктемінде пайдалануға беріледі деп күтілуде.   

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу