Балаңыздың есімін "sms"-пен қоя салыңыз

2991

Қазақстандықтар дүние есігін жаңа ашқан сәбилеріне есімді SMS арқылы бере алатын болады.

Балаңыздың есімін "sms"-пен қоя салыңыз

Бұл туралы бүгін парламент мәжілісінде өткен үкімет сағатында ақпарат және коммуникациялар министрі Дәурен Абаев мәлімдеді.

Оның айтуынша, енді жас босанған аналар мен перзент сүйген әкелерге осы қуанышын "рәсімдеп", мемлекетке мойындату үшін табан тоздыруға тура келмейді, бұл үшін қол боста қалтафоннан смс жаза салса жетеді.

Министр Қазақстанда мемлекеттік қызметтерді көрсетудің "proactiv" қағидатын толығымен электронды форматта жүзеге асыруға көшу жоспарланып отырғанын хабарлады. Оның айтуынша, бұл азаматтарды тіркелген орнына немесе тұрғылықты жеріне бекіту, халыққа қызмет көрсету орталығына жеке тұлғаның міндетті түрде өзі келуі, бір мемлекеттік қызметті алу үшін бірнеше меморганның табалдырығын тоздыру секілді бірқатар түйткілді мәселелерді шешуге мүмкіндік беретін көрінеді.

"Мысал үшін айталық: бала туылғаннан кейін автоматты түрде оның ата-анасына SMS-хабарлама келіп түседі. Онда ата-анадан өмірге келген перзенттің атын, әкесінің атын, тегін жазып жіберу сұралады. Бұл туу туралы куәлік алу үшін, жөргекақы-жәрдемақылар рәсімдеуге қажетті есепшот нөмірін тағайындау үшін, сондай-ақ бірден балабақшаға кезекке қоюға керекті мекенжайлық деректерді білу үшін қажет. Осыдан кейін өтініш иелеріне тек дайын құжаттарды "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясынан алып кету немесе бұл мемқызметтер нәтижелерін үйге жеткізуге тапсырыс беру ғана қалады", – деді Дәурен Абаев.

Министрдің түсіндіруінше, "proactiv" қағидаты бойынша азаматтар мемлекеттік қызмет алу үшін шенеуніктердің соңынан жүгірмейді, керісінше, мемлекеттік қызметтер көрсетуші органдар белсенділік танытып, алдын орай қимылдайды: қызмет алушы азаматқа ертерек өздері жүгінеді.

"Азаматтарға арналған үкіметтегілер" журналистерге түсіндіргендей, осы "алдын ала белсенді" қағидаттың алғашқы жемісін қазірдің өзінде татып көруге болады екен: ол үшін перзентханада жатқан сәбидің анасы медициналық анықтама мен банктегі есепшот нөмірін ХҚКО қызметкеріне тапсырады, ал ХҚКО қызметкері сол перзентханалардың ішінде отырады. Дәл сол жерде ата-ана баланың туылғанын тіркеуге, туу бойынша және баланың 1 жасқа дейінгі күтіміне арналған жәрдемақыларды аударуға өтініш бере алады, сондай-ақ бөбекті балабақшаға кезекке тұрғызады.

Енді алда перзентханалардың деректер базаларын мемкорпорацияға интеграциялау көзделуде екен, нәтижесінде перзентханалар баланың дін-аман туылғаны туралы деректі бірден "Азаматтарға арналған үкіметке" жібереді. Содан кейін сәби сүйген анаға жоғарыда айтылған SMS-хабарлама келеді де, ата-ана өз баласына қандай ат қоятынын кері смс-пен хабарлай салады. Осы хабарламадағы деректерге сүйене отырып, мемкорпорация туу туралы куәлікке тапсырыс береді, жәрдемақыларды тағайындайды, баланы балабақша кезегіне тіркейді.

Әрине, ұлты қазақ баланың есімін дұрыс жазу үшін ата-ананың телефоны қазақ қаріптерін қолдайтын болуы керек. Бірақ латын графикасына көшкеннен кейін бұл проблема жойылады деп күтілуде.

Жиырма миллион анықтаманы беру тоқтатылады
Депутаттар министрден ХҚКО-лар арқылы кездейсоқ адамдардың азаматтардың дербес деректеріне қол жеткізуіне қатысты жанжалдың да мән-жайын тәптіштеп сұрады. Жақында Алматы қаласының тұрғыны Анна Димитриевич халыққа қызмет көрсету орталықтарының бірі өзінің жеке басына қатысты деректерді бөгде біреулерге еш хабарлаусыз беріп жібергенін жариялаған болатын. Осыдан кейін министрлік осыған ұқсас шағымдардың астында қалыпты. Олардың байыбына бару, айыпты шенеуніктерді анықтау үшін тіпті видеоархивті қопартуға тура келіпті.

"Біз бұл жерде екі жолды көріп отырмыз. Біріншіден, ХҚКО-дағылар қол жеткізе алатын анықтамалар санын барынша қысқартып тастауға болады. Яғни, меморгандар құжаттарды сұрата бермей, анықтамаларды өздері-ақ тапсырыс беріп, деректер базаларынан тікелей ала алады. Бұған адамдар қатыспайды, олар әрлі-берлі сабылмайды, бәрі өзара біріккен ақпарат жүйелері арасында жүреді", – деді Дәурен Абаев.

Екінші жол халықтың "сауатсыздығын жоюды" қарастырады.

"Аталған оқиға қоғамдық дүрбелең туғызғаннан кейін министрлікке ХҚКО қызметкерлерінің дербес деректерге ұлықсатсыз қол жеткізуіне қатысты 60 шағым келіп түсті. Біз оның мәнісіне тереңдей үңілдік. Сөйтсек, азаматтар тек "ұлықсатсыз алды" деп ойлаған екен. Шынында не болған? Олар келеді де, анықтама алып беруді сұратады. ХҚКО қызметкері электронды цифрлық қолтаңбасымен оның дербес деректеріне кіреді, жеке куәлігі бойынша сәйкестендіреді де, анықтама алып береді. Біз тексерген барлық шағымдар расталмады. Яғни, өздері жүгініп, анықтама алғызғандарын адамдардың өздері ұмытып қалған. Артынан "жеке кабинетінде" үш ай бұрын бөгде біреу анықтама алғанын байқап, шу көтереді, өздері тапсырыс бермегендерін айтады. Бірақ бейнекамералар жазбалары арқасында біз барлығын анықтадық. Егер біз қазір азаматтарға қолұшын бермесек, онда ХҚКО-лар қайтадан ұзынсонар кезектердің астында қалады", – деді министр.

Сондықтан ақпарат және коммуникациялар министрлігі бұл бағытта екі шаруамен – "барлық ақпараттық жүйелерді өзара кіріктірумен" және "азаматтардың өз анықтамаларын электронды түрде өздері алуы үшін қажетті білімі мен машықтарын дамытумен" айналыспақ.

Айтқандай, "үкіметтік сағатта" мемлекеттің "блатной" автонөмірлер сатудан қанша пайда тапқаны да жарияланды. 3 жыл ішінде ішкі істер министрлігіне қарасты арнайы ХҚКО-лар арқылы 15 мың 760 "тартымды" нөмірлер жиынтығы сатылыпты. Олардан бюджетке 5 миллиард 548 миллион теңге кіріс түсіпті.

Халыққа "блатной" нөмірлер тізімі ұсынылады
Биыл тиісті заңнамаға өзгерістер енгізілді. Енді тек сандардың ғана емес (мысалы, 777, 999), сондай-ақ автокөліктің мемлекеттік нөміріндегі әріптердің де қайталануы (мысалы, WWW) "тартымды" нөмір болып танылып, тек ақшаға сатылады.

Сонымен қатар ІІМ сатып алуға ұсынылатын "әдемі нөмірлердің" тізімін арнайы ХҚКО-ларда қабырғаға – стендтер мен ақпараттық тақталарға іліп қоюды жоспарлауда. Онымен жүргізушілер сондай-ақ ішкі істер органдарының сайттарынан да таныса алады деп күтілуде.

Келесі жылы "темір тұлпарларға" арналған "арнайы ХҚКО-лар" Батыс Қазақстан және Ақмола облыстарында ашылады.

Тағы бір айта кетерлігі сол, Қазақстанда "Paper free" қағидаты да кеңінен өркен жаймақ. Ол елді қағазбастылықтан түпкілікті арылтуға тиіс.

"Біздің корпорация қызметкерлері өкілетті органдармен бірге мемлекеттік қызметтерді көрсетудегі өзекті мәселелерді шешу жолдарын қарастыруда. Бұл тұрғыда, ең алдымен саланы мүмкіндігінше цифрландыру керек. Цифрлық қызмет көрсету аясында біз инновациялық жаңашылдықтарды енгізіп, мемлекеттік қызмет көрсетудің проактивті принципіне ауысып жатырмыз. Бұл үшін ақпараттық жүйелерді біріктіру аса маңызды. Бүгін біз "Paper free" сервисін енгізу, яғни қызмет алушының рұқсаты расталған жағдайда, мемлекеттік органдар мен жекеменшік ұйымдарға анықтамалар беру мәселесін қарастырудамыз. Егер бұл жоба іске асса, қағазға басып шығарылатын анықтамалардың саны 21,5 миллионға дейін қысқарар еді!" – деді "Азаматтарға арналған үкімет" мемлекеттік корпорациясының басқарма төрағасы Абылайхан Оспанов.

Оның айтуынша, еліміздегі 746 мемқызметтің 621-і мемлекеттік қызметтердің бірыңғай провайдері болып табылатын осы мемкорпорация арқылы ұсынылады. Алдағы уақытта жылжымайтын мүлікті тіркеу, азаматтық хал актісін тіркеу, міндетті медициналық сақтандыру жүйесіндегі атауландырылған есеп функциялары да корпорацияға өтпек.

"Маңызды стратегиялық бағыттардың бірі – азаматтар мен бизнеске цифрлық нұсқада қызмет көрсету. Бұл тұрғыда үнемі оңтайландыру жұмыстары жүргізіліп, мемлекеттік қызметтер автоматтандырылуда. Және жылжымайтын мүліктің бірыңғай мемлекеттік кадастрін жасау, проактивті қызмет көрсетуге ауысу іс-шаралары жүзеге асырылуда", – деп түйді Абылайхан Оспанов.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу