Банктерді қарыз батпағынан екі жақтап сүйреп шығарамыз

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
2724

Соңғы дерекке сүйенсек, бүгінге дейін банктер 15,5 трлн теңгенің несиесін үлестіріпті.

Банктерді қарыз батпағынан екі жақтап сүйреп шығарамыз

Кезінде несиені оңды-солды таратып, қазір қайтарылмайтын қарыздың батпағына батқан банктердің "улы активтерін" мемлекет сатып алып, осы секторды сауықтыруға кіріспек. Әйтпесе, осы бағытта өз бетінше тырбанған коллекторлар банктерді желкеден сүйреп шығаруға күші жетпей, көп іс тындыра алмай отыр.

Бейсенбі күні өткен жалпы отырыста сенат "Кейбір заңнамалық актілерге азаматтық, банктік заңнаманы жетілдіру және кәсіпкерлік қызмет үшін жағдайды жақсарту мәселесі бойынша өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы" заң жобасын жедел түрде қарап, бірден екі оқылымда құптады. Нәтижесінде бұл жобаны "парламент қабылдады" деп саналады. Айтпақшы, дәл осы заң жобасын қабылдатуда үкіметтің депутаттарды асықтырып, "екі аяғын бір етікке тығуы" жоғарғы палата басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевқа ұнамай қалды: әдетте өзін өте салмақты ұстайтын стайер-саясаткер үкімет мүшелеріне "соңғы ескерту" жасады:

"Үкімет басшылығының отырысқа қатысып отырғанын пайдалана отырып, қатаң ескертемін: заң жобаларын дәл осылай қауырт түрде біз соңғы рет қарап отырмыз! "Қысқа мерзімде қабылдаңыздар, керек!" деп тықақтауды тоқтатыңыздар! Біз бұл жолы тілектеріңізді қабыл аламыз, бірақ мұның ақырғы рет жасалып отырғанын ескеріңіздер!", – деді спикер.

Үкіметтің асығуының мәнісі неде? Таяуда үкіметтің банктердің "улы активтерін" сатып алумен айналысатын "Проблемалы несие қорына" 2 трлн теңге аударатыны мәлім болды.

Ал әділет министрі Марат Бекетаевтың айтуынша, енді бұл қордың басшылығы үкіметке көшеді.

"Қаралып отырған заңда банк заңнамасын жетілдіру бөлігі бар. Дәлірек айтқанда, 2017 жылдың 31 қаңтарындағы жолдауында мемлекет басшысы белгілеген тапсырмаларды жүзеге асыру мақсатында осы заң жобасында банк секторын сауықтыру жөніндегі шаралар қарастырылған. Нақтырақ айтқанда, "Проблемалы несие қоры" АҚ-ны Ұлттық қордан үкіметке беру қарастырылып отыр", – дейді әділет министрі.

Ұлттық банк ұсынған дерекке жүгінсек, "Проблемалы несие қоры" АҚ ("ПКҚ") әділет органдарында 2012 жылдың 11 қаңтарында тіркелген. Оның жалғыз акционері бұған дейін Ұлттық банк болды. "ПКҚ" қызметінің негізгі мақсаты – екінші деңгейлі банктердің несие портфельдерінің сапасын жақсартуға бағытталған шараларды іске асыру. Осы мақсатта қор "банктің проблемалы несиесін сатып алады", "банктен сатып алынған активті басқарады", "ипотекалық несие/ипотекалық қайта қаржыландыру бағдарламасын бақылайды". Қазіргі басқарма төрайымы Роза Раева.

Ұлттық банктің төрт жылдан бері бұл бағытта бітіргені үкіметтің көңілінен шықпағанға ұқсайды. Ол атқарушы биліктің ғана емес, жоғарғы заң шығарушы биліктің де көңілін көншітпейді. 2014 жылдың қазан айының соңында сол кездегі 5-шақырылымдағы парламенттің бір топ депутаты сол кездегі үкімет басшысы Кәрім Мәсімовке хат жазып, осы қордың үстінен шағым түсіргені есте.

Олардың айтуынша, Қазақстанның банк секторын тұрақтандыруға және сауықтыруға бағытталған Ұлттық қордың қаражаты 1 трлн теңгеден асқан. Депутаттар "улы" несиені салық төлемей есептен шығаруды қарастыратын банкке арналған жеңілдікті салық режимі 2015 жылдың аяғына дейін ұзартылған. "Алайда осы ауқымды көмек оның проблемалы несиесінің азаюына еш ықпал етер емес, қайта көлемі ұдайы артып барады", – деп жазды депутаттар.

Сондай-ақ депутаттар мемлекеттің дағдарыс уақытында қуатты қолдап отырғанына ризашылығы ретінде қайырым таныту орнына банктер несиесін қайтара алмай жатқан бизнесмендердің – кәсіпорындары мен мүліктерін, ал ипотеканы өтеуге қауқарсыз болған жандардың – баспаналарын тізеге салып, тартып алып жатқанына назар аударды.

"Халық осының мәнісін түсінбейді, бұл қоғамдағы наразылықтың өсуіне әкеп соғады. Кепілге қойылған баспананы банктердің тартып алуы салдарынан азаматтардың өзіне-өзі қол жұмсау оқиғалары тіркелді. Банктің, коллектордың, сот орындаушысының қысымының кесірінен көптеген адам денсаулығынан айырылды", – деп алаңдаушылық білдірді парламентарийлер. Бұл шағымның авторы, депутат Борис Сорокин келесі 6-сайланған парламентке өтпей қалды. Бірақ проблеманың түйіні содан бері тарқамады.

Қаржы саласына қатысы жоқ былайғы жұрт мемлекетке банктердің "улы" активтерін сатып алудың не пайдасы барын ұға алмайды. Кезінде Қаржы, Өңірлік даму министрліктерін басқарған Болат Жәмішевтің айтуынша, банктер өздерінің жұмыс істемейтін заемдарын дисконтпен тапсырады. "Бұл ретте 100 бірлікке берілген несие 20, тіпті 10 бірлікке ғана бағаланады. Себебі сол 10 пайызының да қайтарылуы күмәнді. Тиісінше 100 бен 10 арасындағы айырмашылық сатып алушының ықтимал табысы. Дегенмен ол ұйымның сол он пайыздық табысты да ала алмайтынын бәрі түсінеді, себебі ол – қайтарылмайтын заем", – дейді ол.

Оның айтуынша, "проблемалы заемнан еңсесі езілген банк экономикадағы өз рөлін атқаруға қабілетсіз болады": "Үкімет бұл проблеманы шешуге міндетті. Себебі банк жүйесі болмаса, экономика жұмыс істей алмайды. Бұл халыққа да, бизнеске де керек".

Ал мәжілістің Қаржы және бюджет комитетінің төрайымы Гүлжан Қарақұсова шындап келгенде, сол "проблемалы несиені" банктің өзі жасағанына назар аударады: ол арты неге соқтырарын талдап жатпай-ақ, шетелден арзан заем тартты да, бизнесмендерге, тұтынушыларға жаппай таратты. Қазір Ресейге қарсы санкция енгізілуіне және дағдарыстың күшеюіне қарай отандық банктер сырттан арзан несие тарта алмайды. Ал бұрын берілгендерін қайтару, клиенттерінің күйзеліске ұшырауы салдарынан қиынға айналды.

"Он жылдай бұрын біз үкіметтен және Ұлттық банктен проблемалы несиенің артып бара жатқанына көңіл бөлуді сұрағанбыз. Егер бұл түйткілдің не себепті туындағанын анықтамасақ, қазір тазалағанымызбен, артынан бәрі қайталанады. Біз тек тиімсіз жұмыс істеген банктерге көмектесіп қана қоймай, оның ауыртпалығын бюджетке алып отырмыз!", – деген ол миллиондап жалақы алғанымен, тиімсіз жұмыс істеген банктердің топ-менеджерлерінің қателігі үшін мемлекет жауап бергеніне қынжылады.

Credit Collection Group-ты басқарған, коллекторлық салада ұзақ жыл жұмыс істеген маман Тахир Мубараковтың айтуынша, коллекторлық фирмалар тек жеке азаматтан ғана емес, жеке кәсіпкерден, компаниядан банктің және ірі микронесие ұйымының қарызын өндіріп алумен де шұғылданатынын айтады.

"Әдетте, коллекторлық компанияның өзі банкке шығып, коммерциялық ұсынысын жібереді, қандай дисконт-жеңілдікпен проблемалы несиесін алатынын хабарлайды. Бұл ретте коллектор мен банк екі бағытта жұмыс істеуі мүмкін. Біріншісі – қарызды комиссиялық негізде өндіру, яғни қарызды талап ету құқығы банкте қалады, ал коллектор оны өндіргені үшін өз комиссия-үлесін алады. Нарықта комиссия 35%-ға дейін баруы мүмкін. Яғни коллекторлық компанияға 100 мың долларлық проблемалы портфель берілсе, соның тек 50 мыңын өндірсе, комиссия мөлшері көп дегенде 17,5 мың доллар болмақ. Мұндай үлкен комиссия өте ескі несиеге белгіленеді. Мысалы біздің компания 2005-2006 жылдардан бері қайтаруы тыйылған портфельдермен жұмыс істейді", – дейді ол.

Осы тұста сарапшылар жеке немесе заңды тұлға алған несиенің "жарамдылық мерзімі" ешқашан өтпейтінін еске салады. Несие алдыңыз ба, ол ондаған жыл бойы мойныңызға ілініп тұрады, кейін үрім-бұтағыңызға "мұраға" қалып, солардан өндіріледі.

Банктердің "улы" несиесімен жұмыс істейтіндердің қызметінің екінші бағыты – "цессиялық мәмілелер" деп аталады. Ол бойынша коллектор, басқарушы компания немесе ПКҚ проблемалы ссудалық портфельді үлкен дисконтпен сатып алады. Ол бойынша қанша өндірсе, сол табыс болады. Қазақстан тарихында коллектордың банктің осы активін 20, 10 пайыз түгіл, 0,5 пайызбен иеленген кезі болыпты. Коллекторлар бұл тараптағы жұмысын өрістете бермек. Бірақ олар банктерді күн сайын өсіп бара жатқан миллиардтаған доллар қарыздан құтқара алмайды.

Ұлттық банктің сұрауымен мемлекет 2014 жылы проблемалы несие қорын капиталдандыруға Ұлттық қордан 250 млрд-тай теңге бағыттаған болатын. Бірақ ол да "жұмырға жұқ болмады". Енді мемлекет бұрын-соңды болмаған қадамға барып, бұл соманы 2 трлн-ға жеткізбек. Егер қор дисконтпен сатып алатынын ескерсек, бұл қаржыға ол банктің 10 трлн-ға дейінгі проблемалы несиесін иелене алады. Рас, сарапшылар, мысалы, BRB Invest басқарма төрайымы Галима Хусаинова мемлекеттің 10-20 емес, 50 пайыз жеңілдікпен сатып ала салуы мүмкін екенін айтады.

"Біздің жүйеде бұл дисконт 50% және одан жоғары болуы мүмкін. Демек, елімізде жұмыс істемейтін несие кем дегенде 4 трлн-нан асып кеткен ғой?! Осыған байланысты сұрақ туындайды: неге Ұлттық банк бір жағынан небәрі 1 трлн теңгедей ғана проблемалы несие барын айтады, ал екінші жағынан мемлекеттен соны сатып алуға 2 трлн теңге сұратады?", – деп қайран қалады Галима Хусаинова.

Расында ресми дерекке жүгінсек, 2017 жылдың 1 қаңтарындағы жағдайға жүгінсек, проблемалы несие 1,89 трлн теңгеге жеткен. Бұл барлық несиенің 12,2 пайызы.

2017 жылдың қаңтарына дейін еліміздегі банктер 15,5 трлн теңгенің несиесін үлестіріп үлгерген. Соның ішінде 3,8 триллионы – жеке тұлғаларға беріліпті. Оның 2,5 трлн теңгесін ұялы телефон салондарында, тұрмыстық техника дүкендерінде, құрылыс материалдарын өткізетін, ішік-тон және басқаларын сататын сауда орындарында тұтыну несиесі ретінде таратқан. Бүгінде банктен несие алып, тәуелді болып отырған халықтың жалпы саны – 5 млн-нан асқан. Шағын және орта бизнеске 5 трлн теңгедей несие беріліпті.

Не десек те, билік бұл істі әрі қарай Ұлттық банкке сеніп тапсыруды лайықсыз көргенге ұқсайды. Сол себепті үкімет жаңа заңды жедел қабылдатып алды. Не нәтиже шығарады? Мол ақша тағы да құмға құйған өзендей ізім-ғайым жоқ болмай ма? Өмір көрсетеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу