banner

Банктердің сапасыз активі экономикаға кері әсер етеді

2101

Қазақстанның рейтингі бойынша S&P болжамы жағымсыз болып тұр.

Банктердің сапасыз активі экономикаға кері әсер етеді

Standard&Poor’s Global Ratings халықаралық рейтинг  агенттігі "BBB-" және "A-3" деңгейінде шетелдік және ұлттық валюта міндеттемелері бойынша Қазақстанның ұзақмерзімді және қысқамерзімді тәуелсіз несие рейтингін растады. Сондай-ақ "kzAA" деңгейіндегі ұлттық шкала бойынша да рейтинг расталды. Ұзақмерзімді рейтинг болжамы – "жағымсыз".

"Қазақстан Республикасының банк жүйесіндегі активтерінің сапасы төмен болуы әлі де елдің экономикалық және қазыналық көрсеткіштеріне жағымсыз әсер етіп отыр. Сонымен қоса ЖІӨ-нің шамамен 30%-ын құрайтын өтімді активтердің едәуір көп болуын ескерсек,  Қазақстан Республикасы үкіметінің қазыналық ұстанымына теңгерімнің күшті көрсеткіштері қолдау көрсетуде", - деген пікір айтты агенттікте.

Қазақстан Республикасының рейтингіне бірінші кезекте  шикізат тауарларының бағасы жоғары болған кездегі бюджет пайдасынан түскен теңгерімнің күшті көрсеткіштері әсер етіп отырғаны айтылған хабарламада. Десе де Қазақстан рейтингісінің деңгейі саяси үдерістердің орталықтандырылуы, экономикалық дамудың бірқалыпты деңгейі және ақша-несие саясатының шектеулі икемділігі салдарынан болашақ саяси шешімдердің болжамдардың төмен болуына жол береді.

 "Егеменді рейтинг бойынша,  болжам – "жағымсыз", яғни Қазақстанның бюджеттік және сыртқы экономикалық көрсеткіштері қазіргі жоғары қауіп-қатер жағдайында төмендеуі мүмкін екенін көрсетіп отыр. Болжам бойынша елдің экономикалық даму қарқынының бәсеңдеуі байқалуы мүмкін", - дейді агенттікте.

2017 жылдың ақпан айында ҚР үкіметі 2017 жылдың бюджетіне түзету  енгізді, оның мақсаты "Проблемалы несиелер қоры" АҚ (ЖІӨ-нің 4%-ын құрайды) қайта капиталдандыруға байланысты шығындар күрт көбейгеннен кейін қаржыландыру болды, соның арқасында қор банктердің проблемалы несиелерін сатып алуға мүмкіндік алады.

"Біздің түсінуімізше, Қазақстан банк жүйесіндегі проблемалы несиелер деңгейінің төмендеуі іс жүзінде шектеулі. Қазақстан Республикасының Ұлттық банкі (ҚРҰБ) проблемалы несиелер деңгейі 2016 жылдың 1 қаңтарында 8% болса, 2017 жылдың 1 қаңтарында 6,7%-ға дейін төмендегенін мәлімдеді. Алайда біздің түсінуімізше, мұндай жағымды бетбұрысқа проблемалы несиелерді есептен шығару немесе арнайы заңды тұлғаларға сатуға мүмкіндік берді", - деп есептейді сарапшылар.

Бұл белгілі бір деңгейде реттеушінің 2017 жылдың соңына қарай проблемалы несиелер деңгейін 10%-ға төмендетуге талап қоюымен  байланысты.  ҚР банк секторы салалық және елдік қауіп-қатер деңгейі бойынша 8 топқа жатады (1 топқа қауіп-қатер деңгейі ең төмен елдер, ал 10 топқа қауіп-қатер деңгейі ең жоғары елдер жатады).

"Теңгерімге кірмейтін несиелер, құрылымын өзгерткен несиелер және "Қазкоммерцбанк" АҚ тарапынан "БТА Банкі" АҚ-ға берілген несиені ескерсек, біздің пайымдауымызша, проблемалы несиелер деңгейі шын мәнінде ресми мәліметтен 4 есеге артық болуы мүмкін. 2017 жылы ҚРҰБ Қазақстанның банктерін стресс-тестілеуден және актив сапасын талдаудан өткізеді. Біздің көзқарасымыз бойынша, орташамерзімді келешекте банк жүйесіндегі активтердің төменгі сапасы елдің жалпы экономикалық жүйесіне әдеттегідей жағымсыз әсер етуі әбден мүмкін. Қазақстан банк жүйесінің осал тұстарын ашық бағалап, осы қиындықтарды жеңуге бағытталған кешенді бағдарлама ұлттық банктердің ел экономикасының қозғаушы күшіне айналуына жол ашуы тиіс деп ойлаймыз. Банк жүйесін нығайту және тұрақтандыру үдерісі үкіметтен қосымша шығын мен сол арқылы қазыналық көрсеткіштерді әлсіретуді талап етуі мүмкін (қажетті қолдау мөлшеріне байланысты)", - делінген ақпаратта.

Қарызды өтеуге жұмсалған үкіметің шығыны 2016 жылы 6%-ға артты, бұл белгілі бір деңгейде теңгенің девальвациясына байланысты болды, себебі үкімет қарызының 52% шетел валютасында. Үкімет шығындарының күрт өсуіне тағы бір себеп – теңгенің әлсіреуі мен инфляцияның 14,6%-ға өсуі. Кейбір факторлардың әсері әлсіреуіне байланысты, үкіметтің пайыздық шығыны 2017-2020 жылдары орташа есеппен 4,8%-ға дейін төмендеуі мүмкін деп болжайды агенттік (инфляция бұл кезеңде 6%-ды құрайды). Сонымен қоса егер қарызды өтеу көрсеткіші төмендемесе, агенттік өз бағасын төмендетуі мүмкін.

Қазақстан экономикасының негізгі секторы мұнай болып табылады, ол ЖІӨ-нің шамамен 15%-ын, экспорт көлемінің жартысынан көбін және үкіметтің кеңейтілген табысының 35%-ын құрайды. Мұнай бағасы жоғары болып тұрған кезде бұл сектор ел экономикасына қолдау көрсеткенмен, мұнайдан түсетін табыстар едәуір құбылмалы екенін айтады агенттіктің сарапшылары.

S&P GR болжамы бойынша, Қазақстан экономикасы биылғы жылдан бастап бірқалыпты дамып отырады, 2017-2020 жылдары ЖІӨ-нің өсімі орта есеппен 2,5%-ды құрайды. Макроэкономикалық көрсеткіштердің болжалып отырған динамикасына инвестиция салымдары, мұнай бағасының өсуіне байланысты экпорт көрсеткіштерінің артуы, сондай-ақ Қашаған кен орнында мұнай өндіру көлемінің арттыру есебінен қолдау көрсетіледі.

"Біздің бағалауымыз бойынша, 2011-2020 жылдары ЖІӨ адам басына шаққанда шамамен 1%-ға өседі, бұл экономикалық даму деңгейі бірдей елдердің көрсеткішінде соңғы сегментке сәйкес келеді", - деп жазылған жарияланған ақпаратта.

Қазіргі кезде Қазақстан активтерінің едәуір мөлшері жағымды рейтингке әсер ететін фактор деп есептейді агенттіктің сарапшылары.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу