Биліктің валюталық патриотизмінен банктер әсерленген жоқ

Бауыржан Мұқан Бауыржан Мұқан
2072

ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев елдегі доллар-теңге балансы мен оның қаржы секторына әсері туралы айтты.

Биліктің валюталық патриотизмінен банктер әсерленген жоқ

Естеріңізде болса, 2015 жылы доллардың бағамы күрт көтерілгенде халықтың көпшілігі жиған-тергенінің жартысына жуығынан айырылып қалған. Ел экономикасы үшін де бұл оңайға соқпаған еді. Мемлекеттің экономикасын доллармен есептеп үйренген үкімет сол кезде президенттің тапсырмасымен жаппай долларсыздандыру жұмыстарына кірісіп кеткен еді.

Алдымен жылжымайтын мүлік саудасында шетел валютасын ысырып тастады. Одан кейін шама келгенше ішкі сауда тек ұлттық валютаға бас ұрып, билік валюталық патриотизмге берілген еді. Алайда шетелмен доллармен сауда жасап, іштегі экономиканы теңгемен ұстап отыру үкімет үшін оңай болмасы анық еді. Баланс бұзылды.

Ақышевтың Бас банктің басшылығына келгендегі ең басты миссияларының бірі де осы болатын. Долларды ығыстыру. Жас банкир бұл тапсырманы жап-жақсы орындай білді. Күн өткен сайын халықтың депозиттегі жинақтары теңгеге қарай ойысып, халықтың долларға жалтақтауы саябырсыды. 2015 жылмен салыстырғанда былтыр қарапайым халықтың депозиттегі ақшасының шетел валютасындағы үлесі 70 пайыздан 55 пайызға дейін түссе, тиісінше ұлттық валютамен салған жинақ көлемі арта берді.  Ал баспана саудасы тек теңгемен жүретін болды. Әрине, заңның мәжбүрлеуімен.

Халықтың валюталық айырбастарын бақылау оңай болғанымен, банктерді доллардан бас тартқызу қиын болғаны анық. Банкирлердің бұл тұрғыда алға тартатын аргументі, шетелдік кредиторлармен долларда ғана сауда жасайтындықтары. Сыртпен тікелей сауда жасап отырғандықтан олар тек теңгеге иек арта алмайды. Дегенмен, ірі қаржы ұйымдарының қаржы айналымының басым бөлігі шетел валютасымен жүзеге асырылуы елдегі қаржы саясатына кері әсерін тигізеді. Бұл туралы күні кеше ҚР Ұлттық банк төрағасы Данияр Ақышев мәлімдеді.

Ақышевтің айтуынша, доллармен жұмыс істеудің жоғары көрсеткіштері екінші деңгейлі банктердің ғана емес, Ұлттық банктің де жұмысына кері әсер етеді. Алайда, бұл келеңсіздікті шешуде бас банктің өзіндік жоспары жоқ емес. Ол үшін айналымнан долларды алып тастау сияқты шорт қадамдарға барудың керегі жоқ.

"Экономиканың долларлануы – үлкен проблема. Бұл ҚР Ұлттық банкінің жұмысына кедергі келтіреді. Өйткені, бас банк ұлттық валютаның эмитенті. 2016 жылы елдегі долларландыру көрсеткіші 80% болды, жеке тұлғалардың депозиттерінің барлығы шетелдік валютада болды. Осындай жағдайда банктер жұмыс жасай алмайды. Өйткені оларда теңге болмады. Орталық банк дұрыс ақша несие саясатын жүргізе алмады. Өйткені, біз теңге нарығындағы мөлшерлемені пайдаланамыз. Ал банктерде тек доллар", – деді Ақышев.

Осы орайда бас банкир теңге депозиттерінің көлемін арттыру үшін қандай қадам жасалғанын айтып өтті.

"Әрине, әкімшілік құралдар бар. Бірақ доллармен ақша жиюға тікелей тыйым салу Қазақстанда мүмкін емес. Сондықтан теңге депозиттерінің мөлшерлемесін көтеріп, доллар депозиттерінің мөлшерлемелерін азайттық. Қазіргі таңда жеке тұлғалар, кәсіпорындар, мен ұйымдар активтерін теңгеге ауыстыра бастады. Талдау қорытындысына сәйкес, соңғы 15 айда доллар бағамы төмендеді", – деді Ақышев.

Айта кету керек, 2015 жылы мемлекет басшысы Нұрсұлтан Назарбаевтың тапсырмасымен Қазақстанда экономикадағы долларландыру деңгейін төмендету бойынша жоспар қабылданған болатын. Бұл жоспар ҚР үкіметінің отырысында, Ұлттық банк басқармасының отырысында мақұлданды. Жоспарға макроэкономикалық тұрақтылықты қамтамасыз ету, қаражаттың көлеңкелі айналымын қысқарту мен нақты ақшасыз төлем көлемін дамыту, ұлттық валютаның басымдығын арттыру сияқты 3 негізгі стратегиялық бағыт енген болатын.

2017 жылдың сәуірінің соңында ұлттық валютадағы депозиттер көлемі  9 090,2 млрд теңгеге жеткен (1 айда 2,6%-ға өскен), шетелдік валютадағы депозит көлемі 1 айда 1,4%-ға азайып, 8 654,7 млрд теңге болды. Осымен екінші ай бойы ұлттық валютадағы депозиттер көлемі шетелдік валютадағы депозиттер көлемінен артық болып отыр. Долларландыру көлемі 49,8%-дан 48,8%-ға дейін төмендеді. Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2017 жылы сәуірде 0,6%-ға артып, 5 752,5 млрд теңгені құрады. Шетелдік валютадағы депозит көлемі 0,3%-ға төмендеп, 4 415,9 млрд теңгеге жетті.

Қалай дегенде де, қазір экономиканың 48,8 пайызы әлі де болса долларға тәуелді. Долларсыздандыру саясаты басталғалы 2 жылдың ішінде Ұлттық банк бұл көрсеткішті бар болғаны бірнеше пайызға ғана түсірген. Алайда, сыртқы тәжірибеге қарайтын болсақ, долларға тәуелділіктен арылу процестері ондаған жылдарға дейін созылуы мүмкін екенін байқаймыз. Мәселен, биыл жыл басында ғана Қытай және Ресеймен тауар айналымында долларды қолданбаймыз деп шешкен Түркия соңғы 5 жылда елдегі долларсыздандыру көрсеткішін бар болғаны 10 пайызға ғана түсірген екен.

Бауыржан Мұқан

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу