Биылдан бастап смартфоннан төлем жасауға болады

5152

VISA Қазақстанда QR-код арқылы төлем жүргізу жүйесін енгізіп жатыр.

Биылдан бастап смартфоннан төлем жасауға болады

Жыл соңына дейін VISA халықаралық компаниясы Астана мен Алматыда QR-кодтың көмегімен төлем жасау жобасын сынақтан өткізуді жоспарлап отыр. Сынақ жобалар іске асырылғаннан кейін компания елдің барлық аймағын жаңа жүйемен қамтымақшы. Бұл туралы abctv.kz-ке VISA компаниясының Орталық Азия аумағы бойынша бас менеджері Ғалым Табылдиев мәлімдеді.

"M-VISA технологиясы электронды төлем жүргізу саласының жаңа дәуірі болып табылады. Бұл жүйені енгізуде Қазақстан алғашқы елдердің бірі ретінде таңдалды. Ол QR-кодтың көмегімен электрондық төлем жүргізуді көздейді. Өздеріңіз білетіндей, POS-терминалдар енгізуде үлкен қиындықтарға тап болдық. Оның құны едәуір қымбат. Сауда және қызмет көрсету кәсіпорындарының басым бөлігінің бұған қалтасы шақ келмейді. QR-кодты кез келген тасымалдаушыға – жейдеге, қағазға және өзге заттарға түсіруге болады, сол арқылы мобильді телефон не картаның көмегімен операциялар жүргізіледі. QR-кодтың статикалық, яғни белгілі бір тасымалдаушыға түсірілген және динамикалық – телефонның өзіне енгізілген түрі бар", – деп түсіндірді ол.

Спикер QR-код банк картасына байланатынын атап кетті. Қазіргі кезде компания банктермен өзара қарым-қатынас жасау мен технологияны енгізуде бірлесіп жұмыс істеу шарттарын талқылап жатыр.

"Бұл схема қазіргі қолданылып жүрген төлем схемаларынан қатты ерекшеленеді. Біз оны Pаl-payment деп атаймыз, сатушы соманы енгізіп, транзакцияны мақұлдауға жібереді. Аталған жағдайда тұтынушының өзі есепшотынан ақша түсіріп, оны сауда не қызмет көрсету кәсіпорнының есебіне жіберуге рұқсат береді.

Яғни сіз кез келген сауда нүктесіне келіп, QR-кодты телефонның көмегімен сканерлеп, сол тауар не қызмет үшін төлем жүргізесіз", – деді Ғалым Табылдиев. Оның сөзінше, бастапқы кезеңде QR-кодтарды ірі сауда желілерінде, ойын-сауық орындарында, қызмет көрсету кәсіпорындарында пайдалануға болады. Кейінірек бұл қызмет шағын нүктелерге де таралады.

Ғалым Табылдиевтің түсіндіруінше, жобаны енгізу кәсіпкерден көп қаражат талап етпейді.

"Тұтынушыға тауардың ақшасын қолма-қол төлеудің орнына, төлем жүргізудің өзге құралдарын таңдау еркіндігі беріледі. Сәйкесінше транзакция мөлшері артады. Ең алдымен бұл киім-кешек базарлары және картамен төлем қабылдамайтын өңірлердегі жұмысты жеңілдетеді", – деп баса айтты VISA-ның Орталық Азия аумағы бойынша бас менеджері.

Ұлттық банктің мәліметі бойынша, 2017 жылдың маусымына дейінгі кезеңде Қазақстанда қолма-қол ақшасыз төлем жасау саны 74,5%-ға, ал сомасы 62,6%-ға артқан.

Электрондық төлемдердің басым бөлігі POS-терминалдар (қолма-қол ақшасыз жасалған төлемдердің жалпы саны мен сомасының 55,5%-ы және 57,3%-ы) және интернет арқылы (38,3% және  33,4%) жасалған. Сондай-ақ осы кезеңде қолма-қол ақшаны түсіру бойынша операциялар саны 9,7%-ға артқан. Қолма-қол алынған сома 19,1%-ға артып, 964,6 млрд теңгені құрады.

Әйгерім Сүлейменова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу