Бизнес қор биржасына сенбейді

Гүлбаршын Сабаева Гүлбаршын Сабаева
2522

 ШОБ-тың күші өз арбасын сүйреуге әрең жетеді.

Бизнес қор биржасына сенбейді

Алматыда ұлтттық экономика министрлігінің тапсырысымен дайындалған инвестициялық тартымдылыққа, қаржыландыруға және оның қайтарымына қатысты сараптамалық талдама таныстырылды.

"Tengri Partners" компаниясының басқарушы серіктесі Әнуар Үшбаев ауыл шаруашылығы, азық-түлік және жеңіл өнеркәсіп салаларындағы жағдайды жіпке тізіп, саралап берді.

"2017 жылы капиталдың шет елге жылыстауы тренд болды және ел азаматтарының кәсіпкерлікке бет бұрудағы белсенділігінің төмендегені  байқалды", – деді Әнуар Үшбаев.

Оның айтуынша, экономиканың импортқа тәуелділік деңгейінде айтарлықтай өзгеріс болған жоқ. Қор биржаларын қаржыландыру платформасына айналдыру ісі әлі күнге дейін қарқын ала алмай отыр.

Әнуар Үшбаевтың сөзінен банктердің бизнестің барлық сегменті үшін қолжетімді емес екенін ұқтық.

"Ресми статистикада айтылған деректер барлық сегмент бойынша сараптама жасауға кедергі келтіреді. Мемлекеттің нақты экономикалық, импорттық және экспорттық әлеуетін білу үшін бізге жан-жақты зерттеу жасау керек", – деді "Tengri Partners" компаниясының басқарушы серіктесі.

Ал Қазақстан қор биржасы АҚ-ның бизнесті дамыту департаментінің басқарушы директоры Қайрат Тұрмаханбетовтың пікірінше, шағын компанияларды қор биржасына тартудың оңтайлы әрі тиімді түрлері көп. Бұл үшін қаржы да жеткілікті. Бірақ ШОБ өкілдері биржа арқылы капиталын көбейтуге құлық танытпайды.

"Банктер стратегиялық  емес жобаларға жоламайды, себебі тәуекелден сақтанады. Олардың несие беру туралы өтінімдерді қарайтын мамандары да шектеулі. Ал ШОБ пен шағын компаниялар биржалық немесе инвестициялық мүмкіндікті терең түсінбейді. Осының салдарынан басым көпшілігі табысын ашық жариялап, биржада жұмыс істеуден қорқады", – деп мәселені төтесінен қайырды Қайрат Тұрмаханбетов.

Кәсіпкер Тимур Жәркенов KASE өкілінің "компаниялардың  басым көпшілігі табысын ашық жариялаудан қорқады" деген пікірімен  келісе отырып, мұның себебі бар екенін айтты.

"Қор биржасын қаржыландыру платформасына айналдырған тиімді, әрине. Бірақ біздегі жағдай ондай өркениетті деңгейге жеткен жоқ. Қор биржасы  бизнеспен интеграциялануға дайын болса да, бизнес қор биржасына сенбейді. Себебі барынан айырылып қалудан қорқады. ШОБ-тың басым көпшілігінің қаржысы қор биржасының платформасына шығаруға емес, өз арбасын өзі сүйреуге әрең жетеді", – деді кәсіпкер.

"Tengri Partners" компаниясының басқарушы серіктесі Әнуар Үшбаевтың   баяндамасында  айтылған "дефолт арқылы банкрот деп тану керек"  деген тақырып экономист-сарапшы Мұрат Темірхановтың баяндамасында жалғасын тапты.

"Жердің құқықтық мәртебесін анықтамай, экономикалық сектордың әлеуетін көтере алмаймыз деген сөзім біраз адамдарға жақпауы мүмкін. Мен бұл мәселенің  саяси емес, экономикалық сипатына назар аударып тұрмын", – деген сарапшы қазба байлықтан жұрдай Норвегия жерді шетелдіктерге жалға беру арқылы тығырықтан шыққанын айтты.

"Олар жерді жалға беруді заңдастыратын тетіктерді алдын ала ойластырды. Тіпті қанша жерді, қанша уақытқа беретінін нақтылап алды. Арада 10 жыл уақыт өткенде экономика қалыпқа түсті. Жекелеген кәсіпорындары банкрот деп танымай тұрып, осындай механизмді ойластырған дұры шығарар", – деді Мұрат Темірханов.

Гүлбаршын Сабаева

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу