Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталды

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
5399

2018 жылғы ұлттық құрама сапына 40 боксшы алынған. Алдағы уақытта олар 10 салмақ дәрежесінде ел намысын қорғайтын болады.

Бокстан Қазақстан ұлттық құрамасы жасақталды Фото: kfb.kz

Алайда, әр салмақта төрт боксшыдан емес. 56 және 91 келі салмақ дәрежелерінде үш боксшыдан ғана тіркелсе, 60 және 81 келі салмақ дәрежелерінде – бес боксшыдан. Себебі, бұл салмақтарда әлеуеті жоғары жастар көп. Жаттықтырушылар құрамы олардың бәріне де мүмкіндік беруді жөн көріпті.

Ұлттық құрама сапына алынған боксшылардың ең үлкендері – Берік Әбдірахманов пен Закир Сафиуллин. Екеуі де 31-ден асып кеткен. Ал ең жас боксшылар – жастар арасындағы Азия чемпиондары, ағайынды Саматәлі және Санатәлі Төлтаевтар. Олар 1999 жылы туған, әрі ересектер арасына енді қосылып отыр.

Жалпы, ұлттық құрама сапына іліккен боксшылардың ішінде төрткіл дүниеге танымал былғары қолғап шеберлеріміз баршылық. Бұл ретте, Олимпиада чемпионы Данияр Елеусінов, Олимпиада ойындарының екі дүркін күміс жүлдегері Әділбек Ниязымбетов, Әлем, Азия және Азия ойындарының чемпионы Жәнібек Әлімханұлы, 2017 жылғы әлем чемпионы Қайрат Ералиев, Олимпиада ойындарының күміс жүлдегері және Азияның үш дүркін чемпионы Василий Левит, Азия чемпионы Берік Әбдірахманов, сондай-ақ Азия чемпионатының күміс жүлдегері Закир Сафиуллин сынды саңлақтарымызды айрықша атап өтуге болады.

Алдағы уақытта халықаралық аренада ел намысын қорғайтын ұлттық құрама сапы жайлы Қазақстан құрамасының бас бапкері Мырзағали Айтжанов өз пікірін білдіріп, маңызды мәселелерге тоқталып өтті:

"Құрама әлем чемпионаты мен Қазақстан чемпионатының қорытындысы бойынша түзілді. Бірақ тізімде бірінші тұрғандар, алдағы Азия ойындарына барады дегенді білдірмейді. Оған дейін бірнеше турнир өтеді. Сол сындарда жігіттерді сынап көреміз. Халықаралық аренада көзге түскендері және жүлделі орынға ие болуға қабілеті жететіндері Азия ойындарына барады.

60 келі салмақ дәрежесінде 1986 жылы туған екі боксшымыз бар. Бірақ оларды "ардагер" деп атаудың қажеті жоқ. Әбдірахманов пен Сафиуллин өз деңгейлері мен қабілеттерін паш етіп, екеуі де Қазақстан чемпионатының финалына шықты. 1989 жылы туған Әділбек Ниязымбетов те ел біріншілігінің финалына шығып, алтынмен апталды. AIBA боксшыларға 40 жасқа дейін өнер көрсетуге рұқсат береді. Сондықтан біз олардың жастарына емес, бүгінгі таңдағы спорттық баптарына қараймыз. Ардагерлердің бәрі – демалыста, ал бұлар – қатарда.

5 қаңтардан бастап дайындық жұмыстарын бастаймыз. "Астана Арландары" клубымен бірге жаттығу жиынын өткіземіз. 2017 жылдың басында "арландармен" бірге үш жиын өткіздік. Біз бір – командамыз. Олар ұлттық құрамамен бірге жаттығады, олар да ел намысын қорғайды. Біз бөлінбейміз, тұтас бір команда екенімізді ешқашан ұмытпауымыз керек".

Бокстан 2018 жылғы Қазақстан ұлттық құрамасының штаттық кестесі:

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу