Болат Әбіловке кәсіпкер болған жарасады

4115

Бұрынғы саясаткер Теміртау қаласында автоклавты қатқылдан газдалған бетон шығаратын зауытты іске қосты.

Болат Әбіловке кәсіпкер болған жарасады

Кәсіпорынның құны 1,466 млрд теңге деп бағаланып отыр, ал жылдық қуаты 150 мың текше метр болады деп жоспарлануда. Зауытта неміс технологиясымен жұмыс істейтін қытайлық заманауи жабдық орнатылған. Блокты шығаруға қолданылатын барлық шикізат жергілікті өндірушілерден алынады. Өндірістің бастапқы кезеңінде 68 адам жұмыс істейтін болады, олардың орташа айлық жалақысы –120 мың теңге.

"Біздің қарағандылық, отандық инвестор Болат Әбіловті бүгінгі қуанышымен шын жүректен құттықтағым келеді. Оған негізі бизнесмен болған көбірек жарасады. Ол бұл зауытты ұзақ салды. Аталмыш зауыт біздің облысымыз үшін аса қажет. Өйткені бұл жобаға бір жарым миллиард теңге қаражат салынып, 70-тен аса жұмыс орны ашылды. Сонымен бірге зауыттың шығаратын өнімі құрылыс нарығы үшін таптырмас өнім. Зауыттың орналасқан жерін де инвестор жақсы таңдап алған. Ол Қарағанды мен Астананың арасында орналасқан. Сондай-ақ мұндай зауыттардың шағын қалаларда ашылғаны қуантады", – деп атап кетті Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов нысанды іске қосу барысында.

Бұл зауыт шынымен де ұзақ салынды.

2015 жылдың 21 қаңтарында Теміртауда 46 адамға жұмыс орнын аша отырып, құрылыс материалдарын шығаратын, құны 300 млн теңгеге "ҚазГазБлок" ЖШС зауыт салынады деп жарияланған болатын.

"ҚазГазБлок" ЖШС зауыты 2015 жылдың қарашасында пайдалануға беріліп, 2016 жылы жобалық қуатқа шығады. Осы уақытқа дейін өндірістік-тұрмыстық базаға электр энергиясы тартылып, өндірістік базаның металл құрылымының монтажы аяқталған, ал  жабдықты орнаталастыру 2015 жылдың мамырында аяқталады деп жоспарланған деп "Интерфакс-Қазақстан" 2015 жылдың 10 сәуірінде жазған болатын.

Бұл кезде жобаның құны 983 млн теңге деп бағаланды, оның 98 млн теңгесі өз қаражаттары, 884,5 млн теңге доллардың 185,65 бағамы бойынша банктен қарызға алынған.

"Қарағанды облысының әкімі Нұрмұхамбет Әбдібековтың төрағалық етуімен өткен үдемелі индустриалды-инновациялық даму мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі үйлестіру кеңесінің отырысында зауыт өкілі қазірдің өзінде жылу блоктарын үш жыл бойы BI Group және "Элитқұрылыс" ЖШС-ға сату келісімшарты жасалғанын айтты", – делінген хабарламада.

Бұл жоба Қарағанды облысының 2015-2019 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту картасына, сонымен бірге 2016-2020 жылдарға арналған өңірді дамыту бағдарламасына енген. Екінші бағдарламада 895 млн теңге өз қаражатына салынып жатқан жоба деп көрсетілген.

Қарағанды облысының кәсіпкерлік басқармасының 2016 жылдың 16 қыркүйегінде таратқан баспасөз баянында "Қарағанды облысы бойынша үйлестіру кеңесінің кезекті отырысында жұмыс істеп тұрған бизнесті құру мен кеңейтуге бағытталған және мемлекеттік қолдауды қажет ететін  бес бизнес-жоба қаралды. Отырыста Теміртау қаласының ірі жобасы –  325 млн теңге тұратын "ҚазГазБлок" ЖШС талқыланды. Компанияның бұл жобасында  алдағы уақытта қаржылық ресурстарды тартып,  заманауи құрылыс материалдарын шығаратын зауыт құрылысын аяқтау үшін "Қазкоммерцбанк" АҚ-ға 50 пайыз қамтамасыз ету түрінде "Бизнестің жол картасы –  2020" бағдарламасының кепілдігіне қол жеткізілді. Бұл жобаның арқасында 68 жұмыс орны ашылады, жыл сайын бюджетке 32 млн теңге салық төленеді деп жоспарланып отыр" деп айтылды.

Зауыт тек 2017 жылы ғана іске қосылғанына қарамастан, мемлекеттік кіріс комитетінің сайтында кәсіпорынның тіркелген уақыты 2014 жылдан бастап 4,190 млн теңге салық төленді деп көрсетілген.

Зауыттың ашылу салтанатына қайта оралсақ.

Өңір басшысынан кейін ҚР индустрия және даму министрлігінің индустриалды даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Рустам Ақбердин құттықтап, инвесторлардың "кәсіпкерлік қабілетіне тиісті баға берді". 

Бұрынғы мемлекеттік хатшы, сенатор және ҚР президентінің кеңесшісі Оралбай Әбдікәрімов те жаңа зауыттың ашылуымен жерлестерін құттықтап, әрбір зауыттың өз тарихы бар екеніне тоқталып кетті. 

"Ашылып, кейін қайта жабылып қалатын зауыттар болады. Ал кейде ашылған зауыт өз саласының көшбасшыға айналатын жағдайлар кездеседі. Бұл кәсіпорынның атағы жақсы болсын деп тілеймін", – деді ол.

Зауыттың ашылу салтанатына қатысушылардың арасында ресми тұлғалармен қатар ресми емес тұлғалар да болды. Сахнада Болат Мұқышұлының қасында ҚР бұрынғы вице-министрі Ораз Жандосов болды.

Ресми бөлімнің қорытынды сөзін Болат Әбіловтің өзі айтты.

Шындығын айтар болсақ, egov порталының мәліметінде, "ҚазГазБлок" ЖШС құрылтайшылары Рүстем Кенбаев және Еркебұлан Ахметов, ал кәсіпорынның басшысы Қуантай Әбілов деп көрсетілген.

Кәсіпорынның акционері Болат Әбілов кәсіпорынды неліктен Қарағанды облысының Теміртау қаласында ашқанына тоқталып өтті.

"Бұл жер өндірістік өңір және жоғары білікті мамандар да көп. Сонымен бірге географиялық орналасуы жағынан тиімді. Ең маңыздысы, шикізаттық база жақсы. Бұл кәсіпорында шығатын өнім Қазақстанның ең үздік өнімі болатынын айтқым келеді. Себебі құмдағы кварцтың мөлшері 86 пайыз, газды блок шығару үшін ең жақсы құм осы аймақта. Ал Алматы мен Астанадағы өндірушілерде кварцтың мөлшері 50-55%.  Біздің шығаратын блоктарымыз өте  сапалы. Барлық шикізат қасымызда, сондықтан шығын аз болады", – деді ол.

Одан әрі сөз сөйлеген Болат Әбілов қарапайым қызыл кірпішті қолдану бұрынғы уақыттың шаруасы деп, өз өнімін жарнамалауға кірісті.

"Біздің газдалған блоктың көлемі үлкен, кірпіштен бес есе жеңіл және сапасы жағынан да бес есе артық. Оның жылу өткізуі бес-жеті есе жақсы және соншалықты шу өткізбейді. Оған бірден түсқағаз жапсыруға немесе бірден бояуға болады", – деді ол.

Зауыт құрылысына атсалысқандарға және облыс әкіміне алғысын білдірген Болат Әбілов жобаға тек өз қаражаты ғана емес, банктен алынған қарыз ақша салынғанын айтып кетті.

"Өзіміздің серіктестеріміз Қазкоммерцбанкке, Халық банкке, "Тенгрибанкке" алғысымызды білдіреміз", – деді ол.

Ал артында тұрған Ораз Жандосов "Даму" қорын да еске салып кетті.

"Иә, олар біздің жобамызға қолдау білдірді. "Даму" қорымен арадағы байланысымыз жақсы. Теміртау, Қарағандыға алғысым шексіз", – деп сөзін аяқтады ол.

Осыдан кейін Ерлан Қошановпен бірге іске қосу тетігін басып, өңір басшысына зауыттың технологиялық тізбегін көрсетті.

Газды блоктың алғашқы партиясы зауытты іске қосқан күні, 5 шілдеде шықты.

"Кәсіпорын өнімі бірінші Қарағанды облысына, Астанаға жеткізіледі. Бүгінгі таңда бірқатар келісімшарт жасап қойғанбыз. Оның ішіндегі ең үлкен келісімшарт Астананың құрылыс нарығының 50 пайызын алып отырған BI Grouр копаниясымен жасалды. Біз осы нарыққа орташадан төмен баға бір текше метр үшін 14000 теңгемен шықпақпыз", – деді "ҚазГазБлок" ЖШС құрылтайшысының бірі Еркебұлан Ахметов.

Құрылыс қандай ақшаға салынды деген сауалға ол жартысы өз қаражаттары, жартысы қарызға алынған ақша екенін айтты.

Үлкен қонақтар тарағаннан кейін Болат Әбілов abctv.kz-тің екі сұрағына жауап берді. Зауыт құрылысының ұзаққа созылуына теңге бағамының құлдырауы мен нарықтық жағдай себеп болғанын және Қарағанды мен Теміртауға тағы инвестиция салу ойы бар екенін айтты.

Гүлназ Ермағанбетова, Олег И. Гусев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу