Бородюк кетпей отыр

Маруан Түсіп Маруан Түсіп
3096

Футболдан Қазақстан ұлттық құрамасының бас бапкері, Ресей маманы Александр Бородюк қызметінен кетер емес.

Бородюк кетпей отыр Фото: kff.kz

Қаңтар айының басында Қазақстан футбол федерациясының (ҚФФ) басшылары ауысты. Нақтырақ айтқанда, өткен аптаның басында ҚФФ атқару комитетінің басқосуы өтіп, онда ҚФФ бірінші вице-президенті және бас хатшысы Қаныш Әубәкіровтің өкілеттігі тоқтатылды. Яғни желтоқсан айының аяғындағы қызметінен кету туралы жазған өтініші қабыл алынды.

Осы басқосуда оның орнына ҚФФ бірінші вице-президенті және бас хатшысы болып Азамат Айтқожин бекітілді. Ол бұған дейін Қазақстан кәсіпқой футбол лигасының басшысы қызметін атқарып келген. Ең соңында, Қазақстан футбол федерациясының президенті Сейілдә Байшақовтың өз еркімен отставкаға кету туралы өтініш жазғаны жарияланды. Жаңа президент 10 ақпан күні кезектен тыс конференцияда сайлануы керек.

Іле-шала Қазақстан футбол федерациясының жаттықтырушылар кеңесінің басқосуы өтіп, онда ұлтық құраманың бас бапкері, Ресей маманы Александр Бородюктің баяндамасы тыңдалды. Әрі құрама командамыздың былтырғы нәтижелері көңілге қонымсыз, "қанағатсызданарлық" деп бағаланды. Бородюк тіпті барлық жауапкершілікті өз мойнына алатындығын да тілге тиек еткен.

Содан бері отандық басылымдар Александр Бородюкті қызметінен "кетіріп" әлек. Жанкүйерлер елеңдеп, "қашан кетеді екен" деп ресми мәлімет күтіп жүр. Ал Қазақстан футбол федерациясының ресми сайты "ұлттық құраманың бас бапкері тағдыры алдағы уақытта шешіледі" деп қана ақпарат таратты.

Александр Бородюк болса, өзінің келісімшарты әлі күшінде екенін алға тартып, "мен өз міндетімді одан әрі атқара беремін" деп жүр. Сөзінің жаны бар. Ресей маманы Қазақстан футбол федерациясымен былтыр, 2017 жылдың ақпан айында үш жылға келісімшартқа отырған болатын...

Енді Александр Бородюкті отставкаға жіберу үшін, оған өтемақы төлеу қажет болады. Өз еркімен кетпесе, қыруар қаражат, яғни қомақты қарымақы төлеп қана еңбек келісімін бұзуға болады. Ал Қазақстан футбол федерациясы оның алдағы екі жылдық жалақысын бірден төлеп бере ала ма?! Дәл қазір барлық мәселенің күрмеуі күрделі түйіні осы сияқты...

Бір қызығы, Бородюк пен ҚФФ арасындағы мәселе осылай ушығып тұрғанда, кейбір ресейлік басылымдар өз жерлестерін қорғаштап, мақала да жазды. Мәселен, көпшілікке танымал маман Борис Игнатьевтің сөздерін көлденең тартты.

Мағынасына үңілер болсақ, көбінесе басшылықтың амбициясы шектен тыс жоғары болады екен-мыс. Ал түптеп келгенде, оның артында түк те жоқ көрінеді. Футбол Қазақстанда қалдық, сарқынды қағида жүйесінде дамып келеді екен. Бізде бәлендей ештеңе жоқ көрінеді. Ал Саша-аға жап-жақсы жұмыс жасаған. Бородюкке деңгейі жоғары әлеммен бәсекелесу қиын болған. Оған дейін болған мамандар да ешқандай жетістікке қол жеткізе алмаған. Мәселен, Берт Фогс пен Роберт Просинечки де Әзербайжанда ештеңе көрсете алмаған. Мұндай құрамалармен өмірді өзгерту қиын көрінеді. Себебі қол астында дайын материал жоқ.

Басында қызу талқыланған Бородюк мәселесі дәл қазір сәл бәсеңсіп қалды. Өзекті тақырып суып бара жатқандай. Не болары белгісіз. Сырттай қарағанда, Ресей маманы үш жылдық келісімшартын көлденең тартып, үн-түнсіз орнынан тұрып, кете бермейтін сияқты. Ал заңды еңбек келісімін бір жақты бұзуға Қазақстан футбол федерациясының дәрмені, қаражаты жете ме? Әлде басқадай жолдарын іздестіріп жатыр ма екен?! Әйтеуір тиыштық орнады.     

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу