Бұл қандай банк?

Абылай Бейбарыс Абылай Бейбарыс
2562

Өскеменде пайдалануға берілген төмен байытылған уран банкі келер жылы өнімнің алғашқы партияларын қабылдай бастайды.

Бұл қандай банк?

Қазақстан ғана өтініш берді

Ядролық отынның халықаралық банкін құру бастамасы шамамен осыдан он жыл бұрын көтерілген еді. Идеяны ұсынған – "Ядролық қауіп-қатерді азайту жөніндегі бастама" қоры (NTI). Бұл 2006 жыл болатын.

2009 жылы президент Нұрсұлтан Назарбаев ел аумағында төмен байытылған уран банкін орналастыру мүмкіндігін қарастыра алатындығын мәлімдеді. Арада екі жыл өткен соң Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік (АЭХА) уран банкі орналасатын мемлекетке қойылатын негізгі талаптарды бекітті. Оны ұйымға мүше мемлекеттерге жолдады.

Дәл осы жылы уран банкі орналасатын мемлекетті анықтау үшін тендер жарияланды. Қазақстан жеңімпаз боп шықты. Таңдаудың біздің елге түсуіне ең алдымен президент Нұрсұлтан Назарбаевтың ядролық қарусыздандыру бағытындағы белсенділігі ықпал еткені айтпаса да түсінікті. Басқа да себептері бар, әрине.

Біріншіден, Қазақстан - алғашқылардың бірі болып ядролық қарудан бас тартқан ел. Екіншіден, ядролық отынды өндіріп, сақтауда біздің елдің тәжірибесі айтарлықтай мол. Үшіншіден, Қазақстаннан өзге мемлекеттер өз территориясына уран банкін орналастыруға өтініш білдірген жоқ.

Қазақстан халықаралық ұйым назарына уран банкін орналастыруға болатын екі алаңды ұсынды. Біріншісі – Үлбі металлургия зауыты, екіншісі – бұрынғы Семей ядролық полигонының аумағы. АЭХА мамандары саралай келіп, Үлбі металлургия зауытын таңдады.

Осыдан тура екі жыл бұрын Астанада ел үкіметі мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік ядролық отын банкін құру туралы келісімге қол қойды. Ал оған дейін 25 мәрте келіссөз жүргізілген.

Қазынаға салмақ түскен жоқ

Жаңа банктің құрылысы ел қазынасына салмақ салды дегендер қатты қателеседі. Себебі бұл жоба ерікті жарналар есебінен жүзеге асты. Қазақстан 400 мың АҚШ долларын шығындап, заттай үлес қосты.

Енді өзге мемлекеттер мен ұйымдардың уран банкін салуға қаншалықты атсалысқанына назар аударалық. Уран банкін салу туралы бастама көтерген "Ядролық қауіп-қатерді азайту жөніндегі бастама" қоры 50 мың АҚШ долларын санап берді.

Еуропалық одақ 25 млн еуро бөлді. Сондай-ақ банкті салуға және оны келешекте сақтауға деп Кувейт – 10 млн АҚШ долларын, Норвегия – 5 млн АҚШ долларын, АҚШ – 49 млн АҚШ долларын және Біріккен Араб Әмірліктері – 10 млн АҚШ долларын аударды.

Жалпы бұл банкті іске қосу үшін шамамен 150 млн доллар қажет болды. Сондықтан қаржы бөлуде банктің салынуына мүдделі елдер қарап қалған жоқ. Тіпті, жекелеген жандар да өз үлесін қосуға асықты. Мәселен, даңқы әлемге жайылған миллиардер Уоррен Баффеттің бір өзі 50 млн доллар бөліпті.

Біздің елде ғана бар

Бүгінде әлемде баламасы жоқ бұл банктің құрылысы үшін Үлбі металлургия зауытының таңдалғаны түсінікті. Кәсіпорын - Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің талаптарына толықтай сай келетін алаң.

"Қазатомөнеркәсіп" ұлттық атом компаниясының құрамына енетін зауытта банкке қажетті инфрақұрылымның бәрі дайын. Алпыс жылдық тарихы бар зауыт атом электр станциялары үшін отын таблеткаларын өндірумен айналысып келген. Бұл ретте кәсіпорынның ядролық материалдарды, сондай-ақ төмен байытылған уранды сақтауда өзіндік тәжірибесі бар. Білікті мамандар да осында шоғырланған.

"Бұл – бірегей банк. Мұндай банк әлем бойынша тек біздің елде ғана бар. Мұнда сақталатын материалдар Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттікке тиесілі. Материалдарды агенттік өзі сатып алады және ұйым оны өз қалауы бойынша басқарады", – деп мәлімдеген болатын "Үлбі металлургия зауыты" АҚ-ның сату жөніндегі директоры Александр Ходанов журналистерге берген сұхбатында.

Төмен байытылған уранды алу, жеткізу, импорттау мен экспорттау шығындары - Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің мойнында. Ал келісім бойынша Қазақстанға артылған міндет – уранды сақтау, электр қуаты, жылу шығындарын өтеу және қызметкерлерге еңбекақы төлеу.

Банктің Үлбі металлургия зауыты аймағында орналасуын мамандар әу баста-ақ құптаған. Оған жоғарыда біз атап өткен себептерден бөлек басқа да факторлар әсер еткен. Соның бірі – жергілікті халықтың ұзақ жылдар бойы қалыптасқан өзіндік менталитеті. Яғни, олар зауыт аумағына жақындау қауіпті екенін, сондықтан ережелерге бағыну керектігін жақсы біледі.

Сонымен қатар зауытта 20 жылдан астам уақыт бойы Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің кепілдеме режимі жұмыс істейді.

Банктің үш пайдасы

Осыдан алты күн бұрын пайдалануға берілген төмен байытылған уран банкін құрудағы мақсат – атом электр станцияларын үздіксіз қолдау қажеттілігі туған жағдайда АЭХА-ға мүше мемлекеттерді ядролық отынмен қамтамасыз ету. Сол үшін жеткілікті түрде қор жинау. Түптеп келгенде бұл банк келешекте ядролық қарудың таралу қаупін едәуір сейілтуі де мүмкін.

Халықаралық қауіпсіздік және саясат орталағының директоры Әлімжан Ахметов бұған дейін уран банкі жобасының жүзеге асырылуы Қазақстанға біршама пайда әкелетінін мәлімдеген болатын.

"Біріншіден, Қазақстан ядролық қарусыздандыру саясатын белсенді түрде қолдап келеді. Біздің ел ядролық қаруды жоюдан бөлек, "әлем ядролық энергияны пайдалануға тиіс" деген бастаманы да жиі көтеруде. Себебі өнеркәсіп саласын арзан энергия көздері арқылы дамыту мүмкін емес. Ал ядорлық энергия қашанда барлық талапқа сай келеді.

Екіншіден, уран банкінің ел аумағында орналасуы Қазақстан мен Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттік арасындағы өзара тиімді әріптестікке серпін береді.

Үшіншіден, Қазақстанның өтінішін қарау барысында АЭХА біздің елдің агенттіктің қауіпсіздік талаптарына толықтай сәйкес келетіндігін дәлелдеді. Сонымен, Қазақстан – АЭХА талаптарына сай екендігін дәлелдеген әлемдегі алғашқы әрі әзірше жалғыз мемлекет", – деп отандық БАҚ-та өз ойын білдірген болатын Әлімжан Ахметов.

Мұнда не сақталады?

Банк – уран гексафторидін сақтайтын қойма. Мұнда аталған шикізаттың 90 тоннасын сақтауға мүмкіндік бар.

Уран гексафториді – ядролық отынды дайындауда қолданылатын бастапқы шикізат. Уран гексафторидінен уран диоксиді ұнтағы алынады. Ұнтақтан отын таблеткалары дайындалады. Бұл таблеткалар атом электр станциясының реакторына енгізіледі.

Төмен байытылған уран қалыңдығы 13 миллиметрлік болат цилиндрлерде сақталады. Бір цилиндрдің сыйымдылығы - 1,5 тонна.

Уран банкі жыл соңына дейін бос тұрады. Ал оған дейін АЭХА тиісті құжаттарды әзірлемек. Келер жылдан бастап төмен байытылған уранның алғашқы партиялары жеткізіле бастайды.

Үлбі металлургия зауытының территориясында орналасқан банктің аумағы - шамамен 900 шаршы метр. Банк ғимараты 8 балдық жер сілкінісіне төтеп бере алады. Нысанды халықаралық агенттік талаптарын еске отырып, жергілікті құрылысшылар салған. Банктің салтанатты ашылу рәсіміне Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің төрағасы Юкия Аманоның өзі келгенін айта кетейік.

29 тамыз

Банк дәл осы күні пайдалануға берілді. Ал 29 тамыздың Қазақстан үшін де, әлем үшін де маңызы зор.

1991 жылдың 29 тамызында Семей ядролық полигоны жабылды.

2009 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымы 29 тамызды Халықаралық ядролық сынақтарға қарсы іс-қимыл күні деп жариялады.

Міне, төмен байытылған уран банкінің ашылуы осындай маңызды даталармен сәйкес келді.

Абылай Бейбарыс

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу