Бұршақ пен жем экспортқа жол тартты

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2062

Еліміздің қытай нарығына экспорттайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлері кеңейіп келеді.

Бұршақ пен жем экспортқа жол тартты

"Азық-түлік келісімшарт корпорациясы" ұлттық компаниясы Қытайға экспортталатын ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін көбейтті. Қазақстан-қытай аграрлық инвестициялық форумы аясында Азық-түлік корпорациясы мен Xi'an Aiju grain & Oil Industry Group Co Ltd, Xinjiang Zhaofenghe Biotechnology Co. LTD, Zhongxinjian LLC компаниялары арасында жемазыққа арналған бидай, майлы және бұршақты дақылдарды Қытай нарығына жеткізу туралы келісімдерге қол қойылды.

"Бұрындары бидайды экспорттау бойынша бір ғана компаниямен жұмыс істесек, қазір үш ірі контрагент бар, оның үстіне бидайға қоса майлы дақылдарды, май мен жүгеріні экспорттайтын болдық. Бұдан кейін де ет, жем, кебек бойынша келісімдер болады. Яғни біз Қытайға экспорттайтын ауыл шаруашылығы өнімдерінің түрлерін кеңейтіп жатырмыз", – деп мәлімдеді Азық-түлік корпорациясы басқармасы төрағасының орынбасары Сәбит Қашқымбаев.

Нақтылап айтсақ, қол қойылған келісімшарттар бойынша қытай нарығына 150 мың тонна жемазыққа  арналған бидай жеткізіледі. Айта кету керек, жемазыққа арналған бидай елімізден алғаш рет экспортталып отыр. Сонымен қатар ай сайын 15 мың тонна (жылына 180 мың тонна) ұн, сондай-ақ  50 мың тонна май және майлы дақылдар жеткізу туралы келісімге қол жеткізілді.

"Үшінші келісім – жүгері, соя және бұршақ бойынша, онда нақты мөлшер көрсетілген жоқ, яғни біз қанша сата алсақ, олар соншасын сатып алуға дайын", – сөзін жалғады Сәбит Қашқымбаев.

Азық-түлік корпорациясының өкілі мәміле биылғы маркетингілік жыл, осы жылдың өніміне жасалғанын баса айтты. Дегенмен келісім одан әрі ұзартылуы әбден мүмкін.

"Олар бір жылмен шектелмейді. Яғни нарық үлкен, біз өнімімізді одан әрі жеткізе аламыз. Әзірге олар сұрап отырған мөлшерде өнім жеткізе алмай отырмыз", – деп нақтылады Сәбит Қашқымбаев.

Ауыл шаруашылығы министрлігінің мәліметіне көз жүгіртсек, 2017 жылдың қаңтар-сәуір айларында Қазақстан мен Қытай арасындағы ауыл шаруашылығы өнімдерінің айналымы 2016 жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 14,5%-ға артып, 113,2 млн долларды құрады. Осыған орай екі ел Қазақстанның ауыл шаруашылығы өнімін Қытайға экспорттау рәсімдерін жеңілдету бойынша ауқымды жұмыстарды мемлекетаралық деңгейде жүргізіп жатыр.

Қазақстанның ауыл шаруашылығы министрлігі экономиканың экспортқа бағытталған саласы ретінде ауыл шаруашылығы өнімдерін дамытуда дәл осы қытайлық нарыққа үлкен екпін түсіріп отыр. Қазіргі кезде Қазақстан мен Қытай арасында ауыл шаруашылығы саласындағы ынтымақтастықты кеңейу бойынша 19 құжатқа қол қойылды, оның ішінде қазақстандық өнімнің Қытай нарығына жеткізілуін кеңейту жөніндегі хаттамалар да бар. Бұдан бұрын қол қойылған келісімдер аясында Қазақстан аумағында рапс майы, сүт, ет, қызанақ және өзге де өнімдерді қайта өңдеу жөнінде бірнеше бірлескен инвестициялық жоба іске асырылуда. Одан бөлек Қытайдың Citic Group компаниясымен бірлесіп дәнді дақылдар мен бидай сабанын қайта өңдеу жөнінде екі ірі жобаны іске қосу үшін дайындық жұмыстары жүргізіліп жатыр.

Әйгерім Сүлейменова, Ирина Севостьянова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу