banner

БЖЗҚ ипотеканы қаржыландырмақшы

5648

Министрлер кабинеті зейнетақы қорын ипотекалық несиелендіруді қолдауға арналған мемлекеттік бағдарламаға жұмсамақ.

БЖЗҚ ипотеканы қаржыландырмақшы

Ірі банктер "Нұрлы жер" мемлекеттік бағдарламасы бойынша жеңілдетілген ипотека беруге асығар емес. Үкіметтің даму институттары арқылы субсидияланатын мөлшерлеменің төмендігіне қарамастан, банктерде ұзақмерзімді және арзан ақша жоқ. Үкіметтің жоспарына сәйкес, ипотекалық несиелендіру нарығына "жан бітіру" үшін Бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорының (БЖЗҚ) қаржысын пайдалану қажет.

"Ипотеканы субсидиялау құралы нарықтың тетігі емес. Сондықтан 5 қазанда ипотекалық нарықтың дамуы үшін экономиканы жаңғырту жөніндегі мемлекеттік комиссия "Қазақстан ипотекалық компаниясына" (ҚИК) БЖЗҚ-ның 50 млрд теңге облигациясын сатып алуды мақұлдады", – делінген ҚР инвестициялар және даму министрі Жеңіс Қасымбектің баяндамасында. Айта кету керек, дүйсенбі, 23 қазанда өткен жиында министр ипотека нарығын қолдауға арналған қаржының қайдан алынғанын жариялаған жоқ.  

Ол қаржы және құрылыс саласы қалай ынталандырылатынын да айтпады. Алайда abctv.kz құрылыс және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері комитеті банктерден қарыз алушылардың несиелік міндеттемесін сатып алу құқығын заңдастыруды қарастырып жатқанын анықтады.

БЖЗҚ-ның қаржысы "Қазақстан ипотекалық компаниясы" АҚ-ға нарықтық мөлшерлемемен немесе 10,5%-бен облигациялық қарызбен беріледі.

Естеріңізге сала кетейік, еліміздегі екінші деңгейлі банктердегі ипотекаларды субсидиялау осы жылдың маусым айында басталды. "Нұрлы жер" тұрғын үй бағдарламасының аталған бағытын жүзеге асырушы оператор ретінде ҚИК таңдалды. Шарты қарапайым: мемлекет қарыз алушының ипотекалық несиесінің 7%-ын 10 жыл субсидиялайды. Осылайша клиенттер үшін соңғы мөлшерлеме 17%-дан 10%-ға төмендейді. Бұл мақсатқа 11 млрд теңге қаржы қарастырылды.       

Мөлшерлемені субсидиялаудың нәтижесінде 2017-2018 жылдары 8 мың  қарыз алушыға 120 млрд теңгенің жаңа үйі сатылады деп болжам жасалды.  Жоспарға сәйкес, осы жылдың соңына дейін 15 млрд теңгеге 1 мың қарыз алушы қаржыландырылады. 

Бағдарламаға қатысатындықтарын растаған алғашқы ондықтағы банктердің тек төртеуі ғана халықты несиелендірумен белсенді түрде айналысуда. Олар – ЦентрКредит банк, Сбербанк, АТФБанк және ВТБ банк. Ипотеканы субсидиялау басталған бес айда аталған банктер қазақстандықтардан 7 млрд теңгеге 700 өтініш қабылдаған. Дерекке сүйенсек, қазіргі уақытта 6,6 млрд теңгенің 650 өтініші мақұлданған. Осы уақыт аралығында 19,1 млн теңге субсидия аударылған. 

Инвестициялар және даму министрінің айтуынша, Халық банк, Қазкоммерцбанк, Фортебанк сынды ірі қаржы институттары қатаң банкке қатысты заңнамаға байланысты бағдарламаның бұл бағытына қатыспаған.

Біріншіден, банктер алты ай бойы төленбеген ипотекаға өсімақы есептеу мүмкіндігінің жоқтығына шағымдануда. Екіншіден, мерзімді несиелер бойынша берешекті өтеу тәртібімен келіспейді. Себебі ең алдымен негізгі қарызға басымдық беріледі де, үстеме пайыз кейін өтеледі. Үшіншіден, қарыз алушының кепілге қойған жалғыз үйін өндіріп алу қиындық туғызады.

"Айтылғандарды негізге ала отырып, Ұлттық банк кәсіпкерлердің ұлттық палатасымен және Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығымен бірлесіп, қолданыстағы банк туралы заңға өзгеріс енгізу мүмкіндігін қарастыруы керек", – деді Жеңіс Қасымбек премьер-министр Бақытжан Сағынтаевқа қарата айтқан сөзінде. 

"Әзірше банктердің халықты несиелендіруде шабан қимылдап жатқанын көріп отырмыз. Себебі оларда ұзақмерзімді қаржы жоқ. Алайда несиелердің 75%-дан астамын Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкі АҚ ұсынып отыр. Былтыр Қазақстанның тұрғын үй құрылыс жинақ банкінде 720 мың салымшы болса, қазір 1 млн адамға жетті. Айтарлықтай өсу бар. Халық тұрғын үй құрылыс жинақ банкі ұсынып отырған несиені таңдап отыр.  Осыған байланысты 8 мың қарыз бен қазіргі 965 мың салымды салыстыруға келмейді. Маңыздысы тұрғын үй құрылыс жинақ банкі жүйесі арқылы дамыту", – деді abctv.kz-ке  инвестициялар және даму вице-министрі Роман Скляр.

Банктерге ипотекалық несиелердің құнын төмендету үшін зейнетақы қорындағы қаржы қалай бөлінетіндігі мен қандай жағдайда ипотекалық қарыздың пулына қол жеткізуге болатындығы әзірше түсініксіз.

Abctv.kz аталмыш мәселені үнемі назарда ұстайды және қосымша ақпараттарды оқырманға мейлінше жылдам жеткізуге тырысады.     

Еркебұлан Қыздарбек, Динара Қуатова 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу