banner

Диқандарға көктемгі дала жұмыстарына қаражат беріле бастады

2599

Аграрлық несие корпорациясы диқандардан түскен 13 өтініш бойынша 1,3 млрд теңге қаражат берді.

Диқандарға көктемгі дала жұмыстарына қаражат беріле бастады

Биылғы ақпан айының басында "ҚазАгро" ҰБХ" АҚ көктемгі дала жұмыстарын (КДЖ) қаржыландыра бастады. Бағдарламаның операторы – "Аграрлық несие корпорациясы" АҚ (АНК).

АНК abctv.kz-ке хабарлағандай, қазіргі кезде тікелей корпорацияға, несиелік серіктестіктерге, микроқаржылық ұйымдар мен екінші деңгейлі банктерге бүкіл Қазақстаннан жалпы сомасы 73 млрд теңгеге 1324 өтініш келіп түскен.

Ал 13 өтініш бойынша 1,3 млрд теңге қаражат берілді; жалпы сомасы 7,56 млрд теңгеге 47 өтініш мақұлданды; жалпы сомасы 6,4 млрд теңгені құрайтын 856 өтініш қарастырылып жатыр;  ал жалпы сомасы 57,8 млрд теңгеге алдағы уақытта қарыз алушылардан 408 өтініш келіп түсті.

Оңтүстік Қазақстан облысының диқандары ерекше белсенділік танытып отыр. Бұл өңірден жалпы сомасы 2,4 млрд теңгеге  805 өтініш келіп түсті.

Шаруалардың өтініші негізінде жоспарланған егін егу көлемі шамамен 3 млн гектарды құрайды, оның 1,1 млн гектарына басымдық берілген дәнді дақылдар егілмек. Еліміздің ауыл шаруашылығы министрлігінің жоспарына сәйкес, басымдыққа ие дәнді дақылдар себілетін аумақ 597,4 мың гектардан кем болмауға тиіс.

"Яғни түскен өтініштер мақұлданған жағдайда жоспар 2 есеге дейін артығымен орындалуы мүмкін. Диқандардың өтініші негізінде жоспарланған майлы дақылдар егілетін аумақ қазіргі кезде шамамен 670 мың гектар, арпа 372,5 мың гектарды құрайды. Басым емес дақылдар бойынша жоспарланған егістік көлемі 1,87 млн гектар құрайды", – деп мәлімдеді АНК.

Бұған дейін айтылғандай, биыл басымдық берілген дақылдар қаржыландырылмақ. Ауыл шаруашылығы министрлігі егістік алқаптарын әртараптандыру мақсатында алдымен майлы дақылдарды (күнбағыс, зығыр, рапс, соя), арпа, қант қызылшасы, күріш, жүгері, мақта, сұлы және картоп сияқты дақылдарды егу жұмыстарына несие береді.

Басымдық берілген дақылдарға 2017 жылдың 1 сәуіріне дейін 38 млрд теңге қаражат сақталып тұрады. Осы мерзімнен кейін қалған қаражат шаруалардан түскен өтініштер бойынша бөлінеді. Егер сақталып қойған қаражат игерілмесе, қалған сома барлық ауыл шаруашылығы дақылдарын өсіруге беріледі.

2017 жылы отандық шаруаларды қолдау үшін республикалық бюджеттен 60 млрд теңге бөлінді. Бюджеттік қаражаттан бөлек, КДЖ-ға өзге көздер есебінен де қаржы бөлінеді, оның ішінде 2009 жылдан бері "Кең дала" бағдарламасы бойынша шаруаларға жалпы сомасы 173,5 млрд теңге несиені АНК да берген.

"Аграрлық несиелік корпорация" АҚ ауылда бәсекеге қабілетті кәсіпкерліктің дамуына ықпал ететін қолжетімді несие беру жүйесін қалыптастыру жөніндегі мемлекеттік саясатты іске асырып келеді. Корпорация "ҚазАгро" компаниялар холдингінің құрамына кіреді және оның тікелей басшылығы бойынша Қазақстанның барлық өңірінде орналасқан 13 филиал мен өкілдіктерінде ауқымды жұмысты жүзеге асырып отыр.

Саян Абаев

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу