Дычко кәсіпқой бокстағы қадамын нокаутпен бастады

2617

Ең ауыр салмақта да Қазақстан боксшысы көпшілікті тәнті етіп, алғашқы екі қарсыласын да сұлатып салды.

Дычко кәсіпқой бокстағы қадамын нокаутпен бастады

"Тойдың болғанынан, боладысы қызық" дегендей, ең ауыр салмақтағы Иван Дычконың әуесқой бокстан кәсіпқой боксқа ауысқаны "қызық" болып, ұзаққа созылды. 2016 жылы Риода екінші рет Олимпиада ойындарының қола жүлдегері атанған соң, "Дычко енді кәсіпқой боксқа ауысатын болыпты" деген ақпарат тез тарады.

"Дұрыс болды" деушілер көп болды. Себебі, Ваня әуесқой бокстан өз "еншісін" алған жігіт еді. Ең ауыр, яғни 91 келіден жоғары салмақ дәрежесінде өнер көрсетті. 2008 жылдан бастап халықаралық аренада жүлдеге іліне бастады. Рио-2016 және Лондон-2012 Олимпиадаларында қола жүлдегер атанған. 2013 және 2015 жылғы әлем чемпионаттарында күміс медаль алып, 2011 жылы қола жүлде еншілеген. 2013 жылы Азияның чемпионы болып, 2014 жылы Азия ойындарында жеңімпаз атанды. 2010 жылғы Азия ойындарынан алған күмісі тағы бар. Үш дүркін Қазақстан чемпионы.

Сонымен, Дычко кәсіпқой боксқа ауысатын болып, Риодан кейін біраз тынықты. Биыл ақпан айында Данияр Елеусінов екеуінің Аустралия промоутері Майк Алтамурмен келісімшартқа отырғандары жайлы ақпарат жалпақ жұртқа мәлім болды. Бірақ содан кейін өлі тыныштық орнады. Боксшыларымыз шаршы алаңға шықпады. Ал мамыр айында екеуі де әлгі промоутермен өзара келісімшарттарын бұзды. Боксшыларын рингке шығаруға асықпайтын компанияның қажеті қанша?! Содан Данияр әуесқой боксқа қайта келетіндігін, ал Иван өз бағын кәсіпқой бокстан іздейтіндігін мәлімдеді.

Жаздың аптап ыстығында Иван Дычко Американың "The Heavyweight Factory" (“Алыптар ұстаханасы” деп түсінген де дұрыс) компаниясымен келісім шартқа отырды. Ал жақында екі жекпе-жек өткізіп үлгерді. Бір қызығы, осы екі айқасының арасы – бар болғаны, 15 күн. Әуелі, 29 қыркүйек күні Эйбур Райт деген америкалық боксшыны бірінші раундта-ақ нокаутқа түсірді. Ал 13 қазанда оның отандасы Родригес Кейджді үшінші раундта сұлатып салды. Сөйтіп өзінің техникалық шеберлігімен, қуатты соққысымен және жойқын күшімен "The Heavyweight Factory" бапкерлерін риза қылды.

Рас, екі қарсыласының да кәсіпқой бокс рингіндегі өткізген жекпе-жектері көп емес. Біріншісі шаршы алаңға төртінші рет шықса, екіншісі кәсіпқой бокс рингіндегі тырнақалды жекпе-жегін өткізді. Десек те, соңғысы қарулы жігіт болып шықты. Дычконың промоутерлері осылай оны кескілескен айқастарға бейімдей түспек. Әзірше кәсіпқой бокс рингінде тәжірибесі аса көп емес боксшылармен шығарып, машықтандырып жүр. Жыл соңына дейін тағы бірнеше жекпе-жек өткізуді жоспарлап отырған да көрінеді.  

Мұхиттың арғы бетіндегі Дычконың екі жеңісіне Қазақстандағы отандастары да тәнті болып, қуанып қалды. Себебі, кәсіпқой бокста ең ауыр салмақтың мәртебесі – асқақ, бәсі – жоғары. Иванның мүмкіндігі мен қабілетін білетін жерлестері одан тек жеңіс күтеді. "The Heavyweight Factory" бапкерлері оны кәсіпқой боксқа тез бейімдеп, өз ілімдерін қосып, шеберлігін шыңдай білсе, сенімдерін ақтауы керек. Чемпиондық белбеулер үшін айқасатын деңгейге дейін жетуі тиіс. 1990 жылы 11 тамызда Рудныйда туған, яғни бағындырар шыңдары әлі – алда. Біз де Дычконың бағы жанып, қазақ боксының даңқын асқақтата беруіне тілектеспіз.      

Маруан Түсіп

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу