ЕАЭО елдері газ саудалауға дайындалып жатыр

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
2484

Биржалық сауданы іске қосу жөніндегі "жол картасын" ЕЭК дайындайды.  

ЕАЭО елдері газ саудалауға дайындалып жатыр

Еуразиялық экономикалық комиссия (ЕЭК) Еуразиялық экономикалық одақта (ЕАЭО) газды биржа арқылы сату үшін іс-шаралар қамтылған "жол картасын" әзірлейді. Мұндай шешімді Ресейдің монополияға қарсы федералды қызметі (МҚФҚ) биржалық комитетінің газ жөніндегі комитет отырысына қатысушылар қабылдады деп ЕЭК-тің баспасөз қызметі хабарлады. Санкт-Петербор халықаралық тауарлық-шикізаттық биржасы (СПбХТШБ), Ресейдің МҚФҚ, ЕЭК және ЕАЭО елдерінің өкілдері қатысқан кездесу СПбХТШБ-ның Мәскеудегі кеңсесінде өтті.

ЕЭК ортақ газ нарығын қалыптастырып, тауарлық биржалардың бірінде сауда-саттықты іске қосу үшін жұмыс істеп жатыр. 2019 жылы газды сату тәртібі қабылданбақ, осының негізінде одаққа мүше мемлекеттер биржалық саудамен айналысады.

"Тараптар бұл әдіс-тәсілді қолдап отыр, жекелеген елдер сынақ жобаларына қатысуға ниет білдірді.  Басты сұрақ – баға, биржалық және биржадан тыс индикаторларды белгілеу, сондай-ақ сауда-саттықты өткізу үшін нормативті база қажет. Бұл мәселелерді шешуде мүше мемлекеттер бірлесіп әрекет етуге тиіс. Қазірден бастап тәжірибе жинақтауға болады", – деді ЕЭК энергетика департаментінің директоры Леонид Шенец.

2016 жылдың мамыр айында Жоғары Еуразиялық экономикалық кеңестің шешімімен бекітілген ортақ газ нарығын қалыптастыру тұжырымдамасына сәйкес, ЕАЭО аясында газды биржа арқылы сату көзделген. Бұл жобаны іске асыру үшін нарықтың негізгі принциптерін орнату керек, бағаны әділ және ашық белгілеп, кедергілерді жою қажет.

Отырысқа қатысушылар атап өткендей, биржалық сауда-саттықты іске қосу үшін қолданыстағы нормативті базаны қайта қарау керек болады. Бүгінде Ресей Федерациясында газды экпорттау туралы заң бар, оған сәйкес "Газпром" ЖАҚ-тың 100% еншілес компаниясы "Газпром экспорт" ЖШҚ "Газпром" тобына тиесілі жалғыз табиғи газ экпорттаушы болып табылады.

СПбХТШБ-ның мәліметіне көз жүгіртсек, 2016 жылы "Газпромның" үлесіне 11,26 млрд текше метр газ немесе биржалық сатылымдардың 67%-ы тиді. Газды биржа арқылы сату ісін реттейтін Ресей Федерациясы үкіметінің қаулысында "Газпромның" биржалық келісімшарттары 17,5 млрд текше метр газ көлемімен шектеледі. Айта кету керек, бұл газ түгелімен ішкі нарыққа арналған. Егер ЕАЭО аумағында ортақ газ нарығы қалыптасса, сәйкесінше бұл шектеу де айтарлықтай ұлғаяр еді деген де пікірлер айтылды.

Сонымен қатар биржалық сауда қандай ережелер бойынша жүзеге асырылатынын анықтап алу керек: жеткізуші арқылы ма әлде әр тұтынушы  биржаға өздігімен шыға ма?  "Газпром" құрылымдарымен қатар Беларусь пен Қазақстан аумақтарында қызмет көрсететін делдалдардың пайда болуы әбден мүмкін.

Жолға қойылып отырған жүйенің маңызды тұсы жеткізу логистикасы болып табылады. Қазіргі таңда биржалық сауда аясында басты теңгерім пункті ретінде "Надым" компрессорлық стансасы пайдаланылып отыр. Ол арқылы тауардың 76%-ы жеткізіледі.

"Қолданылып жүрген механизмдер ЕАЭО аймағында биржалық сауданы дамытатын негізге айналады деп үміттенеміз. Кез келген сатып алушы немесе бірыңғай экономикалық кеңістіктің өндірушісі тең дәрежелі шарттармен жасырын сауда аясында газ сатып алады және оны сату мүмкіндігіне ие болады", – деп баса айтты Ресей МҚФҚ отын-энергетикалық кешенді реттеу басқармасының бастығы Дмитрий Махонин. Ресей Федерациясында тарифтерді реттеу міндеті МҚФҚ-ға жүктелген.

"Санкт-Петербор халықаралық тауарлық-шикізаттық биржасы" ЖАҚ вице-президенті Антон Карпов болса 2016 жылы биржалық саудада газ 16,8 млрд текше метр көрсеткішіне жеткенін айтты, осылайша 2015 жылғы деңгейден 2,3 есеге артты. Сатылған газ мөлшері бойынша биылғы жылдың алғашқы бес айындағы көрсеткіш те жаман емес.

СПБХТШБ өкілдері айтып кеткендей, газ бағасы тікелей келісімшарттар бойынша сатылатын газбен салыстырғанда орта есеппен 10-15%-ға төмен. Тек қысқы айларда ғана жағдай өзгереді, бұл кезде газ бағасы жоғары болуы мүмкін.  Тілге тиек етсек, биржалық сауданың сипаты жөніндегі нормативтік база әлі әзірленіп жатыр, жалпы газ сату механизмінің жұмыс істеп тұрғанына шамамен үш жыл толды: 2014 жылдың 24 қазанында Санкт-Петербор халықаралық тауарлық-шикізаттық биржасында алғаш рет табиғи газ саудаға шығарылды.

Әйгерім Сүлейменова, Жанболат Мамышев

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу