ЕХРО-2017 көрмесінде қара уылдырық шығаратын кешен көрсетіледі

Виктория Вольская Виктория Вольская
2621

БҚО халықаралық көрмеге 16 жоба ұсынады.

ЕХРО-2017 көрмесінде қара уылдырық шығаратын кешен көрсетіледі

"EXPO көрмесіне 100-ден астам мемлекет қатысып, өз жетістіктерін таныстырады. Жапония 35 млн доллар тұратын жабдығын көрсетуді көздеп отыр.  Көрме кезінде Қазақстан өңірлерінен 5 млн-нан астам қонақ келеді деп күтіледі. Астана біздің облыстан 50 мыңнан 75 мыңға дейін қонақ күтіп алуға дайын. Облыстан 50 адам волонтерлыққа іріктеліп, арнайы оқу оқып, сертификат алды. "ЭКСПО"  жұмыс тобы 16 инновациялық жобаны іріктеп алды. Әр жоба бойынша үш тілде Full HD форматындағы бейнеролик жасалды", – деп мәлімдеді Батыс Қазақстан облысының (БҚО) туризм және сыртқы байланыс басқармасының басшысы Анвар Ниетқалиұлы.

EXPO 2017 көрмесі кезінде Орал мен Астана арасында қосымша пойыз жүреді.

"Біз қосымша вагондардың қажеттілігі мәселесін көлік министрлігімен бірлесіп шештік. Бізге тақ күндері жүретін екі қосымша пойыз бөлді, бұл пойыздар "Тальго" болуы ықтимал. Сонымен қатар тағы бір әуе рейсі ашылды. Батыс Қазақстан облысы тұрғындарының барығы EXPO 2017-ге бармайды және бұған ешкімді мәжбүрлемейді. Көрмеде көптеген таңғажайып туындыны  көруге болады. Мысалға, ашылып-жабылған   кезде энергия шығаратын есіктер немесе үйде, дәлізде орналастыруға болатын еден плиткасы. Бұл плитканы басқан кезде энергия пайда болады және одан әрі қолданылуы үшін батареяларға жиналады. Оны үйде, балалар плитаның үстімен жүгіріп ойнап жүргенде, сондай-ақ күніне жүздеген адам өтетін кеңсенің дәлізіне орналастыру өте тиімді", – деді Анвар Ниетқалиұлы.

Ол тағы да бірнеше қызықты жобаларға тоқтылып өтіп, Орал өңірінің тұрғындарын Астанада өтетін халықаралық көрмеге қатысу мүмкіндігін жіберіп алмауға шақырды.

БҚО туризм және сыртқы байланыс басқармасы ұсынған ақпаратқа сүйенсек, Орал өңірі халықаралық көрмеге мынадай жобаларын ұсынбақ: қара уылдырық пен тауарлық бекіре етін шығаратын кешен, 3D-принтерлерде баспа өнімділігін жоғарылату моделі, көлік техникасы мен технологиялық жабдықтардың тораптары үшін жаңа сырғу мойынтірегінің конструкциясы, күкірт бетоны және күкірт асфальт бетоны, сондай-ақ олардан жасалған түрлі бұйымдар өндірісі.

Одан бөлек ЕХРО-да жел қозғалтқышының роторы; кремнийлі тау жынысынан берік және жылуды сақтайтын жасанды қиыршықтас өндірісі; ауыз су мен шаруашылыққа арналған суды тазарту үшін кремнийлі тау жынысын  өңдеу технологиясы; жылуды сақтайтын конструкциялық материал – көбікшыны алу мақсатында кремнезем мен құрамында шыны бар силикатты шикізатты өңдеу технологиясы;  кремнийлі тау жынысын өңдеу негізінде жылуды сақтайтын конструкциялық материал жасау технологиясы таныстырылады.

Сонымен бірге ұсынылатын жобалар тізімінде автокөлік жолдарын жасауда минералды материал пайдалану; экологиялық-талдамалы бақылау үшін титан, молибден және вольфрам негізінде индикаторлы электродтар жасау; қатты тұрмыстық қалдықтарды басқару жүйесі; К5 экологиялық класты бензин шығару; қуаты 100 МВт ҚЖЭС құрылысы және энергия үнемдейтін шыныпакеттер өндірісі де бар.

Виктория Вольская, Әйгерім Сүлейменова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу