Екпе еккізбейтіндер мен бет-аузын қара киіммен тұмшалайтындарға айыппұл салынады

4756

Елімізде діни жоралғы бойынша некеге тұруға және некені бұзуға рұқсат берілмейді.

Екпе еккізбейтіндер мен бет-аузын қара киіммен тұмшалайтындарға  айыппұл салынады

Бұл норма еліміздегі өзгертуге ұсынылып отырған дін ісіне қатысты заң жобасына кірді. Азаматтардың атеистік көзқарасына тіл тигізгендер 100 айлық есептік көрсеткіштен (АЕК) 300 АЕК-ке дейін әкімшілік айыппұл төлейтін болады.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігіндегілер әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 490-бабының 2-бөлімінде көрсетілген "Заңды діни қызметке кедергі келтіру, сол сияқты жеке тұлғалардың азаматтық құқықтарын дінге көзқарасы себептері бойынша бұзу немесе олардың діни сезімдерін қорлау не қандай да бір дiндi ұстанушылар қастерлейтін заттарды, құрылыстар мен орындарды бүлдіру, егер жоғарыда баяндалған барлық әрекеттерде қылмыстық жазаланатын іс-әрекет белгілері болмаса, онда  жеке тұлғаларға – 100, лауазымды адамдарға – екі жүз, заңды тұлғаларға үш жүз айлық есептiк көрсеткiш мөлшерінде айыппұл салуға әкеп соғады", – деген мәтінге ауыстыруды ұсынып отыр.

Әке, бала және дін
ҚР дін істері және азаматтық қоғам министрлігінің ұсынып отырған түзетулері дін саласын реттеуге, сондай-ақ балалар құқығына қатысты болып отыр. "ҚР балалар құқығы туралы" заңында кәмелетке толмағандардың құлшылық етуіне, діни жоралар мен рәсімдерге, жиындарға ата-аналарының екеуінің де жазбаша түрдегі келісімінсіз немесе ата-аналарының біреуінің алып жүруінсіз баруына тыйым салмақшы. Бұған діни білім беретін ұйымдарда оқитындар жатпайды.  

Олай болмаған жағдайда діни ұйым басшысына 100 АЕК көлемінде айыппұл салынады. Сондай-ақ ұйымның жұмысы да үш айға тоқтатылатын болады.

Сонымен қатар "Халықтың денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" ҚР кодексінде балалардың жұқпалы және паразиттік ауруларының алдын алу бойынша шараларды қабылдауды ата-аналарға міндеттемекші. Егер ата-аналар бұл талапты орындамайтын болса, онда оларға 10 АЕК көлемінде айыппұл салу ұсынылып отыр.

Заңға өзгерту ұсынып отырған авторлар бұл норманы енгізуге Қазақстандағы дәстүрлі емес дінді ұстанушы азаматтардың екпеден бас тартуы маңызды мәселеге айналғаны себеп болып отыр дейді.

"2016 жылы Қазақстан Республикасында аурудың алдын алу екпесін салдырудан 9685 адам бас тартқан, 2015 жылмен салыстыратын болсақ, екпе салдырудан бас тартатындардың саны 13,4%-ға (8383) өскенін көреміз.

Екпе салудан бас тартуға түрлі жағдай себеп болады. Оның ішінде жеке себептері болғандардың саны 45%-ды, діни сенім бойынша бас тартқандар көрсеткіші 42,9%-ды құраған. БАҚ арқылы берілген жағымсыз ақпаратттарды оқып бас тартқандар 6,2% , ал екпеге сенбейтіндер 6,1%болған.

Діни сенім бойынша екпе салдырудан бас тартқандар еліміздің батысында көп екен. Ол жақтағы көрсеткіш 80%-дан асқан. Атырау облысында 88,9%, Ақтөбе облысында 87,9%, Батыс Қазақстан облысында 89,3%", – деп дін істері министрлігі статистикамен бөлісті.

"Қара тұмшалаудан" құтыламыз
Заң жобасына енгізілетін жаңашылдықтардың бірі – қоғамдық орындарда адамның-бет бейнесін тұмшалайтын киім түрлерін киюді шектеу, дін қызметіне мемлекеттік қызметкерлердің қатысуы, дін жоралғылары бойынша некені қиғызуға қатысты жаңа нормалар қабылданатын болады.  

Бұдан бөлек заң жобасы аясында  БАҚ-та жарнамаланатын  және таратылатын деструктивтік идеологиялық ағымдардың  киім түрлерін киюге шектеу қою көзделуде. Бұл норманы сақтамағандар 100 АЕК көлемінде айыппұл төлейтін болады.

Неке заң бойынша тіркеледі
"Неке және отбасы туралы" заңға да өзгерту енгізілмек, яғни неке қию туралы куәлікті немесе некені бұзу туралы куәлікті ұсынбай діни жоралғы бойынша некеге тұруға немесе некені бұзуға тыйым салынбақ. Заңның бұл тармағын сақтамаған жеке тұлғаларға 100 АЕК көлемінде, ал заңды тұлғаларға 300 АЕК көлемінде айыппұл салу қарастырылады. Сонымен қатар дін қызметкері де әкімшілік жауапкершілікке тартылатын болады. 

Дәстүрлі емес дінді ұстанатындар көбінесе заңсыз діни жоралғы жасау арқылы неке қияды, содан кейін некені бұзатын кезде бір жақты шешім қабылдап, жауапсыздықтан қашып жүреді.

ҚР әділет министрлігінің мәліметі бойынша, соңғы 10 жылда елімізде діни жоралғы бойынша 300мыңнан астамнеке тіркелген. Оның ішінде кәмелетке толмағандарды ықтиярынсыз некеге тіркеу жағдайлары кездескен.

ҰҚК-тың "көз алдында"
ҚР қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабын түзету мекемелерінде дін мәслесіне қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмысын ұлттық қауіпсіздік және дін істері саласындағы өкілетті органдардың келісімі бойынша ғана жүргізу керектігін қарастыратын 19 тармақпен толықтыру ұсынылып отыр.

Дін істері және азаматтық қоғам министрлігі мемлекеттік бағдарламаның жобасы "діни түснікті дұрыс қалыптастыру бағытында қылмыстық-атқару жүйесі мекемесіндегі сотталған адамдарға ақпараттық-түсіндіру жұмысын" жүргізуді қарастыратынын айтты.

Бүгінгі күні қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріндегі штат саны есебінен теологиялық оңалту жұмысын ұйымдастыру бойынша топтар құрылған. Бірақ та бұл жұмысты іске асырудың құқықтық регламенті жоқ.

Теологтар, дінтанушылар және мұсылмандар діни басқармасының өкілдері осы жылдың алғашқы жартыжылдығында қылмыстық-атқару жүйесі мекемелеріне бір жарым мың рет барған.

Гүлназ Ермағанбетова, Динара Қуатова

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу