Экспорттың қыларқаны мемлекеттің мойнында қала бермек

2710

Министрлер кабинеті "KazakhExport" АҚ-ын жекешелендірілетін нысандар қатарынан алып тастады.

Экспорттың қыларқаны мемлекеттің мойнында қала бермек

"Бәйтерек" ҰБХ еншілесі болып табылатын "KazakhExport" экспорттық сақтандыру компаниясы" АҚ басымдықтағы тәртіппен  бәсекелес ортаға тапсыруға ұсынылған нысандар қатарынан шығарылды, делінеді  компанияның таратқан ақпаратында.

"2016-2020 жылдарға арналған жекешелендірудің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы үкіметінің  2015  жылғы  30 желтоқсандағы №1141 қаулысына өзгерістер енгізу туралы" ҚР үкіметінің 2017 жылғы 03 тамыздағы №467 қаулысы негізінде өзгерістер енгізілді", – деп нақтылап өтті компаниядағылар.

Естеріңізге сала кетейік, биылғы жылдың 10 наурызында  үкімет қаулысы негізінде "KazakhExport" ЭСК" АҚ жұмыс істеп тұрған ұлттық компаниялардың ресми тізіміне енгізілген болатын.  Араға бір ай салып Қазақстан экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия  компанияны жекешелендіретін нысандар тізбесінен шығаруға келісім жасап,  инвестиция және даму министрлігіне "Бәйтерек" ҰБХ бірлесіп аталған мәселені қарастыруды тапсырды.

Президенттің 2017 жылғы 30 қаңтардағы халыққа жолдауында айқындалған еліміздің шикізаттық емес экспортын арттыру жұмысын жандандыру  үкіметтің басымдыққа ие бағыттарының бірі саналады. Ал даму жөніндегі негізгі институттардың басын құрап отырған "Бәйтерек" ҰБХ қызметі  де отандық өндірушілердің экспорттық әлеуетін арттыру болып табылады.

Өткен аптаның сейсенбісі, 15 тамызда, ҚР ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов үкімет отырысында  2022 жылға дейінгі ұлттық экспорттық стратегиямен таныстырған болатын.  Бағдарламада 27 елдің нарығына жеткізуді арттырап отырып, шикізаттық емес экспортты 1,5 есеге ұлғайту мақсаты қойылған.

"KazakhExport" ЭСК" АҚ –  экспорттық-несие агенттігінің міндетін атқаратын Қазақстандағы жалғыз арнайы сақтандырушы ұйым.  Даму институтының басты міндеті  – экономиканың басымдыққа ие салаларында шикізаттық емес тауар, жұмыс және қызмет экспорты көлемінің өсуіне қолдау жасау.

Еркебұлан Қыздарбек, Сұлтан Биманов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу