banner

Елбасы түлектерге ақ жол тілеп, ақылын айтты

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3004

Қазақстан президенті Астана мерекесін бастап берді.

Елбасы түлектерге ақ жол тілеп, ақылын айтты

Бүгін елбасы Нұрсұлтан Назарбаев "Атамекен" Қазақстанның картасы" этно-мемориалдық кешен аумағында орналасқан Қазақстандағы ең биік тутұғырда мемлекеттік туды көтеру салтанатына қатысты.

Жылдағы дәстүр бойынша Астана күніне арналған мерекелік шаралар қала көгіне қазақ елінің көк байрағын желбіретумен басталады.

"Қалыптасқан дәстүр бойынша Қазақстанның көк байрағын көтереміз. Мұның символдық мәні бар. Әр мемлекет, әр азамат үшін ту деген мәңгілік әрі ең жоғарғы құндылық болып табылады", – деді мемлекет басшысы.

Жиналған жұртшылыққа қайырылған Нұрсұлтан Назарбаев кезінде мемлекеттік туды қалай таңдағанын еске түсірді.

"Осыдан 25 жыл бұрын тудың бірнеше үлгісін алып келгенде, мен бір түсті жолақ емес, аспан түсті көк туды қаладым. Ол – елге дұрыс жол сілтеу деген сөз, "бәріміз бірміз, бір түстіміз, бір ойдамыз, бір жүректеміз, бір Отанымыз бар" дегенді білдіреді. Көк байрағымыз 25 жылдың ішінде еліміздің алдында желбіреп келеді. Осы тудың арқасында мемлекеттілігімізді дүниежүзіне паш еттік, Қазақстанды әлемге таныттық. Біздің көк туымыз біріккен ұлттар ұйымының 190 мемлекетінің тулары арасында тұр. Біздің көк туымыз Шанxай ынтымақтастық ұйымының іс-шараларында көтеріледі. Біздің көк туымыз еуразиялық экономикалық одақ өкілдері кездесулерінде көтеріледі. Біздің көк туымыз халықаралық сайыстарда спортшыларымыз бен өнерпаздарымыз жеңген кезде желбірейді, әнұранымыз шырқалады", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Ол ту, әнұран және елтаңба – бірі-бірінен ажырамас әрі үйлесімді ұғымдар екенін атап өтті. Олар Ұлы Даланың кеңдігін көрсетеді. Қыранның қалықтағаны сол кеңдікті көрсетсе керек.

"Әнұранның сөзін тыңдасаңыздар, "бірлігі жарасқан елім бар" деген сөз "көк тудың астында біріккен" дегенді білідіреді. Сондықтан көк туды құрметтеу, көк туға бас ию тәуелсіздікті құрметтеумен бірдей болып саналады. Қазақтың туы желбірей берсін! Бақытымыз оза берсін. Осы тудың астында біздің қабылдаған барлық бағдарламаларымыз орындалатын болсын!" деді президент.

Елбасы елордамыз тәуелсіздіктің төл туындысы болып табылатынына назар аудартты.

"Биыл сүйікті Астанамызға 19 жыл толып отыр. Бұл барша қазақстандықтарға ортақ мереке. Біз – бақытты ұрпақпыз. Себебі, ата-бабаларымыз көрген сұрапыл соғыс пен аштықтың зардабын тартқан жоқпыз. Қазіргі өміріміз осы қалпында болды деп ойлаймыз. Олай емес. Бүгінгі ұрпақ ата-бабаларымыздың арқасында осы күнге жетіп отыр. Біздің ендігі мақсатымыз – осы бірлік-берекені сақтау, жеңіске жету. Бәсекелестікке төтеп беріп, тек жеңіске ғана жетуіміз керек. Соның арқасында алға қойған мақсаттарға жетіп, қабылдаған бағдарламаларды іске асыра аламыз", – деді Нұрсұлтан Назарбаев. Мемлекет басшысы xалықтың бірлігі болмай, ешбір бағдарламаны іске асыра алмайтынымызды қаперге салды. Ал бірлік-ынтымақ болса, Қазақстанды бұдан да жоғары деңгейге көтеріп, әлем қауымдастығының құрметіне бөленуге мүмкіндік бар.

Тағы бір дәстүр бойынша жыл сайын тұғыры биік туымызды көтерген сәтте Отан шебін қорғауға кіріскен ұландарға әскери шендерін табыс ету рәсімі ұйымдастырылады. Бұл – келбеті келіскен, қайраты толысқан жауынгерлерімізге атаның аманаты, ананның ақ тілегі болып саналады.

Ту көтеру салтанаты алғаш рет 2009 жылы өткізілген екен. Осы кезден бастап, 108 түлекке президент өз қолымен алғашқы әскери шенін тапсырыпты. Олар қазіргі уақытта, ресми мәлімет бойынша елдің әр өңғірінде полиция құрылымдары мен әскери бекіністерде өздерінің әскери қызметтерін атқаруда.

Осы орайда Қазақстан президенті Нұрсұлтан Назарбаев оқу орындарын бітіруші барша түлектерге өз ақылы мен ақжүрек тілегін жеткізді.

Бұл ретте елбасы алдымен тарихқа шолу жасай кетіп, қазіргі жастардың бақытты ұрпақ болып табылатынын дәйектеді. Өйткені президент өз замандастарының – аға ұрпақтың аталары І-ші Дүниежүзілік соғысқа, ал әкелері ІІ-ші Дүниежүзілік соғысқа қатысқанын алға тартты. Олар "ашаршылықтарды бастан кешірді, түрлі репрессияларға ұшырады". Тағы басқа қиындықтарға тап болды. Сол нәубеттерде миллиондаған қазақ қырылып, көбі майданнан қайтпай қалды.

"Менің буыным ғана 70 жылдан бері бейбітшілік жағдайда өмір сүріп жатыр. Ол – біздің әкелеріміздің істеген зор еңбегі. Біз – бақытты буынбыз. Себебі біздің өміріміз тәуелсіздікті құрумен қатар келді. Қазақстанның тәуелсіз туын көтеруге, Астанамызды салуға мүмкіндік туды. Ата-бабаларымыздың арманын орындадық. Сендер арқылы әскери жоғары оқу орындарды бітіріп жатқан курсанттарға және барлық оқу орындарының түлектеріне тілейтінім – ақ жол! Біз мемлекетті құрдық, бүкіл дүниежүзіне паш еттік. Сендер сол Тәуелсіздікті көздің қарашығындай сақтап, көк туымызды төрткүл дүниенің әр бұрышында желбірететін болыңыздар", – деді Нұрсұлтан Назарбаев.

Біз қазір бейбітшілікте өмір сүріп жатырмыз. Бірақ сонымен бірге елбасы сол бейбіт күнді сақтап қалу үшін не қажеттігіне де тоқталды.

"Мәңгілік ел болу үшін экономика да, қарулы күштер де қуатты болуы керек. Сонда ғана бізді әлемде алыс-жақынның бәрі сыйлайды. Білікті сардарларды дайындау, әскерді нығайту – мемлекеттің міндеті. Осы міндетті орындау үшін сіздерді тәрбиелеп отырмыз. Бұған дейін оқу кезінде сіздердің командирлеріңіз болды. Енді өздеріңіз командирге айналып отырсыздар. Өз тәрбиелеулеріңізге берілетін жас курсанттар мен бағыныштыларға ағадай, әкедей қамқор болыңыздар. Жақсыға, озық білімге үйретіңіздер, отансүйгіштікке тәрбиелеңіздер. Жұрыс-тұрыстарыңызбен жастарға үлгі болыңыздар. Сіздерге қарап бой түзесін, елді және оның мүдделерін қалай қорғау керектігін үйренсін. Жолдарыңыз болсын, бақытты болыңыздар" деді мемлекет басшысы.  

Бүгінгі іс-шара барысында елбасы-жоғарғы бас қолбасшысы Нұрсұлтан Назарбаев еліміз бойынша үздік деп саналған 12 түлекке өз қолымен алғашқы шенін – лейтенант погонын табыс етті. Олардың арасында қорғаныс министрлігі құрлық әскерлері институтының түлектері Алмас Кенжебеков пен Заман Керімқұлов, радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институтының түлектері Қайыржан Жұмандықов пен Темірлан Мұқатаев, ұлттық қауіпсіздік комитеті шекара қызметі академиясының түлектері Мадияр Добеков пен Анатолий Паленыx, ішкі істер министрлігі Қарағанды академиясының түлегі Алишер Мұxамбетов, Қостанай академиясының түлегі Айнұр Бесагимова, Көкшетау теxникалық институтының түлектері Роман Степанов пен Ермек Қаппаров, ұлттық ұлан әскери институтының түлектері Бақдәулет Төлебек пен Уәлиxан Жәукеновтер бар. 

"Құрметті лейтенант мырзалар! Бұдан былай сіздер Қазақстан қарулы күштерінің сардарлары болып саналасыздар. Бұл сіздердің тұңғыш атақтарыңыз. Сіздер әскерде, құқық қорғау органдарында, басқа мемлекеттік құрылымдарда – қайда жұмыс жасасаңыздар да, мен сіздерге ақ жол тілеймін. Аман-есен болып, бақыттың ең шыңына көтерілетін болыңыздар! – деді салтанат соңында президент Нұрсұлтан Назарбаев.

Қала әкімдігінің мәліметін бойынша бұл шараға осы түлектердің туыстары, сондай-ақ мемлекеттік органдар басшылары, парламент депутаттары, шетелдік елшілер және басқа да 5 мыңнан астам адам қатысыпты.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу