Елена Бахмутова: "Біз заңды орындаймыз"

Ирина Севостьянова Ирина Севостьянова
2693

Медициналық сақтандыру қоры саяси шешім қабылданғанша осыған  дейінгі жұмысын жалғастыра береді. 

Елена Бахмутова: "Біз заңды орындаймыз"

Президент міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіне (МӘМС) өту үдерісін мұқият зерделеуді тапсырған болатын. Елбасы тапсырмасынан соң жүйенің дайындық жұмыстарына қатысты мәселе туындады. Атап айтқанда, жүйені енгізудің мерзіміне, сондай-ақ осы уақытқа дейін жинақталған қаржының тағдырына қатысты сауал кесе-көлденеңдеді. Бұл сұрақтарға міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының басшысы Елена Бахмутованың abctv.kz-ке берген сұхбатында жан-жақты жауап береді.

Елена Леонидовна, әңгіменің әлқиссасын негізгі сұрақтан бастайық: қордың һәм осы күнге дейін жинақталған қаржының тағдыры не болмақ?

–Қаржының тағдыры туралы мемлекет басшысы журналистермен болған кездесуде айтты. Елбасы атап өткендей, қаржы ешқайда кетпейді. Жүйе енгізіледі. Бұл анық. Бірақ нақты мерзімі белгісіз. Оны талқылаудан кейін білетін боламыз. Ал жинақталған қаржы сақталып тұрады.  

Енді қазіргі жағдайға тоқталайын. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Сондықтан жүйені заңнамалық актілердің негізінде құру керек. Бүгінде заң бар. Төлемақы жүруде. Жинақталуда. Ол есепке алынуда. Уақытылы төлем жүргізбегендерге өсімақы мен айыппұл санкциялары салынады. Қаржы Ұлттық банкте жинақталады. Қолданыстағы заң барда ақша жинала бермек. Бұл қажетті қорды қалыптастыру үшін қажет. Яғни жиналған ақша 2018 жылы жүйенің жұмыс істеуі үшін жұмсалмақ. Біздің бағалауымызша, жинақталған қаржы 25 млрд теңге көлемінде болмақ. Жүйе толыққанды жұмыс істеуі үшін ортаймайтын қор керек. Қор қаржысы түсімнің 1/12 мөлшерін құрап, 50 млрд теңгеден кем болмауы қажет. Жүйенің үздіксіз жұмыс істеуі үшін 2018 жылы қор мөлшерін біртіндеп ұлғайтуымыз керек. Ақша Ұлттық банктің ағымдық шотында жатуы қажет. 2017 жылы жиналатын қаржының жалпы көлемі бұл мақсаттарды еңсеруге жеткіліксіз.

Қордың міндетіне ақшаны жинап, топтаудан бөлек, келесі жылға медициналық қызметтерді сатып алуды қамтамасыз ету де жатады. Қолданыстағы заңға сәйкес, қор оны екі әлеуметтік пакет бойынша орындауы керек. Біріншісі – міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру, екіншісі – тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі. Сондықтан біз аз ғана мөлшерде қордың филиалдарын құрдық. Олар қордың орталық аппаратымен бірлесіп, осы жұмыстармен айналысатын болады. Кеше ғана қордың сайтында келер жылы медициналық көмек көрсетуге ниетті медициналық ұйымдардың деректер базасы туралы мәлімет орналастырылды. 15 қыркүйектен емханаларға кампанияларды бекіту басталды. Жеткізушілердің деректер базасына тіркелген алғашқы медициналық-санитарлық көмек көрсету ұйымдары екі ай ішінде тұрғындарды өздеріне тіркейтін болады. Дәл осы аралықта тұрғындардың өздеріне қызмет көрсететін медициналық мекемені таңдауға да мүмкіндігі бар. Кейін қор медициналық көмек түрлерін сатып алу басталғанын жарияламақ. Алдағы жылы көрсетілетін медициналық қызметтер бойынша келісімшарттарды бекітеді.

– Сонда қор тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің кейбір міндеті бойынша әкімші болмақ па?

–Қор қолданыстағы заң бойынша өзіне тиесілі міндеттерді ғана орындайды.

Алайда заңда МӘМС жүйесін енгізуге басымдық берілген ғой...

–Иә. МӘМС туралы заң бойынша жүйе келер жылдан бастап жұмыс істейді. Жүйе жұмыс істеуі үшін биылдан бастап тиісті іс-шаралар қолға алынуы керек. Ал ол шаралар қазір біздің қорға бекітілген. Біз соларды атқарып жатырмыз.

Бірақ бір немесе екі пакет болатындығына қарамастан, қолданыста басқа да заңдар бар. Қандай жағдай болмасын халық медициналық көмексіз қалмауы тиіс. Бюджет есебінен бе, әлде МӘМС қорының есебінен бе, медициналық көмекке әйтеуір біреу тапсырыс беріп, келісімшартты бекітуі керек. 2018 жылдың 1 қаңтарынан бастап қандай жағдай болмасын тұрғындар медициналық көмек алуы қажет. Ал бұл жұмыс қазір біздің қорға бекітілген. Сондықтан қор өз жұмысын атқаруда. Міндет – осы.

– Егер МӘМС-ті кейінге қалдыру туралы шешім шықса, қор бұған дейін денсаулық сақтау министрлігі айналысып келген аяқталмаған жүйеге қаржы жинаушы және тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемінің әкімшісі ретінде ғана қалмақ қой.

–Қордың қандай боларына болжам жасағым келмейді. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Бұл жүйе талқылаудан кейін заңға енуі үшін белгілі бір іс-шаралардан өтуі керек. Заңды парламент қабылдап, мемлекет басшысы оған қол қойса, біз аталған заңның шеңберінде әрекет ететін боламыз.

Енді бұл жүйенің әлі күнге дейін түбегейлі аяқталмай келе жатқанына келейік.  Нарықты реттеуші және медициналық ұйымдармен келісімдік байланысқа түсетін денсаулық сақтау министрлігіне қатысты өте көп сын айтылды. Бұл ретте қордың, жекелеген стратегиялық сатып алушылар мен төлем төлеушілердің болуы бұл проблеманы шешпейді. 

Денсаулық сақтау министрлігі денсаулық сақтауды ұйымдастыру саясатымен айналысуы қажет. Ал тапсырыс беру, азаматтық-құқықтық байланыстарды басқа тұлғалар атқаруы тиіс. Мұндай жағдайда бірыңғай төлем төлеушінің бұл міндеттерін медициналық сақтандыру қоры атқара алады. Заң бойынша да солай. Кейіннен заңға тиісті өзгертулер енгізіліп, белгілі бір уақытта аталған екі пакетті бөлді делік. Сонда да тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемін біреу қамтамасыз етіп, тапсырыс беруі керек қой. Оның үстіне бұған дейін жергілікті атқарушы биліктің қолында болған медициналық қызметтерді сатып алу міндеті қазір орталықтандырылған. Яғни тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі толықтай республикалық бюджетке шоғырланған. Сондықтан оның әкімшісі болуы тиіс.

Сонымен қатар реформаны талқылау барысында да көп сын айтылды. Ережелердің ашықтығы қамтылмаған, жоспарлау жүйесі толықтай қарастырылмаған. Медициналық қызметтерді сатып алуда да дәл осылай. Сапаға да, азаматтардың дәрігерді толыққанды таңдауына және тағы да басқа жағдайларға мін тағатындар көп. Бұл үдерістердің бәрі өтелуді қажет етеді және олар өздігінен пайда болмайды. Ол үшін нарық қатысушыларының айтқанына құлақ түріп, ымыраға келтіретін, оларды нормативті-құқықтық актілер бойынша жіктей алатын, қысқасы осының бәрін қадағалап отыратын білікті мамандар болуы шарт. Міне сондықтан кем дегенде операциялық тұрғыдан денсаулық сақтау министрлігі мен тәуелсіз стратегиялық сатып алушылар бөлек жүйеде жұмыс істеуі тиіс. Бұл қызығушылық мәселесін реттейді әрі әрқайсысына жеке-жеке көңіл бөлінеді. Шын мәнінде осылай болуы керек. Ал медициналық сақтандыру қоры мен медициналық қызметтерді жеткізушілер арасында туындайтын азаматтық-құқықтық қатынастар бұл процесті нарық қатысушылары үшін одан әрі түсінікті ете түспек. Ең алдымен жекедегілер ашық болмақ. Сондай-ақ келісімшарттарды бекіту екі тараптың да – қор мен ұйымдардың жауапкершілігін арттырады.

Сөз жоқ, тарифтік саясат та жетілдіруді талап етеді. Бұл өте ұзақ процес. Біріншіден, барлық тарифті дұрыс құру үшін тиісті статистика керек. Әрине нарық қатысушылармен көптеген пікірталас орын алады. Ең бастысы осының бәріне ақша керек. Егер келер жылға бюджеттен бөлінетін қаржы биылғы көлемдегідей болса, онда негізінен дайындық жұмыстары ғана жүргізіледі деген сөз. Ал тариф жайы қаржылық мүмкіндік пайда болғанда ғана қарастырылмақ.

– Бізде қаржылық мүмкіндік жоқ па?

– Барлық қажеттілікті бір уақытта орындау үшін қаржы жеткіліксіз. Егер кестеге қарар болсақ, денсаулық сақтау саласының 2010 жылдан бері мемлекеттік шығындары ішкі жалпы өнімге шаққанда еліміздегі және әлемдегі экономикалық ахуалдың төмендеуіне байланысты кеми түскен. 2009 жылы мемлекет денсаулық сақтау саласына ішкі жалпы өнімнің 2,6%-ын жұмсаған. Қазір бұл көрсеткіш - 1,9%. Ал экономикалық әріптестік және даму халықаралық ұйымына мүше мемлекеттерде денсаулық сақтау саласына бөлінетін бюджет шығыны ішкі жалпы өнімге шаққанда 6-8%-ды құрап отыр.

Қазақстан МӘМС жүйесін енгізгеннің өзінде, жағдайды тек 2025 жылға қарай дұрыстай алмақ. Сонда да біз 2009 жылғы көрсеткішті бағындыра алмауымыз мүмкін. Неге? Себебі бизнес дағдарысқа байланысты мөлшермелені екі есе төмендетуді сұрады. Мемлекет бұл мәмілеге көнді. 

Егер заңнамада түпнұсқа мөлшерлемелер сақталғанда, денсаулық сақтау саласын қаржыландыру 2009 жылы орын алған тарихи көрсеткішті еңсеріп, әлемдік стандарттарға жақындай түсер еді. Сондықтан мөлшерлеме жайлы пікірталасты болашақта жалғастыру керек.

Мұның тағы бір қыры бар: денсаулық сақтау саласына бөлінетін мемлекеттік шығындардың азаюы жекелеген шығындардың артуына алып келді. Яғни тұрғындар медициналық қызметтерге өз қалтасынан қаржы төлеуде. Қазір бұл көрсеткіш шамамен 40%-ға жетті. Егер тұрғындардың медициналық қызметтерге жұмсайтын шығыны 20%-дан асып кететін болса, жүйе тұрақсыз болмақ. Бұл халықтың белгілі бір тобын кедейлендіруге үлес қоспақ. Медициналық сақтандыру жүйесіне жарна төлеу арқылы тұрғындар медициналық қызметтер пакетіне жұмсалатын шығынды азайтуға мүмкіндік алады. Сонда қалай? Сандарды "сөйлетіп" көрелік: 2017 жылы жарнаның максималды сомасы адам басына шаққанда айына 3668,85 теңгені құрайды. Бұл жинақ 2017 жылғы жағдаймен 44000 теңге болмақ. Ал 2018 жылы 72000 теңге болмақ. Бұл ретте өкпенің қабынуын емдеу үшін адам орташа есеппен 100000 теңге шығындайды.  Асқынбаған түрін емдеуге 82000 теңге жұмсалмақ. Артокононарлы тұйықтау отасына жұмсалатын қаржы – 1,8 млн теңге.

–Дәрімен қамтамасыз етуде стратегиялық сатып алушымен тәжірибе бар ғой. Мен "СК-Фармация"-ны айтып отырмын. Компанияға бағыттала айтылған сындар әлі күнге дейін тыйылар емес. Сатып алу мерзімінің кешігуі, үдерісті дұрыс ұйымдастырмау, сапаның төмендігі  және тағы басқалары "жыр" болып жүр. "СК-Фармация"-ның тағдырын қайталамаймыз деп қорықпайсыздар ма?

"СК-Фармация"-ның жұмысына қатысты пікір білдіргім келмейді. Біздің қордың ашықтығына тоқталайын. Мен қор жұмысының ашықсыздығы немен бағаланатынын білмеймін. Өз басым біздің қорға ұқсас ұйымдардың сайттарын қарап шықтым. Олармен салыстырғанда біздің сайтта анағұрлым көп ақпарат жинақталған. Бұл ретте сайттың жұмыс істей бастағанына бес-ақ ай болғанын атап өткім келеді. Біздің сайтта өзгелердікімен салыстырғанда нарық талап ететін көп ақпарат орналастырылған. Біз одан әрі де мейлінше ашық болуға тырысамыз.

Сонымен қатар ашықтық тек сайтта орналастырылған ақпаратпен ғана шектелмейді. Бұл жерде кері байланыс та маңызды рөлге ие. Сондықтан бізде орнатылған қолданыстағы жүйе мемлекеттік бақылау тұрғысынан қор жұмысының ашықтығын қамтамасыз ете түспек. Қордың ашықтығын айғақтайтын тағы бір бөлік – корпоративті басқару. Қордың директорлар кеңесі бар. Оны министр басқарады. Директорлар кеңесінің мүшелігіне экономика, қаржы вице-министрлері, Ұлттық банк төрағасының орынбасары енді. Тәуелсіз директорлар және бар. Осының бәрі қор жұмысының ашықтығын қамтамасыз етпек.

Сондықтан азаматтық қоғамнан, мемлекеттік органдардан басқару механизмінің болуы қор жұмысының ашықтығы үшін жеткілікті деп ойлаймын. Керісінше, кейде мемлекеттік мекеме жұмысының акционерлік қоғамның қызметімен салыстырғанда, мейлі ол коммерциялық емес акционерлік қоғам болса да ашықтығы аздау. Мен бұған толық сенемін. Егер біз корпоративті басқару қағидаттарын енгізбесек, өзге елдермен салыстырғанда, көш соңында қаламыз.

– Қоғамдық түсінік барын да ұмытпайық. Егер оған салсақ, барлық мемлекеттік құрылымдар бюджеттік қаржының есебінен немен айналысып отырғаны түсініксіз.

–Біріншіден, қор бюджеттік қаржымен қаржыландырылмайды. Қор комиссиялық сыйақылар есебінен қаржыландырылады. Бұл медициналық сақтау туралы заңда жазылған. Бюджетке келсек, бұл тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемі тұрғысынан алғанда келер жылы қарастырылатын қаржыландыру.

Бірақ тегін медициналық көмектің кепілдендірілген көлемге әкімшілік етуден басқа, қордың басқа да міндеттері бар. Оларды да қалайда жабу керек.

Міндеттерді қор құрылғанға дейін денсаулық сақтау министрлігі атқарған еді ғой.

– Бұл мәселемен  тек министрлік қана емес, сондай-ақ жергілікті атқарушы органдар да айналысқан. Бірақ та жоспарлау мәселесі жетілдіруді қажет болды.  Функцияларды әртүрлі атқаруға болады. Алайда біз тиімділік туралы айтып отырмыз ғой.

Денсаулық министрлігінде міндет жеткілікті. Қазір денсаулық сақтау ұйымдар желісін реформалау, МЖӘ-ні енгізу,оларды басқарудың тиімділігін арттыру үшін медициналық ұйымдарды сенімгерлік басқаруға беру бойынша көлемді жұмыс бастады. Жедел медициналық көмек көрсетуді ұйымдастыру бойынша реформалар бар. Олар денсаулық сақтау министрлігі айналысуға тиіс мәселелерді қарастыруда. Бұл мүлдем басқа функция және мемлекеттік орган осы мәселемен айналысуы тиіс.

Жергілікті атқарушы органдар денсаулық сақтауды ұйымдастырумен айналысып, халыққа медициналық көмекті қолжетімді етуді қаматамасыз ету керек. Ал қаржыландыру, сатып алу мәселелері – бұл айрықша мәселелер, мемлекеттік орган мұнымен айналысуға тиіс емес. Жалпы бұл ашық емес деген пікір бар, бірақ та мұның барлығы уақытша нәрсе. Атқарып жатқан жұмысы айқын құрылымдар бар, сондай-ақ жұмысы анық емес құрылымдар бар. Көбінесе тырнақ астынан кір іздеген кезде осы жұмысы анық емес құрылымдарды сөз етеді. Біздің міндетіміз – айқын құрылым болу, ал оған қажетті құралдардың барлығы дерлік өзімізде бар.

Қызметкерлер санының артуы жайын айтар болсақ, онда оған тиісті даму жоспары бар. Барлық ақпарат жазылып қойған. Сонымен қатар оны әртүрлі құрылымдармен, соның ішінде КҰП-пен де мақұлдаймыз. Қызметкерлер саны артты деп айта алмаймыз. Біздегі жоспарланып отырған қызметкерлер саны елімізде жұмыс істеп жатқан қорлардағы қызметкерлер санынан едәуір аз. Олардағы қызметкерлер саны неге көп? Мүмкін оларда бұған негіз бар шығар. Мен тек қор және өзіміздің директорлар кеңесіне ұсынып отырған қызметкерлер саны туралы ғана айта аламын.

 Ал таныс арқылы көп адам алдыңыздар ма?

– Таныс арқылы ешкімді алған жоқпыз. Орталық аппаратқа, оның әлеуеті мен құзіреті қалай таңдап алынғанына қараңыз. Мен негізі адами капиталға аса байыппен қарайтын адаммын. Өйткені көп нәрсе қарамағында жұмыс істейтін адамдарға  байланысты болады. Біздің орталық аппаратқа келгеннің бәрі тек жұмыс істеу үшін жаралғандар. Олар өздеріне артылып отырған міндеттің зор екенін жақсы біледі. Ал филиалдарға кәсіби мамандарды алдық, олардың жартысы медициналық қызметке ақы төлеу комитетінің бұрынғы қызметкерлері.

 Іріктеу кезеңін өте мұқият өткізіп, байқау барысында кәсіби біліктілікке баса мән бердік. Бүгінгі таңда қорда жұмыс істеуге таңдап алынған қызметкерлер жұмысты қорықпай бастауға мүмкіндік береді деп ойлаймын. Қазір бізде 107 адам филиалға, 56 адам орталық аппаратқа алынып отыр. Сондықтан қызметкерлер саны көп деген әңгіменің бізге мүлдем қатысы жоқ. Енді осы қызметкерлермен жоқ дегенде ТМККК аясында сапалы медициналық қызмет көрсетуді қамтамасыз етуіміз керек.

 Қорда жұмыс істегісі келетіндер біздің сайттан барлығын көре алады. Сайтта бос жұмыс орны туралы ақпарат көрсетілген. Қызметкерлерді іріктеуге үлкен жауапкершілікпен қарадық, өйткені мұндай күрделі міндетті атқару үшін тиісті біліктілік болу керек екенін жақсы білеміз.

 Қорға, жүйені енгізуге  қатысты соңғы шешім қашан шығатыны белгілі ме?

– Егер мемлекет басшысы осындай міндет қойып отырса, онда қоғамның көптеген өкілдерінің пікірін тыңдау керек деп ойлаймын. Қазір өзіңіз көріп отырсыз, Астанада және еліміздің әр өңірінде осы мәселеге байланысты әртүрлі дөңгелек үстел, кездесулер өтуде. Осының барлығын ескеріп, мемлекет басшысының қойған басты сұрағына, яғни 2,7 млн адамға медицианлық көмек керек пе, олар сақтандыруды өздігінен төлей алмай ма деген сауалдарға жауап берген дұрыс.

Мұны бір ғана министрілік атқара алмайды, бұл тұтас үкіметтің жұмысы деп ойлаймын. Парламентте заңнаманың соңғы түзетулерін енгізу мәселесі қаралған кезде өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың мәселесін шешу бойынша әлі де үлкен жұмыс керектігі айтылған болатын.  Дәл осы себепке байланысты азаматтардың осы категориясын қамту бойынша консервативтік  бағалауды ұсынған болатын.

Денсаулық сақтау министрлігіне оларды сақтандыру жүйесіне бірте-бірте тарту тетіктерін қарастыру маңызды болды. Сол үшін қолданыстағы заңға 2020  жылға дейін екі жылдық өтпелі кезең енгізілді. Осы уақыт ішінде олардың кепілдендірілген көлемнен басқа тегін көмек алу, атап  айтсақ, оларға тегін амбулаториялық және стационарлық көмек көрсету мүмкіндігі сақталған. Сонымен қатар өзін-өзі жұмыспен қамтитындарға ең аз мөлшермен сақтандыру жасау және ММӘС-тың толық пакетін алу мүмкіндігі ұсынылған болатын.

Алайда елдегі өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың санын анықтау кешенді шешімді қажет етеді. Бұған мемлекет басшысы да мән беріп отыр. Бейресми жұмыспен қамтылғандарды  және экономикалық айналымға тарту үшін нәтижесіз жұмыспен қамтылғандарды кейіннен көлеңкелі айналымнан шығару үшін бірқатар мемлекеттік органның мақұлданған жұмысы қажет. Бір жағынан бұл мемлекет тарапынан нақты кімге қолдау керектігін анықтауға көмектеседі.

Сонда олар кімдер? Егер бұл экономикалық айналымға қажет болса, онда бұл қалай тартылады? Адамдардың қай категориясын заңдастыру керек, қанша адамға атаулы әлеуметтік көмек қажет? Яғни бәрі осыған байланысты.

Бізге, әрине бұл жұмыстың тез іске асқаны жақсы. Бірақ та елбасының сөзін естен шығармаған жөн.

 Алайда өзін-өзі жұмыспен қамтып отырған 2,7 млн адамның бар екені анық. Ол көктен түспегені белгілі. Бұрын бұған аса мән берілмейтін еді ғой.

– Менің ойымша, өзін-өзі жұмыспен қамтып отырғандардың жартысы мүлдем өзін-өзі қамтып отырғандар емес. Олар жұмыс істейтіндер, әсіресе,  азаматтық-құқықтық келісімшарт бойынша жұмыс істеп, сақтандыруға ақша төлей алады. Қазір тек осылардың ішінен қаншасы  мұқтаж жандар екенін анықтау керек, өйткені оларға сақтандыруға жарна төлеу қиын болуы мүмкін. Олай болса, онда оларға көмек көрсету немесе экономикалық айналымға тарту керек,  я болмаса атаулы әлеуметтік көмек беру қажет. 

Осы 2,7 млн адамның кейбіреуін бір жүйеге келтіріп, заңдастыру керек. Осыған дейін екі рет кейінге шегерілген табысты жалпыға бірдей декларациялау іске асқан болса, онда қазір бұл мәселе  осыншалықты маңызды болмас па еді. Алайда медициналық сақтандыруды бәрінен бұрын енгізу – көп жыл бойы айтылып жүрген мәселердің бетін ашты.  

Атаулы әлеуметтік көмекке мұқтаждардың тізімін нақтылау мен "анықтау" үшін салық органының базасындағы жұмыс берушілердің және азаматтардың  әлеуметтік және салықтық төлем бойынша барлық мәліметтерін салыстыру керек. Қазіргі таңда жалдамалы жұмыскерлердің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қоры жарналары, зейнетақы жарнасы, МӘМС бойынша аударымдары арасында айырмашылық бар. Бұл барлық төлем жасаушыны анықтауда мемлекеттік кіріс комитетімен бірігіп атқаратын жұмыстың  көп екенін көрсетеді. Менің білуімше, бұл мәселе бұрын зейнетақы жүйесінде, мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру жүйесінде кездескен болатын. Тек бұл мәселелер қоғамда аса талқыланбаған. Сол мемлекеттік әлеуметтік сақтандыруға да бизнес жұмыскердің табысынан 5% төлейтіні ешкімді толғандырып отырған жоқ, бұл болуға тиіс қалыпты жағдай сияқты қабылдануда. Ал төлемнің басқа мерзімділігін қарастыратын медициналық сақтандыруға келгенде сұрақ көбейіп кетті.

Бұл халық үшін түсінікті мәселе: зейнетақыны тиісті зейнет жасына шыққанда аламыз, әлеуметтік аударымдарды одан да жиі аламыз. Ал халыққа көрсетілетін медициналық қызметке төленетін ақы мүлдем таусылмайды ғой. Сараптамалық бірлестікте неге тек МӘМС-ке қатысты мәселе туындап отырғанын түсінбеймін.

Мысалы, қазір бизнесте осыған байланысты үлкен мәселе туындап отыр. Аударым жасау керек пе әлде жоқ па деп бастары қатуда? Ал егер жүйені енгізу кейінге қалдырылатын болса, не болады?

– Бизнес заңды орындауы тиіс. Біз құқықтық мемлекетте өмір сүріп жатырмыз. Заң өз күшін жойып немесе түзету енгізілгенге дейін біз қолданыстағы заң бойынша жұмыс істейтін боламыз. Сондықтан әркім заң бойынша тиісті шаруаны атқарғаны жөн. Қор тек оператор, ал қордың құрылтайшысы – бұл үкімет. Қорға қатысты қандай да бір шешім қабылданғанша, бұрын қалай жұмыс істедік, солай жұмыс істей береміз. Сонымен қатар біз өзіміздің жауапкершілігімізді білеміз. Егер қазір келесі жылға сатып алуды ұйымдастыру жұмысын тоқтататын болсақ, онда оны қалай болғанда да басқа біреу істеуі керек, яғни оны біреуге тапсыру қажет. Ең бастысы дер кезінде үлгеру керек. Сатып алу төрт ай уақытты алады. Сондықтан қазір қарап отыра алмаймыз.

Бұл жұмысты денсаулық сақтау министрілігі атқара алмай ма? Олар осы уақытқа дейін бұл жұмысты өздері атқарып келді ғой.

–Ол үшін тағы да шешім шығару керек. Заң өзгерген жоқ, сондықтан ол өзгергенге дейін біз өз жұмысымызды атқаруға тиістіміз. Тағы да қайталап айтқым келеді, қордың қазіргі функияциясын бұған дейін бір емес бірнеше орган атқарған болатын.

Біздің атқаратын міндеттерімізге тоқталар болсам, онда бұл ең бірінші– алым, яғни медицианлық қызметті тұтынатын 18 млн адамның есебі мен жарнасын шоғырландыру. Айта кетерлігі, бұл жердегі есеп – дербестендірілген есеп. Тек бір осы функцияның өзі БЖЗҚ-ның жұмысына тең. Ал зейнетақы қоры бізге қарағанда аз адамды қамтиды. 

Екінші міндет – бұл қордағы жоспарлау, сатып алу және медициналық қызметтің сапасын бағалауға қатысты. Қор барлық азаматтың атынан медициналық қызметті білікті сатып алушы ретінде жұмыс істейді. Қазіргі жағдайдан айырмашылығы қандай? Біз азаматтардың мүддесін қорғап, инфрақұрылымдарды қолдауға қатысты міндеттерден босату болу керек.  Үшінші міндет – медициналық қызмет көрсету ақысын төлеу. Денсаулық сақтау министрлігінің медициналық қызмет ақысын төлеу комитеті стационарлық қызметпен ғана айналысқан, тек осы жылдан бастап қана амбулаториялық көмекті әкімшілдендіру жұмысын бастады. Ал ӘМСҚ болса жоғарыда көрсетілген 18 млн адамға медициналық қызмет көрсету, жарналарды әкімшілдендіру, сатып алу, сапаны бағалаудан  басқа стационарлық көмек көрсетуге, шамамен 7 млн  жедел жәрдем шақыру, жылына амбулаториялық емделудің шамамен 100 млн-на төлем жасаумен айналысады.

Осы жұмыстың барлығын кәсіби деңгейде орындау керек. Осы немесе басқа конфигурация қабылданатын болса, онда қордың және денсаулық сақтау министрлігінің функциясы өзгеруі мүмкін.

 Бұл мәселені кейінге қалдыру туралы шешім қабылданатын болса, қор жұмысы мен ақша не болады?

– Онда ақша Ұлттық банкте сақталатын болады, ол қазір де сол жақта сақталуда. Уақытша жинақталған қаражат бар. Оны медициналық қызмет көрсетуді сатып алу үшін пайдаланатын боламыз. Ұлттық банкте басқа да қорлардың қаражаты сақталады. Қаражаттың барлығы үкіметтің қаулысымен бекітілген қаржылық құралдарға жұмсалады.

Қаражаттың қалай жұмсалатыны ашық көрсетілетін болады, сондықтан бұл ақшаның қалай жұмсалатындығы туралы қоғамда сұрақ туындамауы керек. Себебі бұл тетіктер заңда көрсетілген және заң бойынша қатаң орындалады.

Ал КҰП-тың еңбекақы төлеу қорына жүктемені қысқартуға қатысты негізгі талабы не болды? Бұл мәселені талқылау қандай дәрежеде?

–  Бұл сұрақты мемлекеттік органдарға қойған дұрыс.  Тек үкіметтің мақұлдаған салық кодексі жобасында әлеуметтік салық мөлшерлемесін жұмыс берушінің мемлекеттік әлеуметтік сақтандыру қорына аударатын 5%-ын  3,5%-ға дейін қысқарту есебінен азайту ұсынылғанын айтқым келеді. Осылайша МӘСҚ-ке аударымдарды төлеу бойынша міндет МӘМС-ке аударым жасауға қатысты міндетпен ауысады. Осыған байланысты 2018-2019 жылдар аралығында жұмыс берушілерге қосымша жүктеме беру жоспарда жоқ.  

Гүлназ Ермағамбетова, Ирина Севостьянова

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу