Елімізде "жетімбұрыш" қашан жоғалады?

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
5004

БҰҰ белгілегендей, жайлы өмір сүру үшін отбасының әрбір мүшесіне кемінде 30 шаршы метр тұрғын үй ауданы тиесілі болуы қажет.

Елімізде "жетімбұрыш" қашан жоғалады? Фото: voxpopuli.kz

Мамандар Қазақстан бұл стандартқа қай жылы сәйкесетінін атап берді.

Сарапшылар өз есептемелерінде елімізде жыл сайын орташа есеппен 1,5 миллион шаршы метр тұрғын үй қолданысқа беріледі деп алып отыр. Егер құрылыс бизнесінде осы көрсеткіш кемімей, сақталса, жылжымайтын мүлік нарығы орнықты дамыса, онда БҰҰ стандартына еліміз тоғыз жылдан кейін сай келетін болады деп болжануда.   

Тарата айтар болсақ, 2014 жылы әрбір қазақстандыққа шаққанда, елімізде 23,4 шаршы метр тұрғын үй қоры болған. 2015 жылы ол 24,4 шаршы метрге өскен, ал былтыр 25,1 белгісіне жеткен.

Биылғы жылы 25,8 межесі алынады деп күтілуде. Алдағы жылы бұл әр адамға шаққандағы шаршы метр көлемі еліміз бойынша 26,4-ке, 2019 жылы – 26,9-ға, 2020 жылы – 27,5-ке, 2021 жылы – 28-ге, 2022 жылы – 28,4-ке, 2023 жылы – 28,9-ға, 2024 жылы – 29,3-ке, 2025 жылы 29,7-ге, ақыр соңында 2026 жылы – 30 шаршы метрге жетеді деп күтілуде.

Әрине, бұл ретте ел тұрғындарының барлығы бірдей баспана сатып алуға мүмкіндігі жетпеуі мүмкін. Жүз пайыз тұрғын үймен қамту дамыған елдерде де кездеспейді. Бірақ халықтың әл-ауқаты көтерілген сайын пәтер сатып алуға немесе жеке үй салып алуға қабілетті азаматтар саны арта береді деп тұспалдануда.

Ал әзірше, бұл нарық бірте-бірте көп жылғы дағдарыстан шығып келе жатқанға ұқсайды. Қазақстанның үй салушылар қауымдастығының мәліметінше, 2017 жылдың бірінші жартысында еліміз бойынша 16 мың 604 жылжымайтын мүлік сатылған. Осылайша, былтырғы жылғы ұқсас кезеңнен бірден 28,3%-ға артып отыр. Бұл ретте өткен айда баспана саудасының көрігі алдыңғы айдағыдан тағы 10,6%-ға қыза түскен көрінеді.

Қауымдастық ағымдағы жыл соңына дейін шамамен 32-35 мың сату-сатып алу мәмілесі жасалады деп болжауда. Егер бұл болжам шындыққа айналса, 2016 жылғы көрсеткіштен 20-25%-ға жоғары болады. Өткен жылы 26 114 баспана сатылған. Қалай болғанда, дамудың оң үрдісі көзге ұрып тұр.

Сатылған-сатып алынған тұрғын үй мәмілелерінің саны

Қауымдастық мамандары әсіресе, Астанадағы тұрғын үй нарығына ЭКСПО-2017 халықаралық көрмесі серпін бергенін атап көрсетеді. Ол өз кезегінде бүкіл қаланың, сондай-ақ шағын және орта бизнестің дамуына ықпал етті.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметі бойынша, дәл қазір Астанада 96 мың 242 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі нақты жұмыс жасап тұр. Яғни, былтырғы жылдың тиісті кезеңімен салыстырғанда, 4,8%-ға артқан. Осы жылы олар шығарған өнім көлемі де өткен жылмен салыстырғанда, 30 пайыздайға артқан. 

Әлемдік көрме елордадағы ЭКСПО көрме-кешеніне жақын жатқан жер телімдерінің қарқынды игеріліп, онда жаңа, заманауи тұрғын үй кешендерінің бой көтеруіне жол ашты. Осылайша, бірер жыл бұрын жел асыр салып, қаңбақ қаңғыған қала шеті инфрақұрылымы дамыған жаңа ауданға айналып шыға келді.

Қауымдастық мамандары 2018 жылы еліміз бойынша тұрғын жайға деген сұраныс және тиісінше, оған деген баға да өседі деп күтуде. Оған әлгінде айтылғандай, жайлы өмір сүруі үшін әр қазақстандыққа қажетті отыз шаршы метрлік межеге әлі жетпеу де себеп. Халықтың осыған ұмтылуы нарықты да ілгері сүйреуге тиіс. 

"Қазіргі уақытта тұрғын үй нарығы рецессиядан шығуға ден қойды. Жылжымайтын мүлік бағасы осы кезге дейін төмендеді, "құздың түбіне" дейін жетті, енді өсу кезеңіне көшуге әзірленуде. 2018 жылы ел экономикасының тұрақты өсуі, халықтың төлем қабілеттілігінің жақсаруы күтіледі. Бұл сапалы және заманауи тұрғын үйге деген сұранысқа дем береді. Осыған байланысты жылжымайтын нарықта да бағаның шамалы өсуі болжанады. Атап айтқанда, 2018 жылдың мамырының соңына қарай орташа баға әр шаршы метр үшін қайталама нарықта – 4-5%-ға немесе 355 мың теңгеден жоғарыға, ал бастапқы нарықта жаңа тұрғызылушы тұрғын үй бағасы 6-7%-ға (321 мың теңгеден жоғарыға) өседі деп тұспалданып отыр. Қаражатқа шаққанда, жылжымайтын мүлік нарығында әр шаршы метр құны шамамен 15-19 мың теңгеге өсуі мүмкін", – деп хабарлайды Қазақстанның үй салушылар қауымдастығы.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу