Енді еуразиялық одақ елдері Ресей қадамын бағады

Бақыт Көмекбайұлы Бақыт Көмекбайұлы
3734

Әлемдік "қара базарда" Қазақстанның басты нарығы болып табылатын солтүстік көршіміз алдағы қараша айынан бастап, мүлдем басқа "экономикалық шынайылыққа" кіретін болды.

Енді еуразиялық одақ елдері Ресей қадамын бағады

Бұл күндері Батыстың Ресейге қарсы санкциялық қысымы тарихта болмаған жаңа деңгейге көтерілуде. АҚШ президенті Дональд Трамп Ресей, Иран және Солтүстік Кореяға қатысты қатайтылған санкциялардың орындалуына басымен жауапты тұлғаларды анықтады. Сарапшылардың айтуынша, мұндай қадамға тіпті Барак Обаманың әкімшілігі де бармаған-тын. Сонымен, Трамп мырзаның жарлығы бойынша осы үш елге қатысты санкцияларды қатайту туралы заңның орындалуы бойынша жауапкершілік АҚШ мемлекеттік хатшысы Рекс Тиллерсон, қаржы министрі Стивен Мнучин және ұлттық барлау директоры Дэниэл Коутс арасында нақты бөлініп отыр. Осы орайда аталған тұлғаларға тиісті өкілеттіктер де берілді.

Атап айтқанда, Рекс Тиллерсон ресейлік қаржылық ұйымдарға қарсы енгізілген жаңа шектеулердің қолданылуына жауапты. Ол осы бағыттағы дүниежүзі бойынша барлық шараларға жетекшілік ететін болады. 

Бұл ретте мемлекеттік хатшы Америка Құрама Штаттарының ұлттық қауіпсіздігі мүдделеріне жауап беретін жағдайларда бірқатар жеңілдіктер жасау уәкілеттілігін де иеленді. Жалпы алғанда, жаңа заңның көптеген талаптарын іске асыруда ақырғы шешімді Рекс Тиллерсон, Стивен Мнучин және Дэниэл Коутс тек тығыз ынтымақтастықта қабылдауға міндеттелді.

Осының қарсаңында АҚШ ресейлік банктер мен энергетикалық компанияларға қарсы санкцияларды ары қарай қаталдандыратынын жариялады. Дональд Трамп қол қойған жаңа заңға сәйкес, аса ауыр санкциялық соққы солтүстік көршімізге биылғы 28 қарашадан бастап, жасалады.

Атлант мұхитының ар жағындағы әлемдік державаның санкциялар туралы актісі осы күннен бастап, ресейлік банктерге  –14 күннен, ал ресейлік мұнай-газ секторындағы компанияларға 60 күннен артық мерзімге кредит беруге тыйым салмақ. Бұған дейін Обама тұсында енгізілген санкциялар бойынша бұл мерзімдер тиісінше 30 және 90 күнді құраған болатын. Осы секторлардағы ресейлік компаниялар мен олармен іс жүргізетін қазақстандық бизнес орта айлар бойы дәл осы мерзімдерге бейімделіп қалған еді.

Енді міне, РФ-ға жаңа, әрі аса қысқа мерзім кесіліп отыр. Кез келген бизнесмен жақсы біледі, ірі көлемдегі қарызды екі аптада кері қайтару мүмкін емес нәрсе. Әлдебір заңсыз "пирамида" болмаса, бірде бір кәсіп түрі осынша қысқа мерзімде соған қажетті айналым бере алмайды.

Былтыр сайлауалды үгіт-насихаттарында Ресейге қатысты оң көзқарас танытқан қазіргі АҚШ президенті Дональд Трамп америкалық заң шығару билігі қабылдаған санкцияларды қатайту туралы жаңа заңды сынға алды, бірақ оған вето қою құзырын пайдаланбады: 2 тамызда оған қол қойды. Осылайша, ресейлік бизнестің соңғы үміті өшті.

Бұл құжаттың аса ауырлығын тек ресми Мәскеу ғана емес, Еуропалық одақ елдері де ашық мойындады. Бірақ 2014 жылдан бері Ресейге қарсы санкциялар енгізген барлық еуропалық және азиялық елдердің ешқайсысы америкалық қадамға қарсы шықпады.

Ол ол ма, экономистердің байламынша, АҚШ енгізген жаңа санкцияларды барлық дамыған озық елдердің бизнес ортасы қалтқысыз сақтайтын болады. Өйткені егер олар бұл талаптарға қайшы іс-қимыл жасаса, америкалық нарыққа және биржаға шығу мүмкіндігінен айырылып қалады, не кейін айыппұл төлеуге мәжбүрленеді. Тіпті санкцияға қосылмаған Қытайдың өзінде қаржылық ұйымдардың ресейлік компанияларға заем беруден бас тарту оқиғалары тіркелуде.

Қазіргі кезде ресейлік бизнес құлақшекеден соққы алған дел-сал күйде. Дмитрий Медведев үкіметі де үнсіз. Тек РФ сыртқы істер министрінің орынбасары Сергей Рябков АҚШ-тың қатайтылған жаңа санкциялар топтамасына қарсы жауабы ретінде Мәскеу өз шараларын пысықтап жатқанын хабарлады. "Біз жауап беруге мәжбүрміз" – РФ сыртқы саясат ведомствосының ресми мәлімдемесі осындай болды.

Ресейлік билік дәліздеріне жақын саясаткер Дмитрий Евстафьев өз елінің жауап шаралары экономикалық салаға қатысты болуы ықтимал екенін айтады.

"Бұл санкциялар өз бизнесі бар президент Дональд Трамп пен оның айналасындағылар үшін өте ауыр соғар экономикалық мәселелерді қамтуы мүмкін. Атап айтқанда, америкалық компаниялардың ресейлік экономиканың жекелеген салаларында жұмыс жасауына тыйым салынуы ғажап емес. Сондай-ақ бұл қандай да бір америкалық басты компанияларды Ресейдегі ірі меншігіне қолжетімділігін шектеуге ұласуы ықтимал", – дейді саясаткер.

Ал ресейлік белгілі экономист, стратегиялық бастамалар орталығының басшысы Алексей Кудрин бұл санкциялар бірінші кезекте, Ресейдің бедел-имиджін құлдырататынын білдірді.

"Бұл санкциялар Ресейді Иран және КХДР секілді елдермен бір қатарға қойды, тиісінше, ол енді имидждік тәуекелдер әкеледі. Экономикалық ашықтығы бойынша Ресейді бұл елдермен салыстыру қиын. Әрі әлемде кез келген мемлекет үшін тізімде Солтүстік Кореямен қатар тұру ұнамсыз жағдай. Тиісінше, Ресей енді беделіне қатысты сын-тегеуріндерге әзірленуі қажет", –  дейді Алексей Кудрин. 

Яғни, алдағы айда қатаң санкциялар күшіне енген соң, РФ-ның инвестициялық рейтингіне нұқсан келуі ғажап емес. Халықаралық бизнес әлемінде КХДР-мен қатар тұрған елде филиал ашу арланатын, ұялатын жайтқа айналуы кәдік. 

Оның үстіне экономист тағы бір маңызды жайтқа назар аудартты: бұрындары санкциялар президенттік акт түрінде енгізіліп келген, енді бұл заңға айналып отыр. Демек, "Вашингтон Ресейді және онымен жұмыс жасайтындарды қатаң жазалауға салмақты түрде ден қойды". Ал қатал санкциялардың заң түрінде рәсімделуі олардың мерзімін ұзақ жылдарға, Алексей Кудриннің байламынша, тіпті ондаған жылдарға ұзатып отыр: АҚШ-та бірде бір президент өз бетінше қандай да бір заңның күшін жоя алмайды.

Бұл ретте сарапшылар еврей ұлтындағы адамдардың шетелге көшуіне шектеу қойғаны үшін Кеңес одағына қарсы енгізген АҚШ-тың санкциялық заңы – "Джексон-Вэник" түзетуін (Jackson–Vanik amendment)" еске салады. КСРО ширек ғасыр бұрын келмеске кетті, бірақ Америка мәселен, біздің шикізат өндірушілерді өз нарығына жібермеу үшін бұл түзетулерді Қазақстанға қатысты әлі күнге күшінде сақтап отыр.

Сарапшылардың байламынша, солтүстік көршінің иығына түсер жаңа зілбатпан ауыртпалықтарға Қазақстан да дайын отырғаны жөн. Себебі, Ресей Федерациясы еліміз үшін басты нарық болып табылады. Біз тіпті еуразиялық экономикалық одақты да осы алып нарықты барынша игеру үшін құрдық. Бірақ бұлай бара берсе, қатаң импорталмастыруға ден қойған Ресей тіпті де алып емес, жабық нарыққа айналатын түрі бар.

Ұлттық экономика министрлігінің статистика комитетінің мәліметінше, 2016 жылы Қазақстанның бүкіл әлеммен сыртқы сауда айналымы 62 миллиард долларды құраған. Бұл 2015 жылғы көрсеткіштен 19%-ға төмен. Оның ішінде біз өткізген экспорт – 36,8 млрд доллар (төмендеу – 20%), ал елге тасыған импорт – 25,2 млрд доллар (төмендеу – 17,6%) болды.

Бұл тауар айналымда Ресей бірінші орынды алады: оның үлесінде 12 миллиард 639 млн доллар немесе 20,4%. Бірақ бұл сауда-саттық 2015 жылғыдан 16,2%-ға кеміген. Қазақстанның Ресейге экспорты 3 миллиард 509,2 млн долларды құрап, 2015 жылғы қаңтар-желтоқсандағы көрсеткіштен бірден 22,7%-ға құлдырады. Ал РФ бізге 9 миллиард 129,8 млн. долларға тауарларын өткізе алған (төмендеу – 13,3%).

Мұның сыртында Қазақстан мен Ресей компаниялары мұнай-газ секторында және басқа да салаларда еліміздегі көптеген кен орындарын бірлесе игеруде. Енді заемдық қаражаттар ағыны суалғандықтан, оларға инвестиция құятын компаниялар адымдарын кең аша алмай қалуы ықтимал. Экономистер бұл тығырықтан шығар жол ретінде ресейлік компанияларға Қазақстанда резидент ретінде қайта тіркелуді, яғни "қазақстандық компанияға" айналуды ұсынады. Сонда олар америкалық санкцияларды айналып өтер еді.

Оның үстіне таяуда ақпарат құралдарына арнап, баспасөз конференциясын өткізген елбасы Нұрсұлтан Назарбаев америкалық бұл санкциялардың Қазақстанға таратылмайтынына президент Дональд Трамптың кепілдік бергенін мәлімдеген болатын.

Алайда ресейлік компаниялардың жаппай "қазақстандық тіркеуге" тұруына РФ үкіметі қарсы: ол онсыз да бюджеттік кіріс азайып жатқанда, салық төлеушілердің көршіге кетуіне жол бере алмайтынын анық білдірді және мұны болдырмау жөнінде губернаторларға тапсырма берілген.

Сарапшылар әзірге америкалық санкциялардың Қазақстанға жанама әсерлерін бағалауда. Мәселен, АҚШ қатайтылған санкциялар топтамасын қабылдауға кіріскенде, ұлттық валютамыздың бағамы құлдырай бастады. Нәтижесінде, биылғы 27 шілдеде 325,6 межесінде болған бағам бүгінде "1 доллар = 341 теңге" көрсеткішіне жетті. Бұл жерде тіпті 2015 жылдан бері алғаш рет бір бөшкесі 59 долларға дейін қымбаттаған "қара алтын" да теңгенің нығаюына ықпал ете алмады. 

"Цесна Капитал" сарапшысы Дархан Лұқпанов "санкциялық хикаяның екінші раунды" жаңа ғана басталғанын айтады.

"Ресейге қарсы санкциялардың жаңа жиынтығы банк және мұнай-газ секторларын қамтымақ. Әзірге сауда санкцияларын кеңейту туралы сөз болып отырған жоқ. Демек, қазақстандық тауар өндірушілер үшін қандай да бір өзгерістер күтілмейді", – дейді ол.

Ал Astana Best Consulting Group экономисі Арман Байғановтың байламы бұған қарама-қайшы.

"Басқаша айтсақ, көрші елдегі қиыншылықтар екіншісіне міндетті түрде әсер етеді. Еуразиялық одақ елдеріне енді Ресейдің қимылын бағып, соған қарай іс қылуға тура келеді. Естеріңізде болса, алғашқы санкциялардан кейін Ресей өз рубліне девальвация жасады. Ал Қазақстан бұл қадамға бірден барған жоқ, салдарынан, ресейлік тауарлар біздің нарыққа тасқындай құйылды, бұдан отандық бизнес зардап шекті. Бірақ біз Ресейден бұрын теңгені құнсыздандырып жіберсек, қазақстандық тауарлар көршінің нарығын толтырып тастай алмас еді, оның орнына ішкі нарығымызда тапшылық туындап, бағалар қымбатшылығы басталатын еді. Ендеше елдерімізге енді ұқсас қаржылық саясат жүргізуге тура келеді. Әйтпесе, Ресей тағы да біздің нарықты өз өнімдерімен басып-жаншып тастайтын болады", – деп түйді экономист. 

Айта кетер жайт, ұлттық экономика министрі Тимур Сүлейменов санкциялардың салдары үкіметте әлі қаралмағанын хабарлады.

"Бұл мәселе әзірге талқыланған жоқ. Біз бұған қажеттілікті де көріп отырған жоқпыз. Біз елдеріміз арасындағы ақша-кредиттік саясатты, қаржылық саясатты анағұрлым тығыз үйлестіруге деген қажеттілікті көріп отырмыз. Бұл аса маңызды. Қазір шекараларымыз ашық, экономикаларымыз өзара байланысты. Демек, бір елге қатысты жағдай басқа елге әсер етеді", – деді еліміздің экономика министрі.

Ол сондай-ақ бұл жағдайда ЕАЭО аясында ортақ валюта енгізуге деген қажеттіліктің жоқтығын мәлім етті.

Қаржыгерлер де, экономистер де бұл ойды жақтайды. Өйткені қазіргі жағдайда ортақ валюта қабылданса, оны бірден санкциялық ауыртпалық езіп тастайтын көрінеді.

Бақыт Көмекбайұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу